Ғибратқа толы 85

0
32

Құлтай Нұрқалбайұлы, тарих пен жақсылықтың жаршысындай 17 кітап жазып, шығарған үлкен еңбектің иесі редакцияға келіп: «Керемет хирург замандасым бар, өзі сондай қарапайым жігіт. Жақында 85 жасқа толады, әңгімелесші», — деп, редактордан рұқсат алып, мені Сыдықов Шаймерден Омарұлының үйіне ертіп барды.

Алғашқы ой-түйін

Қарт дейтіндей емес, бойы ширақ ағамыз сабырлылығы сыр беріп тұрғандай байсалды қалыппен қақпа алдынан қарсы алды, амандық-саулықтан кейін үйге шақырды. Ер адамға жол беретін әдетіммен шегіншектей беріп едім, ағалар мені алдыға оздырды. «Қайран қазағымның қалып бара жатқан қарапайымдылығы осы кісілермен бірге кетпесе » деген тілекпен зәулім сарайдай үйге имене басып кірдім. Күлімдей қарсы алған жеңгемізді көргенде қымсына, қаймыға басқан қадамым нықтала қалғандай болды. Жарасымды жұптың жадыраңқы жүздері онсыз да әсем үйді жайнатып тұрғандай екен. Үлкен кісілер көптен көріспеген болу керек, қауқылдаса амандасып, қал-жай сұрасып, қалжыңдарын айтысып жатыр. Оның үстіне біз тура туған күнінде, яғни 14 қыркүйек күні барыппыз. Туған күнмен құттықтап, аз-кем тілегімізді айттық. Гүлсім Ахметқызы ұстазға тән тыңғылықтығымен дайындап қойған сурет, кітаптарды Құлтай ағаға беріп жатты, екеуі газет бетіне жарияланатын суреттер таңдауға кірісті. Жылтыраған бет емес, жылы шырай, жылы сөзден көңіліме батылдық ұялап, стол басына орындықтар қойып, өзіме жұмыс орынын дайындап алдым. Біз, менің кейіпкерім екеуміз стол басына жайғастық. Мен алдымен өз өмірін баяндап беруді өтіндім.

Сағынышқа толы балалық шақтың әңгімесі

Аға аз-кем ойланып отырып барып:
— Менің туған жерім – Кемеращы деген ауыл. Қазір жоқ, жекеменшікке берілген болу керек. Әкем мені қырқымнан шығарып жатқанда әскерге шақырылыпты. Соғыс өрті тұтанған кез, содан хабарсыз кеткен әкемнің жылқышы ағасы Сыдықтың қолында қалдық. Мен сол атындамын, — деп бастады әңгімесін Шаймерден Омарұлы. Әкесінің аты шықпай қалды деген өкініші ме екен, көңілі толқып кетті және оны жасырмақ болды. Әрине, соғыс жылдары кімге оңай болды дейсіз, сол шақта өткен балалық шақты толқымай айту мүмкін де емес шығар? Әкесінің Сыдық ағасынан бөлек екі әпкесі болған екен — Орынтай және Жібек. Шаймерден Омарұлы кішкене ғана Кемеращыдан бастауыш білім алып, негізгі мектепті Жібек тәтесі тұрмысқа шыққан Жетісу колхозында оқыпты және онжылдықты сол жерде бітіріпті. Жібек тәтесіне деген құрметі де ағаның дауыс ырғағынан байқалып тұрды. Тәтесінің бауырынан қалған жалғыз тұяққа ықыласы ерекше болғандығын қолыма түскен Шаймерден Сыдықовтың 2026 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Тағдыр тараулары» кітабынан білдім. Нұрбай жездесі мен тәтесі екеуі ерекше мейірім төккенге ұқсайды. 5-6 сыныпқа дейін өзі жуындырып, киімін тігіп, тамақтың дәмдісін аузына тосып өсірген «тәтесін» ерекше сағынған сияқты. Дауысынан діріл, жанарынан мөлдір тамшы байқалды. Балалық шақтың сағынышы адам есейген сайын арта түседі ма деймін, менің кейіпкерім анасы Ұлтуғанды да, асырап жеткізген Сыдық әкесі мен Жұмабике анасын да сағынғанын әңгімелесу барысында байқадым.
Кемеращы колхозын 1952 жылы алдымен Шымыр, Нұра ауылдарына қосып, Калинин колхозы жасапты, орталығы Шымыр болған екен. Кейін халыққа тау асып қатынау қиын болғандықтан, бірнеше ауылды біріктіріп, Кемеращыны да, Еркін ауылына қосқан көрінеді. Содан халықтың бәрін осы Еркінге көшіріпті. Осының бәрін есте сақтап, туған жерге деген сағынышын қоса отырып, бізге бүге-шігесіне дейін айтып бергенде, таңданысымды жасыра алмадым. 85 жасқа келсе де жады жарқын адаммен әңгімелесу де бір ғанибет екеніне көз жеткіздім.

