қысқа да нұсқа

0
38

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ
БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары лауазымына қайта тағайындалды.
Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы экономист болып бастаған.
Ол әр жылдары «ҚазТрансОйл», «KEGOC» компанияларында басшылық қызметтер атқарып, энергетика саласында мол тәжірибе жинақтады. 2001–2007 жылдары «KEGOC» АҚ президенті болды.
Бозымбаев Жамбыл, Павлодар және Алматы облыстарының әкімі қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрі, Президент көмекшісі және Президент кеңесшісі болды.
2024 жылғы 31 наурызда Премьер-министрдің орынбасары қызметіне алғаш тағайындалған еді. Енді Мемлекет басшысының жаңа Жарлығымен бұл қызметке қайта оралды.

ХАЛЫҚ САНЫ 20,6 МИЛЛИОННАН АСТЫ

Қазақстан халқының саны жыл басынан бері 105 мыңға жуық адамға өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ел тұрғындарының саны 20 604 819 адамды құраған. Жыл басында бұл көрсеткіш 20,5 миллионға жуық еді.
Қазір елімізде 10,5 миллионнан астам әйел және 10 миллионға жуық ер адам тұрады. Халықтың басым бөлігі қалалық жерлерде шоғырланған. Жеті айда қала халқы 126,6 мың адамға көбейіп, 13,2 миллионнан асты. Ал ауыл тұрғындарының саны 21,6 мың адамға азайып, шамамен 7,4 миллионды құрады.
Халық саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – мұнда 2,3 миллионға жуық адам тұрады. Одан кейін Түркістан облысы, Астана, Алматы облысы және Шымкент қаласы келеді.
Жалпы, статистика Қазақстанда қала халқының үлесі артып, ауыл тұрғындарының саны біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл елдегі урбандалу үдерісінің жалғасып отырғанын аңғартады.

EGOV ЖАҢА ҚЫЗМЕТІН ІСКЕ ҚОСТЫ

Енді азамат шұғыл жағдайда ауруханаға түссе, бұл туралы алдын ала өзі таңдаған жақындарына SMS арқылы хабар беруге болады. Жаңа сервис адам өздігінен байланыса алмай қалған кезде әсіресе тиімді.
Ол үшін eGov порталында «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметі іске қосылды. Азамат жүйе арқылы үш адамға дейін сенім білдірілген байланыс ретінде тіркей алады. Олар 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы керек.
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, қажетті қызметті таңдап, сенім білдірілген адамның ЖСН-ын енгізу қажет. Көрсетілген адамға SMS жіберіледі. Ол хабарламаны растау үшін 911, ал бас тарту үшін 912 кодын жібереді. Шешім қабылдауға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі.
Тіркеу расталғаннан кейін ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне жіберіледі. Өтінішті өңдеу 10 минутқа дейін созылады. Қызметтің мәртебесін eGov-тегі жеке кабинеттен бақылауға болады.
Жаңа сервис жол апаты, кенеттен сырқаттану сияқты күтпеген жағдайларда адамның жақындарын дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді.

АУДАРЫСПАҚТАН АЛҒАШҚЫ АЛТЫН МЕДАЛЬ АЛДЫ

Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Аударыспақтан сынға түскен Кәрім Нұрталап финалда қырғыз балуанын жеңіп, жарыс чемпионы атанды.
Осылайша, спортшы еліміздің қоржынына VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы алтын жүлдесін салды.
Аударыспақ – ат үстінде күш пен ептілікті, тепе-теңдікті сақтауды және атты шебер басқаруды талап ететін қазақтың ұлттық ат спорты.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуде. Биылғы додаға әлемнің 113 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып, спорттың 43 ұлттық және дәстүрлі түрінен бақ сынауда.
Негізгі жарыстар Ыстықкөл облысының Шолпан-Ата қаласы мен көл маңында ұйымдастырылуда. Көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты 6 қыркүйекте өтеді.

ТАЗЫ КҮНІ

Елімізде биыл алғаш рет тазы күні аталып өтіледі. Халқымыздың танымындағы айрықша орны бар осы екі тұқымға қатысты олардың мәртебесін көтеру, сол арқылы ұлттық санамызды бекіте түсу идеясын алғаш Мемлекет басшысы көтерген еді.
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев тазыға ерекше мән беру жайында әңгіме қозғағаны есімізде. Ал осыдан тура бір жыл бұрын қазақы тазы тұқымын ұлттық бренд әрі мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі ретінде халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауды тапсырды.
Тазы тұқымын дамыту және бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу сияқты бағыттардан тұратын бұл іске Қазақстан кинологтар одағымен қатар мемлекеттік органдар да белсенді атсалысуға тиіс екенін қадап айтқан бо-латын. Соған байланысты Үкіметтің 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, жаңа мереке 3 қыркүйекке қойылды. Осыдан екі жыл бұрын Амстердамда қазақ тазысы алдын ала танылып, Қазақстанға стандарт иесі мәртебесі берілген еді. Дегенмен халықаралық деңгейде толық тану 2034 жылдан кейін ғана бітеді.

«Ақпараттар ашық дереккөздерден алынды)