ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ
Жылыту маусымы жақындаған сайын тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне қойылатын талап та күшейеді. Осыған орай Жетісу облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті алдағы қысқа дайындық барысын пысықтап, өрттің алдын алу шаралары туралы ақпарат берді. Департамент қызметкерлері «2026-2027 жж. жылыту кезеңіне дайындық» тақырыбында баспасөз алаңында баяндама жасады.
Жетісу облысында жыл басынан бері 261 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Өрт салдарынан 7 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алған. Сонымен қатар улы газдан 3 адам көз жұмған.
Өрттің басым бөлігі тұрғын үйлерде болады. Мамандардың мәліметінше, облыстағы өрттердің 70–80 пайызы тұрғын үй секторына тиесілі, оның едәуір бөлігі жылыту кезеңінде тіркеледі. Сондықтан алдағы қысқа дайындық қазірден басталып отыр.
Өткен 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында оң динамика байқалған. Өрт саны 26 пайызға, қаза болғандар саны 35,7 пайызға азайған. Дегенмен зардап шеккендер саны 42,9 пайызға өскен.
Талдау көрсеткендей, өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарын пайдалану талаптарын бұзу және пеш орнату кезінде өрт қауіпсіздігі арақашықтығын сақтамау. Әсіресе электр желілері мен пештері әбден тозған 60–80 жылдары салынған үйлерде қауіп жоғары.
Осыған байланысты облыста 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілді. 15 тамыз бен 1 қазан аралығында «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізіліп жатыр. Оның аясында мамандар әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, қажетті жағдайда нақты көмек көрсетуде.
Өткен жылыту маусымында облыстағы 131 мыңнан астам тұрғын үй түгелге жуық қамтылып, 250 мыңнан астам адамға өрт қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне 2 463 түтін және улы газ анықтағыш датчик орнатылған. Биыл да бұл жұмыс жалғасады.
Мамандар тұрғындарға қыс түскенше пештерді тексеріп, мұржаларды тазалауды, жарықтарды бітеуді және ескі электр сымдарын ауыстыруды ескертеді. Өрт қауіпсіздігіне қатысты күнделікті ақпаратты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасынан да алуға болады.
Дайындаған Гүлнұр Баймұхан