Жақсылықты ұмытпайтын жан

Онжылдықты бітіргеннен кейін Талдықорған қаласындағы медициналық училищеге тәтесі әкеліпті. «Басында Талдықорған қаласын жөнді білмейтін едім, екі жылда қай жерде кітапхана бар, қай жерде дәмді ас ішетін орын бар, жақсы біліп алдық. Жақсы оқыдым», — дейді Шаймерден Омарұлы. Осы тұста Құлтай Нұрқалбайұлы да әңгімеге араласып: «Қыздарға барғаныңды айтпайсың ба?» — деп қалжыңдап қояды. Сабырлы жан күліп қойып: «Жоғары оқу орны болсын, арнайы орта білім беретін оқу орны болсын, бітіргеннен кейін қалаған жағыңа кете алмайсың. Ол кезде медицина саласының басқармасы Талдықорған қаласында болатын. Училищені бітірген соң, арнайы жолдамамен Фурманов колхозының Ключевое бөлімшесі (қазір «Қайнарлы» ауылы) фельдшерлік пунктіне жіберді, ылғи орыстар тұрады. 3000 халқы бар екі ауылда, Ключевое және Белокаменка шағын ауылдары, бір пункт. Онда екі жыл істеген соң, менімен бітірген Крупскийде, тағы басқа ауылдарда жұмыс істеп жүрген балалар жоғарғы оқу орнына түсіп жатқан соң, мен де оқиын дедім. Бірақ менің тағы бір жыл фельдшер болып жұмыс жасауыма тура келді. Ол кезде үш жыл жұмыспен өтегеннен кейін медициналық институтқа конкурссыз оқуға түсуге болатын. Мені Фурманов колхозының, Абай колхозының отгондарындағы фельдшерлік пунктке фельдшер етіп жіберді, ол Үшкөлде болатын. Сол жерде бір жыл істегеннен кейін оқу орнына бардым, қағаздарымды өткіздім, сосын «оқуға түстің» деген жауап келді», — деп, жалғастырды әңгімесін.
Жоғарғы оқу орнына баруына әкесі қарсы болған көрінеді. Ауырып жүрген әкесі: «Балам, осы оқығаның жетеді. Ауылға келіп, жұмысыңды жалғастыр» депті. Осы тұста да үлкен кісі қатты толқыды. Сол кездегі әкесіне қарсы шыға алмай, оқуын да жалғастырғысы келіп, әрі-сәрі күй кешкені есіне түсті ме, әлде әкесінің ауырғаны жанына батқанын ойлады ма, дауысы дірілдей шықты. Біраз тоқтап барып, араға әкесі жақсы сыйлайтын қайынапасының баласын, яғни өзінің бөлесін салғаны туралы әңгімеледі:
— Ол кісі біздікіне келді, үйге кірмей тұрғанда «Аға, мені институтқа қабылдады, әкем «осы оқығаның жетеді» деп жібермей жатыр. Сіз сөйлесіңізші» дедім. Ол үйге кіріп, әкемнің қалын сұрап барып, «мына баланың бағын байлама, оқысын, қазір бәрі білімге қарап тұр» деді. Балдызының айтқаныннан шыға алмады білем, әкем мені оқуға жіберді. Семейде алты жыл оқыдым, — деді аға.
Сонымен Семейдің медициналық институтына түскенін айтып, Шаймерден Омарұлы студенттік кезіне көп тоқталмады, мен алдымдағы естелік кітаптан біраз мағлұмат алдым: «Медицина институтындағы жылдар – менің өмірімдегі ең жарқын кезеңдердің бірі болды. Сол кезде жүрегімде таңдаған мамандығыма деген махаббат күннен-күнге арта түсті. Әрбір лекцияға, әрбір тәжірибелік сабаққа үлкен ынтамен баратынмын. Оқытушыларымыздың әрбір айтқан сөзі мен үшін, біз үшін алтынға пара-пар еді. Олар бізге тек білім ғана емес, дәрігерлік өнердің құпиясын, адам жанына деген жауапкершілікті үйретті.
Мен үшін кітапхана екінші үйім болды. қолыма түскен әрбір медициналық кітапты қызыға оқып, жаңа білім алуға асығатынмын. Әсіресе, адам ағзасының күрделі жүйелері мен ауруларды емдеу тәсілдері жайлы кітаптар мені ерекше баурап алды. Әр жаңа тақырып жаңа әлемдей ашылып, жүрегімде дәрігер болуға деген сенімімді күшейтті», — деп жазған екен. Мұнда қоғамдық жұмысқа да белсене араласқанын, ұстаздардың қамқорлық көрсете жүріп, біліммен сусындатқанын айтады ағамыз.
Жоғары оқу орнын біркісідей-ақ оқып, бітіреді. Бітірер алдында май айында Талдықорған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрғазиновқа келіп жолығады, «Биыл институт бітіремін. Әкем ауру, мен осы Талдықорғанда жұмыс жасағым келеді» деген. Орын жоқ деген соң, институт ректоры Тамара Александровнаға жолығады. Ол институттан дипломмен жолдама арқылы жұмысқа жіберетін де қазақ балаларына көп көмектескен көрінеді. Кейіпкерімнің «Жақсының жақсылығын айтуды» да өзіне борыш санайтындығы көрініп тұр. 1969 жылы диплом қолға тигеннен кейін, Талдықорған облыстық денсаулық сақтау басқармасына келеді. Ол, Тамара Александровна Талдықорғанға қоңырау шалып қойған ба, облыстық маман бөліміндегі әйел облыстық ауруханада хирургқа орын жоқтығын айтқанымен, басқа жерден травматолог қызметін тауып беріпті. Кейіннен барып, Талдықорғандағы ауруханаға хирург-дәрігер болып орналасты. Дәрігерлердің бәрі дерлік өзге ұлт өкілдері, аурухананың сол кездегі меңгерушісі – Аубакирова София Абдрахманқызы екен. Шаймерден Омарұлымен қатар Новосибирскіден оқу бітіріп келген талдықорғандық орыс жігіті де осы бөлімге жұмысқа келген көрінеді. Оны қолдаушылардың көптігінен үлкен оталарға көбіне сол жігітті кіргізіп, Шаймерден аға «соқыр ішек» сияқты кіші-гірім операциямен шектеліпті, оның өзінде орыс жігіті 100-шақты операцияға кіргенде, Шаймерден Омарұлы бір жылда жеті-ақ операция жасапты.

