Сөзден іске көшкен жөн

0
32

     Қазақ тілі – «еліміздің мемлекеттік тілі» екендігі Конституцияда заңдастырылған. Осының өзі Мемлекеттік тілімізді мейлінше кемелдендіруге, тіліміздің мәртебесін ту етіп көтеруге қосылып отырған өлшеусіз үлес екені даусыз.

Қазіргі таңда жас ұрпаққа көп тілді білуге ұмытылу мақсаты қойылып келеді. Мұны қазіргі өскелең заманның талабы қажет етіп отыр. Өйткені, еліміздің болашағы сеніп тапсырылатын жастарымыз білікті де білімді болатын болса, мемлекетіміздің қарышты қадаммен дамып, әлемдегі өркениетті елдердің қаратынынан орнын ойып алары даусыз. Әйткенмен, көптілділік жағдайында да оның негізгі тұғыры қазақ тілі болуға тиісті екені баршаға аян. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек», деп атап көрсеткен еді.
Сондықтан, алдымен ана тілімізге айрықша мән беру әркімнің абзал борышы болуы керек қой. Қазақ тілімен қоса басқа тілдерді де қатар алып жүрген жандар көп қой. Осы тұрғыда баланы бесіктен тәрбиелеу қажет. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала отбасында қандай жағдайда өссе сондай тағлым алады ғой. Өзімізге оңай болған соң, орысша сөйлей салуды дағдыға айналдырғандықтан, күнделікті өсіп жетіліп келе жатқан бала да өзінің санасына күндегі естіп жүрген сөздерді сіңіріп, жадында жаттайды. Сосын, тілі шығып, былдырлай бастағанда алғашқы сөздері «Иди», «Дай»-дан басталып жататынын көріп те, естіп те жүрміз.
Ойымызды тұжырымдайтын болсақ, ана тілін білу әркімнің парызы десек, өзге ұлт өкілдері меңгеріп жатқанда өз тіліңді білмегенің ұят екені аян. Демек, тілді қорғау әрі дамыту ең алдымен өзімізден бастау алынып, мемлекеттік деңгейде іске асырылуы қажет. Мемлекеттік тілдің қолдану деңгейін одан әрі жетілдіріп, оны сот саласында қолдану аясын кеңейте түсуге ерекше мән беріп, тіл тазалығына қамқорлық таныту сот саласы қызметкерлерінің басты борышына айналуы тиіс.
Әрине, бүгінгі күні тілді таңдау, әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, сот істерінің мемлекеттік тілде жүргізілуі арыздардың сотқа қай тілде берілуіне байланысты. Көп жағдайда талап қоюшылар арыздарын орыс тілінде береді. Арызданушылар сотқа мемлекеттік тілде жүгінген болса, сондай-ақ уәкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, сот органдары сот отырысын мемлекеттік тілде жүргізеді. Сондықтан, азаматтар өз құқықтарын пайдаланып, арыздарын өздері меңгерген тілде жазып беретін болса мемлекеттік тілде қаралатын істер саны да анағұрлым арта түсер еді. Оған ешкім кедергі келтірмейді. Ендеше, құрғақ сөзбен қайталай бергенше нақты іске көшетін де кез көшудің жолын ойластыру қажет. Сонда ғана істің ілгері басары даусыз.

Ернар ҚҰРМАНҒАЛИ,

Талдықорған қалалық соты

әкімшісі басшысының орынбасары