ҚЫЗЫЛТАСТА ЖАҢА ЭКОПАРК АШЫЛАДЫ
Талдықорғанда табиғат пен тарих тоғысқан «Қызылтас – Тасбақа» экопаркінің алғашқы кезеңі 5 қыркүйекте ашылады. Жаңа туристік нысан қала тұрғындары мен қонақтарына табиғи көрікті жерлерді тамашалап, тарихи мұрамен танысуға мүмкіндік береді.
Ашылу салтанаты сағат 10:00-де басталады. Ал шараға қатысушылар үшін сағат 09:00-де Қызылтас саяжайындағы автобус аялдамасынан велошеру ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, шатқалдағы көне петроглифтерге экскурсия, экологиялық акция, қолөнер жәрмеңкесі, этно-дефиле, ұлттық ойындар және басқа да шаралар өтеді.
Экопаркті жаңғырту жұмыстары үш кезеңге жоспарланған. Шатқал аумағында сақ дәуіріне тиесілі қорымдар мен 2 мыңнан астам петроглиф бар. Алдағы уақытта бұл жерді шетелдік туристер де қызығатын тартымды орынға айналдыру көзделіп отыр.
Ашылу күні тұрғындар мен қонақтарға арнайы автобустар қатынайды. Сағат 08:00-ден бастап олар «Dodo Pizza» алдынан және «Самал» шағын ауданындағы «Тоймарт» супермаркеті аялдамасынан жолаушыларды қабылдап, сағат 09:00-де экопаркке қарай жолға шығады.
Табиғат аясында серуендеп, көне тарихтың ізі қалған мекенмен танысқысы келетін қала тұрғындары мен қонақтарды жаңа экопарктің ашылуына шақырамыз.
Өз тілшіміз