Алғашқы кұрделі операция
— Ең алғашқы операция жасағаныңыз есіңізде ме? – деп сұрадым мен.
— Мені кейін Қапал ауданына іссапармен жіберді. Сол кезде Қапалдың аржағындағы ауылдан әйел адам ауыр халде келіп түсті больницаға, ішектері оралып, ештеңе жүрмей қалған. Мен диагнозды өзім қойдым және бас дәрігерге: «Талдықорғаннан көмек шақырайық», — дедім. Ол кісі: «Жоқ, өзің жасайсың», — деді. Мен екі сағат дайындалып, тәуекелге басып кірісіп кеттім, бас дәрігер көмектесіп тұрды. Ол кезде наркоз жоқ, ауруды түтікпен демалдырады. Бір кезде бас медбике маскамен наркоз берді – ауруға маска кигізді да эфир құйды, дәрінің күші кетіп, пациент жыбырлай бастағанда басқа медбике тағы да дәрі құйып тұрды. Бір сағат жасадым, ішектің біразын кесіп алып тастадым. Кесілген жерден бір-біріне жалғап тіктім, облыстық больницада жасаған операцияны көргенім бар ғой, солай жасадым. Төрт күннен кейін облыстық ауруханадан адам шақырды, Деремей Яков Захарович – санавиацияның бастығы маған «Сен дұрыс жасамадың, мына ауру өлетін болды. Бізді шақыру керек еді» деп ұрысты. Олар келгенмен ештеңе жасаған да жоқ, кетіп қалды, меңгерушіге жамандап барыпты. Кейін облыстық ауруханаға телеграммамен қайта шақырды, өйткені мен Талдықорғандағы мүгедектердің есебін жүргізетінмін, соның санағын өткізу керек болды. Мен таңғы сегізде келгенде София Абдрахмановна ашулы қарсы алды, амандаспастан бірінші сұрағы – «Как больная?» болды. Мен: «Сегізінші күн болды, жібін шештім, қазір жүріп жүр» дедім, ол: «Победителя не судят» деп отыра кетті. Осыдан мен үшін қатты уайым жегенін байқадым. Сонымен талмай жұмыс істедім, тоғыз жылда «жоғары санатты хирург» атандым.

