ОТАН ҚОРҒАУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШ
Ел тыныштығын күзету – ер азаматқа жүктелген абыройлы міндет. Осы жауапкершілікті арқалаған Жетісудың 20 жас жігіті 2 қыркүйек күні Талдықорған қаласында өткен салтанатты жиында әскери қызметке аттанды. Жас сарбаздарды ата-аналары мен ел ағалары шығарып салып, Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, абыроймен оралуына ақ баталарын берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Онда «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес Жарлықта төмендегідей тармақтар айқын көрсетілген:
1. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.
2. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.
2
күні кешкі сағат 16.00-де Талдықорған қаласындағы Абылайхан көшесі, 281 мекенжайында орналасқан жиын пунктінде Жетісу облысынан әскер қатарына аттанатын жас жігіттерді шығарып салуға арналған салтанатты жиын өтті.
Бұл күні жиын пунктіндегі сапта 20 жас жігіт тұрды. Кеше ғана ата-анасының ерке ұлы болып жүрген бозбалалар енді Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғалы тұр. Бірінің жүзінде толқу байқалса, енді бірінің жанарынан жауапкершіліктің салмағы сезіледі. Ал сап сыртында тұрған ата-аналардың көңілінде қуанышпен бірге қимастық та бар.
Жүргізуші салтанатты жиынның ашылғанын жария етті. Мемлекеттік Әнұран орындалды. Әнұран әуенімен бірге жас сарбаздардың бойында әскери міндетке деген
жауапкершілік те беки түскендей.
Алғашқы сөз Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Сарсеев Мұрат Түймебекұлына берілді. Ол сапта тұрған жастармен әскери тәртіп бойынша амандасып, олардың «Ура! Ура! Ура!» деген жауынгерлік үнін қабыл алды. Сондай-ақ жас сарбаздарға алдағы әскери қызметтеріне сәттілік тілеп, Отан алдындағы міндеттерін абыроймен атқаруға шақырды.
Келесі кезекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша өкілі, полковник Ахметов Дархан Шәймұратұлы сөз алды. Ол биылғы шақыру бойынша жастардың Алакөл өңіріндегі шекарашылар әскери бөліміне аттанатынын айтты.
– Әскери қызмет – үлкен мектеп. Мұнда азаматтың мінезі қалыптасып, жауапкершілігі артады. Әскери міндеттерін жақсы атқарған жастарға жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар ата-аналар балаларының әскери қызметін бақылап, хабар алып отыруы үшін арнайы чат ашылды, – деді полковник.
Жас сарбаздарға тілегін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ардагері, запастағы подполковник Дәулетханов Талғат Тұрысбекұлы да жеткізді. Ардагер офицер жастарды құттықтап, әскери қызметті адал атқарып, елге және ата-аналарына аман-есен оралуын тіледі. – Бүгін сендер үшін жаңа өмірдің бастауы. Әскери қызметте алған тәжірибелерің алдағы өмірлеріңе үлкен сабақ болады. Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен атқарып, елге аман-есен оралыңдар, – деген ақ тілегін білдірді ардагер.
Шақырылушылар атынан Бақкелді Ернат Ринатұлы сөз сөйлеп, сапта тұрған қатарластарына жігер берді.
– Әскери қызмет ету – біздің азаматтық борышымыз. Оны абыроймен өтеу – басты міндетіміз. Құрметті департамент басшылары, ата-аналар! Біз әскери қызметтің қиыншылықтарына төтеп беріп, сенімді Отан қорғаушылары болып, облысымыздың мерейін арттырып, абыроймен ораламыз, – деді ол.
Жас жігіттің бұл сөзі ата-аналардың да көңілінен шықты. Өйткені бүгін олар ұлдарын әскерге ғана емес, азаматтық өмірдің үлкен сынағына шығарып салып тұр.
Салтанатты жиын арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармония әншілері мен Талдықорған маңындағы әскери бөлімшелердің өнерпаздары өнер көрсетіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ән шырқалып, жас сарбаздарға ізгі тілектер айтылғанымен, ата-аналардың жүрегінде бір ғана тілек болды. Ол – баласының амандығы.
Балаларын әскерге шығарып салған ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп, тарасты. Сол ата-аналардың бірі Тойбағарова Рәзия Ахметқызымен тілдесіп, әскерге аттанған немересі туралы әңгімесін тыңдадық.
– Рәзия ханым, немереңіздің үйден ұзап, әскери қызметке кетіп бара жатқанына қандай күйдесіз?
– Е, жоқ! Ер азамат болып туғаннан кейін әскери борышын Отан алдында өтеу – оның азаматтық борышы емес пе?! Ата-бабаларымыз соғысқа да барды. Қайта ер азамат әскери істерді меңгеріп, шыңдалып қайтады. Балаңның азамат болып қалыптасқанына қуану керек. Әрине, сағынасың. Бірақ елін қорғауға аттанғанына мақтанасың, – деді Рәзия апа.
Сембек Абдірахманов
«Алатау»
