«ХАРЕКЕТ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ БІР ОТБАСЫН ҮЙЛІ ЕТТІ

0
32

      «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет.

Қайырымдылық – ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетінің, адамгершілік қарым-қатынасының, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегінің көрінісі. Қайырымдылық жасау – әр адамның қолынан келетін іс.
Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте ұстаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз, қазақ халқына тән ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу – адамның адамдық белгісінің қасиеті. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатарының көбейіп келе жатқаны – қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.
Қайырымдылықты ең алдымен әлсізге, көмекке ең мұқтаж жанға жасау – адамгершіліктің ең жоғары белгісі. Бұл ұстаным көмектің шынайы құндылығын арттырып, қоғамдағы әділдікті орнатады. Бұл ойды бірнеше маңызды себеппен түсіндіруге болады:
Шынайы мұқтаждық: өз бетінше күн көре алмайтын, қорғансыз жандар (жетімдер, қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар) үшін сіздің көмегіңіз – жай ғана қолдау емес, өмірлік маңызы бар қажеттілік.
Әділеттілік орнату: көмекті ең алдымен әлсіздерге бағыттау қоғамдағы теңсіздікті азайтуға көмектеседі.
Жүрек тазалығы: өзіңізге ешқандай пайдасы тимейтін, жауап қайтара алмайтын әлсіз жанға қарайласу – шынайы қайырымдылықтың белгісі.
Қазақ халқында да «Жетім көрсең, жебей жүр», «Қолыңнан келсе, қорғансызға қарас» деген аталы сөздер осы ұстанымды қолдайды. Қайырымдылық жасауда ең алдымен жақыныңыздағы немесе айналаңыздағы ең әлсіз, мұқтаж жандарға назар аударған жөн.
Мақаламыздың кейіпкері Жакешов Берік Кәкенұлы. Бала кезінен қағылез болып өскен ол орта мектепті бітіргеннен кейін Ленин атындағы колхоздың, Талапты колхозының кез келген жұмыстарына араласып келді. Ағайын-туыс, көрші-қолаңдарға көмек қолын созып, ризашылыққа бөленіп жүретін еді. Әсіресе екінің қолынан келе бермейтін терек, қарағаштардың биік басындағы кедергі болып тұрған бұтақтарды аралап, балталап кесіп беру сияқты жұмыстарды жасауға өте епті еді. (Құрдастары оны «маймыл» дейтін.) Ағаш басына, әсіресе биік теректерге өрмелеп шығуда елді таң қалдыратын.
Әр салада әртүрлі жұмыс атқарып жүрген Берік (Бекенай деп те атайтын) осыдан оншақты жыл бұрын ауырып, денсаулығынан айырылып, 2-топтағы мүгедек болып қалды. Бірге туған бауырлары бар, бірақ әркімнің өз тіршілігі бар. Мүмкіндігінше көмек беріп тұрады. Бірақ ұдайы қасында жүре алмайды. Қанша болса да, ел іші емес пе, әркім аздаған болса да көмек жасап келді. Бірақ оның басында жеке баспанасы болған жоқ еді.
Жақын уақытта, дәлірек айтсақ, 28.08.2026 жылы Берікке «Харекет» қайырымдылық қоры көмек қолын созып, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ кентінде салынған көпқабатты үйдің 3-қабатынан 2 бөлмелі үй алып берді. Иә, Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Жақсылық жасасаң, әлсізге жаса», – демекші, бұл бір оңынан келген іс болды. Ол үшін бүкіл ауылдағы ел-жұрт түгел қуануда. Жүзі жайнап, Берік пен жолдасының қуанышында шек жоқ. Осы үйде тұрып жүріп, денсаулығы түзеліп кетуі де мүмкін ғой. Лайым, солай болғай.
Алла қаласа, жақсылығын аямас деген үмітпен ел ағалары, ақсақалдар бата беріп, екі бөлмелі үйді шашуға толтыруда. «Харекет» қайырымдылық қорының мүшесі Айдын мырзаға ел риза. Берік пен жолдасы екеуі енді алаңсыз, уайымсыз күн кешеді. Бұдан өткен қуаныш бар ма? Осы үйде жүріп денсаулығы түзеліп, қатардағы азамат болуына тілектеспіз.

Сембек Абдрахманов 

«Алатау»