Біржан мен Сара айтысы – қазақ сөз өнерінің биік шыңы

0
40

Қазақ даласында сөз қадірі ел қадірімен қатар тұрған. Домбыраның қос ішегіне халықтың қуанышы мен қайғысы, арманы мен аңсары, замана шындығы мен адам тағдыры сыйған. Суырыпсалма ақын үшін өлең – өнер көрсету ғана емес, елдің көкейіндегі ойды дөп басып айту, қоғамның мінін сынау, адамның мұңын көпке жеткізу еді. Осындай дәстүрдің биік белесіне көтерілген шығармалардың бірі – Біржан сал Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызының айтысы.

Сол дәстүрдің үздік үлгісі болған айтысқа биыл 155 жыл. Біржан мен Сара айтысы қазақтың айтыс өнеріндегі көркемдік қуатымен ғана емес, көтерген әлеуметтік ойының тереңдігімен де ерекшеленеді. Мұнда екі ақынның шеберлігі сынға түсіп қана қоймайды. Екі түрлі тағдыр, екі түрлі болмыс, екі өңірдің өнер дәстүрі тоғысып, бір дәуірдің шындығы сөзбен өрнектеледі. Айтыстың негізгі желісінде әйел тағдыры, адам еркіндігі, ел ішіндегі әлеуметтік қатынастар, өнер иесінің қоғамдағы орны секілді мәселелер қатар өріледі.

Сара Тастанбекқызы – Жетісу өңірінен шыққан аса талантты ақын. Ол жастайынан домбыра ұстап, өлеңге ерте араласқан. Сөзге жүйріктігімен, ойының батылдығымен елге танылған Сараның шығармашылығында әйел тағдыры, еркіндік, өмірдің қайшылығы мен адам жанындағы арман-мұң айрықша орын алады. Сараның тағдыры – сол кезеңдегі қазақ әйелінің тағдырын танытатын көркем бейненің бірі. Өз өміріне қатысты күрделі мәселелерді ашық айтуы оның ақындық батылдығын көрсетеді. Ол әйелдің мұңын жасырып қалмай, оны сөз өнерінің биігіне көтере білді. Осы арқылы жеке бастың қайғысы қоғамдық мәселеге айналады. Сараның айтқаны – бір адамның ғана зары емес, өз таңдауын жасауға мүмкіндігі шектеулі әйелдердің үнсіз қалған арман-тілегінің көрінісі. Оның ақындық өнері нәзік сезіммен ғана шектелмей, әлеуметтік шындықты ашық айтуымен құнды. Біржанның Жетісуға келіп, Сарамен сөз қағыстыруы – қазақтың ақындық дәстүріндегі айрықша оқиға. Айтыс 1871 жылы Қапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде өтеді . Ал оның мәтіні кейін хатқа түсіп, 1898 жылы Қазанда Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының құрастыруымен алғаш рет жарияланғаны жөніндегі дерек бірқатар еңбекте нақтыланады. Кейін айтыстың өзге нұсқалары да жарық көрген.

Біржанмен болған айтыс Сараға ең алдымен екі есім қалдырды: ел аузында «Жетісудың бұлбұлы» атанған ақындық даңқ және әйел тағдырының тар шеңберінен шығуға ұмтылған азаттық үні. Сондықтан Біржан мен Сара айтысын бір ақынның жеңісі, екіншісінің жеңілісі ретінде қабылдау жеткіліксіз.

Айтыстың кейінгі өнерге ықпалы да айрықша болды. Біржан мен Сараның көркем бейнесі сахнаға жол тауып, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсына негіз болды. Композитор бұл шығарманы 1944 жылы жазды. Осылайша ХІХ ғасырдағы ақындар айтысы ХХ ғасырдағы кәсіби музыка өнерімен қайта қауышып, ұлттық мәдениеттің басқа бір биігінде жаңғырды.

Біржан мен Сара айтысы – ұлттық өнердің айнасы, халықтың тарихы мен рухын, еркіндікке деген ұмтылысын танытатын құнды мұра. Осыған орай, 11 қыркүйек күні сағат 11:00-де Қапал ауылдық мәдениет үйінде Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Біржан мен Сара айтысының 155 жылдығына арналған «Біржан мен Сара айтысы – ұлттық өнердің айнасы» атты жас ақындар айтысы өтеді. Біржан мен Сарадан бастау алған ұлы сөз додасының рухын жаңғыртқан жас ақындар айтысын бірге тамашалайық!

 

Айдана Айдарқызы,

Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі