ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЕСКЕ ТҮСКЕН БЕЙНЕЛЕР

0
33

          Мектеп оқушылары мен ұстаздар үшін тағы бір жаңа жыл – жаңа 2026–2027 оқу жылы келді. Мектепке қатысы барлар ғана емес, бұл күні мектеп табалдырығын аттаған әрбір жанның толқитыны даусыз. Бірі сегіз-он жыл бір үйдің баласындай болған сыныптастарымен өткізген бала күндерін еске түсірсе, енді бірі әлпештеп өсірген ата-анасын, аяулы ұстаздарын сағына еске алады. Солардың бірі – мен.

Мен әкем қызмет бабымен жиі ауыса бергендіктен, үш ауыл мектебінде оқыдым. Кейін өзім де ұстаз болдым. Сондықтан алғашқы қоңырау күнгі толқынысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жылдың осы мезгілі мен көктемгі соңғы қоңырау – мен үшін ерекше мереке.
Мектепке балаларымды дайындағанда, ата-анамның жеті баланы қалай киіндіргені еске түсетін. Алдындағы әпкелеріміздің формаларын кисек те, аяғымызға киетін аяқ киімімізді, сырт киімімізді жаңалап отыратын. Сонда ата-анама ризашылығымды кезінде білдіре алмағанымды ойлаймын. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген сөздің жаны бар екен.

