Сот актілері тараптарға түсінікті болуы үшін…
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие екендігі айқындалған. Ендеше, мемлекеттік тіл ұлттың жан дүниесін, рухани негізін, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі ретінде оны меңгеру — мекендеп тұрып жатқан сол елдің ұлтын сыйлау, сол мемлекет алдындағы жауаптылығыңның барын және сол мемлекетке деген сыйластығыңды көрсету деп түсінген жөн.
Қазіргі уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы біршама өсіп келеді. Оған себеп — мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу мәселесі күн тәртібінен бір сәтке де түскен жоқ. Сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің қолданылуы – ұлттық құқықтық жүйенің басты талаптарының бірі. Әсіресе азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолданысы азаматтардың құқықтарын толық көлемде қамтамасыз етуге және әділ сотқа қол жеткізуге ықпал етеді.
Азаматтық процесте тараптардың арыз-шағымдары, талап-өтініштері мен түсініктемелері мемлекеттік тілде ресімделуі – сот ісін жедел әрі тиімді қараудың маңызды алғышарты. Бұл ретте сот отырысының мемлекеттік тілде өтуі тараптардың теңдігін сақтауға, құқықтық мәдениетті арттыруға және ұлттық заңнаманы дамытуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, сотта аударма қызметінің қажеттілігін азайтып, уақыт пен материалдық ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұл тұрғыда тағы бір маңызды мәселе соттың қабылдаған актісін тараптарға жете түсінікті болуын қамтамасыз ету болып табылады. Кейбір адамдар соттың шешімі қолына тисе де оның шынайы мазмұнын түсіне алмай жататыны да құпия емес. Сондықтан қазіргі таңда сот қызметкерлеріне, соның ішінде судьяларға сот актілерін қарапайым тілмен түсінікті де ұғынықты етіп баяндау туралы талап қойылып отыр. Демек, егер қос тарап дауына қатысты нақты және толық жауап алса, ал судья соны өз шешімінде түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізсе, азаматтар қабылданған шешімнің байыбына барып, тұжырымын тиянақты ұғынатын болса жоғарыға қарай шағымданулары да азаяры ғажап емес.
Осыған байланысты Жоғарғы Сот судьялардан мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая беретіні және екі нәрсені: біріншіден мемлекеттік тілде сауатты сөйлей білуді, екіншіден, жаза білуді, сонымен қатар, қарапайымдылық қағидасын сақтаудың маңыздылығын алға тартып судьялардың өз шешімдерін шұбалаңқы сөйлемдермен емес, көпшілікке түсінікті, ұғыныңқты етіп жеткізуі қажеттігін талап етуде. Демек, тілді жөнсіз неғұрлым күрделендіріп, үстемелеген сайын құны кететінін жадымызда сақтағанымыз жөн. Ал, қазақтың сөздік қорының мол, тілінің шұрайлы, көркем екені күмсәнсіз. Тек соны өз мәнінде орынды қолдана білсек нұр ұстіне нұр.
Балғынбек ҚАСЫМХАНОВ, Талдықорған құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маманы-сот отырысының хатшысы