Басшылыққа келу

                Елдің бәрі бастық болғысы келеді, мен бастық болудан қаштым: біраз жыл сол больницада істегеннен кейін Талдықорған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Талқыбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына шақырды, бармадым, өйткені білімімді жетілдіру керек болды, — деді өзіне қамқор болған жандарға риза болғанын мақтанышпен жеткізіп.
— 1976 жылы облыстық аурухана ашылды, — деп әңгімесін жалғады кейіпкерім. — Сол жылы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрғазиновқа «Мен бастық болғым келеді» деп өзім бардым, мені облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары – ұйымдастыру методикалық кабинетінің меңгерушісі етіп отырғызды. Онда тоғыз жыл істедім.
Сонан соң біздің Талдықорғанда қан құю орталығын ашатын болдық, оған дейін Қазақстан бойынша мұндай «Заманауи қан құю станциясы» Теміртау қаласында ғана болған. Нұрғазинов екеуміз сол кездегі обком партияға бардық, жоспарымызды көрсеттік, жобамызды қабылдады. Екі жылда салып бітірдім, яғни Қазақстан бойынша екінші бізде салдық. Сол жобаны кейін Жамбылдан келіп, көшіріп алып кетті. Мен сол орталықта 3 жыл басшылық еттім, хирургияны қатар алып жүрдім. Сонан соң облыстық ауруханаға бас дәрігер болып ауыстым. Онда да қызық болды. Сол орынға екі адам таласты, мен таласпадым. Жаңағылардың біреуін обкомпартия өткізбеді, біреуін ОДСБ жібермеді, соның арасында мен өтіп кеттім, — деп күлді. Мен жырдан қызық ертегі естігендей болдым.
Сол кездері облыста басшылықтағы адамдардың, олардың орынбасары болған адамдардың аты-жөндерінен және сол кездері тамаққа, дәріге бөлінген ақшалардың да, облыстық аурухананың бөджетіндегі қаражаттың да есебінен жаңылмай айтқанына таң-тамаша қалдым. Сондағы тексерістерден таза шыққанын да, халықтың жағдайын ойлап 8 аптека ашқанын да («Аптека көп болса, дәрі арзан болады»), ол жерде тұтынушыларға қиянат жасалғанын көріп, бір ғана аптека қалдырып, басқасын жауып тастағанын да күні кеше басынан өткергендей етіп баяндап берді. Арасында Құлтай аға да әңгімеге араласып, көп жағдайдан хабардар екендігін білдіріп отырды. Мұнда істеген сегіз жылда талас-тартыс, тексерістен-тексеріс, қудалаушылық көре жүріп, инсульт алып, ауруханаға түседі. Емделгеннен кейін, сол кездегі ОДСБ бастығы Дүйсекеев орынбасарлыққа шақырыпты. Шаймерден Омарұлы Облыстық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасары қызметін төрт жыл атқарғаннан кейін зейнеткерлікке шыққан.