Алғабас орта мектебінің бұрынғы ғимараты

Енді немерелерімді мектепке дайындап, жетектеп апарған балаларымды көремін. Кейде өзім де бірге барамын. Сондай шақтарда ата-анамның жеті баланы өсіріп, жеткізудегі қиналысын сол кезде сезбегенім өкінішті болып еске түседі. Ал мектептегі ұстаздарымның жылы жүзі жадымда жаңғыра береді. Кейбіріне арнап естелік жазғаным да бар.
Кейде бір сәт сағыныш сезіміне бөленгеніңмен, күйбең тірліктің күрсінісі басым болып жатады.
Бүгін жұмысқа бет алғанымда, мектептерде ертеңгі күнге дайындық жүргізіп жатқандардың жарқын дауыстары мені балалықтың бал күндеріне тағы да жетелегендей болды.
Алғаш есіме түскені – туған жерім Алғабаста негізгі мектепке көшкеннен сыныпқа жетекшілік еткен Нұрғайша Нұрғалиева апайым.
Оның қазақтың біртуар бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегеноваға ұқсайтын сұлу бейнесі – менің өмірлік серігім десем, артық айтпайтын шығармын. Сұлулығына тамсанып, әдемі күлкісіне елітіп өстім. Білімге деген құштарлығымның артуына да сол кісінің әсері мол болды.
Ол өткізген әрбір тәрбие сағатынан алғаным өмірімде адастырмас бағдаршамым болды.
«Мектепке аттап басқанда, күлімдеп бізді қарсы алдың,
Біліміңнен сусындап, келеді сізге ұқсағым», – деп бала көңілімді білдіріп, суретінің тұсына жазып қойған едім. Өмірімде, ұстаздық жолымда апайыма ұқсап баққан да болармын.
Сәт сайын есіме алатын апайым жайлы естелік те жазғам, жаза бергім келеді. Мен ғана емес, сол мектепте Нұрғайша апайымның алдынан өткен әрбір баланың жүрегінде оның жарқын бейнесі өшпегендігіне сенімдімін.
«Ботаника сабағы – өсімдіктің тамағы,
Нұрғайша тәтей келгенде, ашылады қабағым», – дегенді біздің алдымызда оқығандар айтатын. Біз де үйрендік. Бізден кейінгілердің де осыны тақпақтағанына күмәнім жоқ.
Бесінші сыныпқа көшкенде, математика пәнінен ауылға жаңадан келін болып келген Жұмағыз апай Жақан келіні сабақ берді. Тегін, өкінішке қарай, есімде сақтап қалмаппын. Марат ағамыз оқу бітіріп келгенде ауылға әкелгені есімде.
Өзімнің сұлулыққа құштарлығым бала күнімнен қалыптасқан-ау, шамасы. Қысқа кесілген бұйра шашы мен әдемі жүзіне телміре отырып, айтқанын қалт жібермейтінмін. Содан таблица жаттай алмай жүрген басым математик болып шыға келдім. Есепті шемішкеше шағатын болдым.
Жұмағыз апай жайлы жазған эссем де бар.
Қош! Енді сол бесінші сынып па, әлде алтыншы сынып па, география пәнінен Аманбай Қартбаев ағай сабақ берді. Ұмытпасам, физикалық географиядан бастадық.
Бұйра шашты ағайым да өңді азамат болған екен. Суық ауа мен жылы ауаның алмасуын, жүрер жолдарын жетеме жеткізе баяндаған болу керек, география да қызыға оқитын пәнге айналғаны есімде.
Картамен жұмыс жасауды, контурлы картаға Қазақстанның қай тұсында қандай қазба байлық барын атлас картадан көшіріп белгілеуді үйрендік. Құрлықтарды білдік, өзен, теңіз, мұхиттарды ажырата алатын болдық.
Кейін әкем Сарыбұлаққа қызмет ауыстырғанда, Сарыбұлақ орта мектебінде Сәния Әбілдина апай географиядан сабақ берді. Ол кісінің сабақ түсіндіргені, сабақ сұрағаны ерекше еді.
Қазба байлықтармен қоса, мемлекеттердің астаналарын, арал мен түбектің не екенін үйрендік. Картада таулы аймақтардың қандай түспен боялатынын білдік, шөлді даланы ажырата алатын болдық.
Неміс тілі пәніне де алғашқы күннен қызықтым. Өзіміз үйренген әріптерден өзгеше таңбалары ерекше болып көрінетін. «Ол әріптермен қалай сөз құрайды екен?» деген ой қызығушылығымды арттыра түскендей еді.
Сөздік жаттайтынбыз. Әлі күнге дейін есте қалғандарын немерелерге айтып қоямыз.
Қатыш Шүрменқызы (мүмкін, әкесінің аты басқаша шығар, біздің үйде солай айтатын) қаталдау болды. Бірақ ұрыс естімейтін оқушы болғандықтан ба, пәнді де, апайды да жақсы көрдім. Кейін Көксу ауданының Балпық би ауылында жиі кездесіп тұрдық.
Ал Сарыбұлаққа барғанда ағылшын тілін көп меңгере алмадым, бір жыл ғана оқығаннан болар. Ағылшын тілінен Жылқыбеков Нұрсұлтан ағай, сынып жетекшіміз, сабақ беретін. Сабаққа кешігіп барған күні сіңілім екеуміздің алдымыздан шығатын. Ұрыспайды, бірақ «Тағы ұйықтап қалдыңдар ма?» дегеннің өзіне жерге кірердей болатынбыз. Ағайдың алдымыздан шығатыны – күнде бірінші сабақта сынып оқушыларын түгендеп қайтатын.
Оныншы сыныпты Шоқанда оқыдым. Сонда неміс тілі пәнімен қайта қауыштым. Бойы кішкене ғана, аппақ апайымыз біздің арамыздан сырт көзге көрінбей қалатын, бірақ өте білімді әрі талапшыл еді. Әлия Сұлтансихова апай үйреткен әндерді кейін сынып сағатын өткізгенде оқушыларыма да, отбасылық отырыс бола қалғанда балаларыма да, білгішсініп немерелеріме де үйреттім.
