Сот отырысының хатшысы
Сот отырысы хатшысының жұмысы күрделі, көп салалы, сөйте тұра қызықты да. Сот процесінде хатшы жүріп жатқан істің барысын, сот процесіне қатысушылардың айтқан сөздерін хаттамаға түсіріп қана отыратын сияқты. Алайда, сот процесінің дұрыс ұйымдастырылуы, іс бойынша өзіндік айғақ саналатын сот құжаттарының, сот отырысы хаттамасының дұрыс, нақты, сауатты толтырылуы осы хатшыға байланысты. Хатшы, сонымен қатар, тараптардың сот отырысына келуін қамтамасыз етіп, азаматтық және қылмыстық істерді ресімдеп, сот актілері мен басқа да құжаттарды іс жүргізу нұсқаулығына сәйкес сатыларға жолдайды. Соттың жұмысы мен беделі көп ретте сот отырысы хатшысының жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуіне, жауапкершілігіне, біліктілігі мен ұқыптылығына байланысты. Сондықтан сот отырысының хатшысынан асқан жауапкерпшілік, кәсібі біліктілік талап етіледі.
Айта кету керек, бүгінгі судьялардың көпшілігі өз еңбек жолдарын сот отырысының хатшылығынан бастағаны да баршаға мәлім. Ендеше қазіргі хатшылар келешекте судья мәнсабына жету үшін өзінің осы қызықты да күрделі қызметінде көп тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Мәселен, сот процестеріне қатысып, білікті заңгерлердің жұмыс тәсіліне қанығып, іс материалдарымен танысып жүрген маман қаралған даулар бойынша өзіндік талдау жасап, өзінше ой түйеді.Талапкер мен жауапкердің тарапынан екі бөлек мүддені қорғаған тәжірибелі заңгерлердің дауды өз пайдасына шешу үшін жасайтын түрлі айла-шарғыларына куә болудың өзі бір қызық.
Бүгінгі таңда еліміздің сот жүйесіне тұрақты түрде енгізіліп келе жатқан озық технологиялар сот қызметкерлерінің атқаратын жұмысын жетілдіріп, жеделдетіп, сапасын жақсарта түсуде. Сот отырысының хатшылары да өз жұмыстарын «Төрелік» бағдарламасы арқылы жүзеге асыруда. Атап айтсақ, кейінгі жылдары кіріс-шығыс хат-хабарларын тіркеу, талап-арыздар мен қылмыстық істерді есепке алу, статистикалық есептер жүргізу бойынша компьютерлік бағдарлама енгізіліп, игерілді. Бұл соттың жұмысын едәуір жеңілдетіп, тіркеу журналдары мен түрлі тапсырма қағаздарын азайтты. Бұл «Төрелік» бағдарламасы кейінде жетілдіріліп, толықтырылып отырды. Қазір әр маманның осы «Төрелік» бағдарламасы арқылы жұмыс істеуінің арқасында көп жеңілдіктерге қол жетті. Әр маман есептік статистикалық мәліметтерді өз бетінше, дер кезінде толтырып, істер бойынша тапсырмалардың орындалу барысы мен мерзімін қадағалап отыра алады.
Жадыра ЕРМҰХАМЕД, Жетысу облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісінің бас маманы-сот отырысының хатшысы