Еңбекпен өткен өмірдің заңды жалғасы
— Өзіңіз операция жасаған адамды кейін жолықтырған, таңданған сәттеріңіз болды ма? – деп сұрадым.
— Мен өзім ота жасаған емес, Аубакирова София Абдрахмановна ота жасап, мен көмектесіп тұрған бір жігіт есімде қалыпты. Молалының жігіті, әкесі – қазақ, шешесі – кореянка. Остеомиелит деген ауру, сүйегі іріңдейді. Гемотогенный остеомиелит. Мұндай ауруды «адам болады» деп ойламайсың, сандардың кесілмеген жері жоқ, қолы да, денесінің бірталай жері де кесілді. Мен отадан кейін қарап жүрдім, дәкесін қайта таңып беретінмін, бізде біраз жатып шықты.
Бірнеше жылдан кейін базар жақтан қалалық ауруханаға бара жатқам, артымнан бір жігіт ағалап шақырады. Қарасам, еңгезердей жігіт. Келе құшақтап, «Танымадыңыз ба мені? Маған Аубакирова екеуіңіз ота жасап едіңіздер ғой, қазір футбол ойнап жүрмін» дейді. Өзін сол жігітпін деп таныстырғанда таң қалдым. София Абдрахмановнаның шеберлігі ғой! Ол сол жерде отырып-тұрып, өзінің біздің арқамызда тірі жүргенін ғана емес, денсаулығының жақсы болғандығын айтты. Ризашылығын білдірді. «Ой, көп жаса, айналайын!» дедім.
— Соңғы жасаған отаңыз есіңізде ме?
— Жоқ, есімде жоқ.
— Қолдарыңыз қайта скальпел ұстағанын қалар ма едіңіз?
— Жоқ, менің ұстанымым – уақыты келді ма, ол жерден кету керек. Мен жасым зейнеткерлікке жеткен күні кетуге арыз жаздым. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болат Садықов болатын, ол «Қазір тексеріс болып жатыр, содан өтіп алайын, сонан соң жіберемін деді. Айтқанындай тексеру біткеннен кейін, бірден жіберді, сөйтіп зейнеткерлікке шықтым.
Қолыңнан келгенін жасау керек. Зейнеткерлікке шыққан соң үйдемін, Қазпоштаның бастығы үйге келіпті: «Аға, «Жәрдем» газетіне директор керек», — деді. Бардым, журналистер жазады, менің жұмысым – оқырмандар жинау. Жеті мың адам жаздырдым, бірақ көп істемедім, екі жылдан соң кеттім. Сол!
Қазір менің қолымнан келетіні – немерелер қарау, үлкендерімен әңгімелесу, кішілерін ойнату. Көктемде, күзде тал кесу. Азын-аулақ бау бар, соған күтім жасаймын. Кемпірім дәмдеп берген шайды шүйіркелесіп отырып ішеміз. Демаламыз.
Шынында сыртқы аула демалыс орны сияқты, жағалай отырғызылған қарағай ерекше күтімде екен және адамға ерекше тыныштық сыйлайды. Бұл үй салынған жер дауы да біраз әңгіме болды.
Сыдықов Шаймерден Омарұлының зайыбы, Оқу-ағарту ісінің үздігі Гүлсім Ахметқызымен стол басында әңгімелестік. Семей педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріпті, мектепте, колледжде сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққан көрінеді. Екеуі өздерінің балалары, немерелері жайлы мақтанышпен жарыса айтты. Бәрі оқыған, жоғары білікті маман иелері. Сыртта болса да ата-анасын қараусыз қалдырмай, апта сайын келіп, жағдайларын біліп, керек-жарақтарын алып беріп кететін көрінеді. Отбасы тәрбиесі деген осы болар.
«Жақсымен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп, әңгімелеріне, қонақжайлылығына рахмет айтып, Құлтай Нұрқалбайұлы екеуміз зор ризашылықпен қайттық. Осындай отбасымен, аяулы жандармен танысуыма септігін тигізген Құлтай аға сияқты жанға да алғысым шексіз!

Құралай Мусанова

«Алатау»