Химия пәні – мен сүйіп оқитын пәндердің сұлтаны еді. Садықова Нұржамал апай алдымен Менделеев таблицасындағы элементтердің таңбаларын жаттатудан бастады-ау, шамасы. Заттың үш күйін де жадымызға жақсы сіңірген еді. Бала күнімізден көріп өскен мұз, су, будың ғылыми тілде баяндалуына қызыққанымыз рас.
Темірдің, алтынның металл екенін білдік. Судың құрамындағы сутек пен оттек газдары қосылып, «қалай суға айналады?» деп таңдандық. Апамның сандығының түбіндегі күкірттің де Менделеев таблицасындағы таңбасын көрген қызық болды. Сосын қышқылдар, тұздар, негіздер… кете береді. Осының бәрін үйреткен Нұржамал апайдың қаталдығын сақинамен бастан соққы алғандар көп еске алады. Бірақ таңбалар да өшпестей болып естерінде сақталған шығар-ау?!
Кейін Сарыбұлақта Бәтес апай да химия пәнін тамаша түсіндіретін болып шықты.
Шоқан мектебіне барғанда, Санат ағайдың химиядан қойған «төрттік» бағасына жылағаным бар. «Химия – болашағымның мәні» деп жүргенімде, оның үстіне Бәтес тәтейден «бес» алған тақырыпты айтқаныма төмен баға қойғанына намыстанғаным бар емес пе?!
Бірақ маған химик болу бұйырмапты. Институттан «математика пәнінің мұғалімі» болып шықтым.
Елемес тәтейді айтсаңшы! Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Зор дауысын тыңдамау мүмкін емес еді, қазақ тілін жақсы меңгертті және жазушылық өнерді музыкадан сабақ берген Нұртай ағай екеуінен алдым. Нұртай ағайдың мұғалімдікпен қоса, журналистік қасиеті де бар. Өмір бойы ауылдың, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келеді.
Ән-күйден сабақ берген бір апайды жиі еске аламын, бірақ аты есімде жоқ. Бізден бір сынып жоғары оқыған Зауытбектің әпкесі ме, жеңгесі ме, білмеймін. Нотаны және ана туралы бір ән үйреткен сол еді, жадымда мәңгі қалды.
Мектепте қиналған сабағым – тарих болды.
Жүнісқұл ағай, кейін Сарыбұлақта Төлеген Әбділдаевич, Шоқандағы аты есімде қалмаған ағай жандарын салып түсіндіретін. Бірақ оқиғалардың даталарын жаттау мен үшін қиынға соқты. Жаттай алмай, жылайтынмын.
Орыс тілінен берген Мая Қыдыралиновна «под», «над» дегенді қимылмен түсіндіргенде, топас болсаң да ұғынуға тура келетін. Талдырмаш апай дәліздегі суреттерді көрсетіп әңгімелейтін. Ол қазақша білмейді, біз орысша түсінбейміз. Бірақ бет әлпетімен, қимыл-қозғалысымен жанын салып, ұғындыратын.
Сарыбұлақта орыс тілін екі топқа бөліп оқытады екен, ауданнан жіберген орыс қыздары сабақ берді. Ал Шоқанда өзіміздің сынып жетекшіміз Жұмабике Надирова апай орыс тілінен сабақ берді. Сабырлы апайымыздың қазақ тілінде қинала сөйлейтіні есімде қалыпты.
Тоқтасын ағай ше?
Сурет салудың қыр-сырын институт бітіріп келген сол ұстазымыздан үйрендік. Ақ қағазды төрт бөлікке бөліп сызып, құмыраны, алманы көлеңкесімен салып көрсеткені күні кешегідей есімде. Одан тәлім алған шәкірттер туралы іздестіру керектігін ойлап отырмын. Ауылдың сән-салтанатын арттырған ағайымыз талайдың бағын жандырғанына сенімім мол.
Дене шынықтырудан сабақ берген Қалижан ағай бес жасынан аккробатика жасайтын сіңіліммен екеумізді қосып, түрлі сахналық қойылымға дайындайтын, доптан түрлі жарыстарға апаратын. Кейін Сарыбұлақта Кәртай, Досан ағайлар, Шоқанда Қозыбек, Оралбек ағайлардан тәлім алдық, талай жеңістің дәмін таттық..
Сол сияқты Алғабаста алғашқы ұстазымыз Орынтай тәтей, бізге сабақ берген-бермеген Ильяс, Базархан, Ләззат, Кәсия, Күлсін, т.б. апайлар, Ақжігіт, Қажыбек, Қазыбек т.б. ағайлардың есте қалған бейнесі бірінен кейін бірі елес беріп, балалығым басым түсіп отырған шақ болды. «Өткенді еске алып, болашақты болжамау керек» деген қағиданы шығарған адамда сезім жоқ шығар.
Осы еске алудан қаншама ләззат, қаншама қуат алғаным өзіме аян. Өткенді еске алмасақ, тарихымызды білмесек, болашаққа көз тікпесек, бүгінгі жеткіншекті қалай тәрбиелемекпіз?
Әр естеліктен бір түйін түю – түйсікті жандарға берілетін ерекше қасиет дер едім. Тек жақсының жақсылығын көре білу абзал.
Ұстаздар – балалық шақтың ғана емес, бүкіл өмірдің естелігі. Олардың әрқайсысы бізге бір пәнді ғана үйретіп қойған жоқ, өмірдің өзін танытты. Бірі білімге құштарлық оятса, бірі талапшылдыққа үйретті, енді бірі өнерге жақындатты. Ал кейбірінің бір ауыз сөзі, бір қарасы, бір күлкісі жылдар өтсе де жадыңнан өшпейді.
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы осындай естеліктерді қайта жаңғыртады екен. Кеше ғана мектепке асығып барған бала едік, бүгін сол мектепке немерелерімізді жетектеп апарамыз. Уақыт өзгереді, ұрпақ жаңарады, бірақ ұстаздың шәкірт жүрегіне қалдырған ізі өшпейді. Ұрпағымыз ұлық болсын!

Құралай Нарынбай немересі
Талдықорған қаласы