ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ САЛАСЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?
Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мамандары 2026 жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі көрсеткіштерді таныстырды.
Баспасөз мәслихатына Департамент басшысының міндетін атқарушы Сейсембек Булебаев пен бөлім басшысы Олжас Койчибаев зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері, медициналық-әлеуметтік сараптама, арнаулы әлеуметтік қызметтер және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
– Бүгінде Жетісу облысында 282 мыңнан астам адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, осы азаматтарға ай сайын 20 млрд 467 млн теңгеден астам қаражат төленеді.
Облыста жасына байланысты зейнеткерлердің саны 98 241 адамға жеткен. Сонымен бірге 22 255 отбасы көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Оларға ай сайын 1 млрд 748,1 млн теңгеден астам қаражат төленеді. Жәрдемақы көлемі отбасындағы бала санына қарай сараланады. Мәселен, төрт баласы бар отбасыларға ай сайын 69 330 теңге берілсе, сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді, — дейді Сейсембек Булебаев.
Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың бір санаты – мүгедектігі бар адамдар. Қазіргі таңда облыста мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын 18 808 адам бар. Оның мөлшері мүгедектік тобына, мүгедектіктің себебіне және күнкөріс деңгейіне қарай белгіленеді екен. Сала маманы биыл I топқа — 111 873 теңге,
ІI топқа – 89 498 теңге,
III топқа — 61 022 теңге төленіп жатқанын да айта кетті.
Асыраушысынан айырылған азаматтарға да мемлекеттік қолдау қарастырылған. Қазір облыста мұндай жәрдемақыны 7 717 адам алады. Отбасы мүшелерінің санына байланысты төлем мөлшері де өзгеретін көрінеді. Мысалы, ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға берілетін жәрдемақы бір балаға 78 311 теңгеден басталып, балалар саны артқан сайын көбейеді.
Әлеуметтік төлемдермен қатар, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі де сараланды. Департамент биылғы жылдың сегіз айында 17 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 30 465 қызмет көрсеткен екен. Оның 24 998-і зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындауға қатысты болса, 5 467 қызмет медициналық-әлеуметтік сараптама саласында көрсетілген.
Айта кетерлігі, медициналық-әлеуметтік сараптама бағытында бірқатар өзгеріс болған. Оның ішінде, 2 880 адам көзбе-көз куәландырылса, 2 587 азамат сырттай форматта куәландырылған. Яғни, азаматтың барлық жағдайда сараптамаға жеке келуі талап етілмей, денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандар үшін қолайлылық береді.
Сырттай проактивті куәландыруды кеңейту арқылы азаматтың уақытын үнемдеп қана қоймай, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Биыл сегіз айда сырттай форматта куәландырылған азаматтардың үлесі 47 пайызды құрады. Бұл белгіленген 45 пайыздық нысаналы индикатордан жоғары.
– Жалпы, облыстағы мүгедектігі бар адамдардың саны — 25 824, ол облыс халқының 3,8 пайызына тең. Оның ішінде
I топтағы 2 885, II топтағы 10 137, III топтағы 9 266 адам бар. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 3 536 бала есепте тұр. Олардың
1 059-ы жеті жасқа дейінгі балалар болса, 2 477-сі жеті жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер.
Мүгедектіктің алдын алу және оның ауырлауына жол бермеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Биылғы жылдың сегіз айында облыста 1 175 адам алғаш рет мүгедек деп танылған. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 1 121 адам болған. Осылайша, алғашқы мүгедектік көрсеткішінде 4,6 пайыздық өсім байқалады, — дейді басшысының міндетін атқарушы
Аталған көрсеткіш бойынша, ересектер арасында алғашқы мүгедектікке қанайналым жүйесінің аурулары, қатерлі ісік, түрлі жарақаттар мен тірек-қимыл жүйесі аурулары себеп болған. Ал балалар арасында психикалық және мінез-құлық бұзылысы, туа біткен даму ақаулары, деформациялар мен хромосомалық аномалиялар, жүйке жүйесі және эндокриндік аурулар басым екен.
Бұл ретте медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелерін жақсарту үшін Департамент пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Нәтиже де бар. 2026 жылдың сегіз айында толық оңалту көрсеткіші 8,8 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 7,3 пайыз болған. Ішінара оңалту көрсеткіші де 20,9 пайызға жетіп, өткен жылғы 17,3 пайыздан өскен. Ал мүгедектік дәрежесінің ауырлау көрсеткіші керісінше төмендеп, 6 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,3 пайыз болған.
– Денсаулық сақтау басқармасы және медициналық ұйымдардың дәрігерлік-консультациялық комиссияларымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде биыл медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізсіз жолданған 32 жағдай анықталған. Былтыр мұндай жағдай 35 болған. Демек, негізсіз жолдау саны 8,6 пайызға азайған, — деді Олжас Койчибаев.
Департамент азаматтардың өтініштерін де қарайды. Жыл басынан жеке және заңды тұлғалардан 402 өтініш түскен екен. Оның 340-ы Департамент тарапынан қаралса, 55 өтініш құзыреттілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданыпты. Ал азаматтардың мәселесін тікелей тыңдау бойынша басшылықтың жеке қабылдауында 32 азамат болған. Қаралған өтініштер медициналық-әлеуметтік сараптамаға және зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты дейті мамандар.
Әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау жұмыстары да жалғасып, сегіз айда 28 тексеру жүргізіліп, 56 заң бұзушылық анықталған. Оның 17-сі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласына, 11-і объектілердің қолжетімділігіне қатысты болған. Тексерулердің 17-сі профилактикалық бақылау тәртібінде, алтауы жоспардан тыс жүргізілсе, бесеуі облыстық прокуратураның талап етуімен өткізілген.
–Анықталған бұзушылықтардың ішінде реабилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына қатысты — 23, арнаулы әлеуметтік қызметтер бойынша — 23 және қолжетімділік мәселесіне қатысты — 10 жағдай бар. Заңнама талаптарын бұзған 21 субъектіге бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама енгізілген. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 10 іс қаралып, нәтижесінде жалпы сомасы 2 млн 313 мың теңге айыппұл салынған. Айыппұлдар бюджетке толық өндірілген, — дейді бөлім басшысы.
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қойылатын талап та күшейіп келеді. Соның бірі – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай қызмет көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау талабының енгізілуі. Бүгінде облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 30 ұйымның барлығы лицензия алған. Оның 25-і мемлекеттік, бесеуі үкіметтік емес ұйым. Жалпы жобалық қуаты 4 047 орынға есептелген. Ұйымдар азаматтарға әртүрлі форматта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, тоғыз ұйым жартылай стационар, жетеуі стационар, екеуі уақытша болу, 14 ұйым үйде қызмет көрсету жағдайында жұмыс істейді. Тағы екі ұйым бірнеше форматта қызмет көрсетеді.
Жиын соңында қос маман: «Биыл жаңа талаптар да күшіне енді. 2026 жылғы бірінші шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексіне байланысты құрылыс процесіне қатысушылардың объектілердің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта талаптарына сәйкестігіне қатысты жауапкершілігі күшейтілді. Аяқталған нысанның бекітілген жобаға және мемлекеттік нормативтерге сәйкестігін растайтын құжаттардың бірі – сәйкестік туралы декларация. Бүгінде Департаментке келісу үшін төрт сәйкестік туралы декларация келіп түскен. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», — деген жаңалықтарымен бөлісіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Дайындаған Гүлнұр Баймұхан
