Қаламгерлік ғұмыр – халықтық мұра
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сайын Мұратбековтың 90 жылдық мерейтойына орай еліміздің түпкір-түпкірінде әдеби-танымдық шаралар мен естелік кеш ұйымдастырылып жатыр. Бұл шаралар қаламгердің бай рухани мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
Осыған орай Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қаламгерлік ғұмыр – халықтық мұра» атты әдеби кеш өтті, — деп хабарлады музей редакторы Қалқаман Абдрахманұлы.
Әсерлі өткен кездесу
Әлімбаева Айгүл Төлеген-қызы, аға ғылыми қызметкер:
— Тағылымды шараға жазушының туыстары, ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Әдеби кеш барысында қаламгердің інісі Ғалым Мұратбеков пен қарындасы Майра Мұратбекова сұхбат беріп, Сайын Мұратбековтің өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерімен бөлісті. Олар бала күндеріндегі қызықты кездерін айтты. Әсіресе, туыстары айтқан ағасының оқыған кезіндегі әңгімесі қызық.
«Ауылға демалысқа келгенде қораның артында біреу айтысып отыр екен дейді. Сайын барып қараса, бір үлкен кісі кәдімгі сиырмен айтысып отыр екен, өзі ішіп алған. Оны Сайын үйіне жеткізіп салады да, кейін осы оқиғаны фельетон етіп жазады. Онысы газетке басылады. Сөйтсе ол ауылдың бригадирі екен. Сол үшін бригадирді жұмыстан шығарып жіберіпті».
Каникулға келген ағасының тағы сондай қызықты оқиғасы.
«Ауылдың басшысының әйелі қызмет машинасын магазинге, қонаққа барғанға мініп алады екен. Соны да фельетон ретінде жазып жіберіп, басшыны орнынан алып тастады» деп, талай қызықты нәрселерді айтты. Қарындасы Сайын Мұратбековтың қандай қамқор аға болғандығын еске алды. Өзінің сабақтарын сұрап, қадағалап отырыпты. Кейін Алматыға алып кетіп, оқуға түскеніне көмектескен. Біреулермен сөйлесіп емес, сабағын сұрап, киімін алып беріп, тамақтандырып деген сияқты көмек көрсеткен. Сол кісінің арқасында оқып, жетілгендігін еске алды. Сайын Мұратбековтың «Қарындасым» деген шығармасы бар, «соның прототипі осы қарындасы ма екен?» деген сұрақ тұрды көкейімде. Қарындасының әңгімесі мен кітаптағы қарындасын суреттегені сәйкес келіп тұр да. Әрбір кітаптарының қай-қайсысын алсаңыз да ауыл туралы жазылған екен. Оқушылар да Сайынның шығармалары өздеріне жақын екендігін атап өтті.
Ал інісі болса сол кезде ауылға депортацияланып келген басқа ұлт өкілдері балаларының жоқшылықтан, қарны ашқандықтан сиырдың емшегін емгендігін әңгімелеп берді. Қарап отырсаң, қазіргі заманның адамы ертегі тыңдап отырғандай болады, тіпті шошиды. Сол кезде олар сондай жағдайда өмір сүргендігімен бөлісті.
Әдеби кешті жүргізген «Жетісу» облыстық газетінің редакторы Жұматай Оспанов кездесуге келген балалармен де, келген қонақтармен де кері байланыс жасап, өте қызықты өткізді. Сонан соң көңілден шыққан Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің қызметкері Шакир Бағдаулет пен Талдықорған қаласындағы Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектептің оқушысы Серікболат Әмина жазушының әйгілі «Жусан иісі» шығармасынан үзінділер оқығаны болды. Өте әсерлі оқығандары сондай, мен өзім жыладым. Кітапты өзім оқып отырғандай әсер алдым. Үйге барғаннан кейін қайтадан сол кітапты ашып, оқыдым. Олар үзінді ғана аудиокітап сияқты оқып берді ғой, соның өзінде өте әсерлі болды, сол жерде талай адам көздеріне жас алды.
№9 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Егізбаева Анар Сайын Мұратбековке арналған өлеңін оқыса, Дәнеш Рақышев атындағы филармония әншісі, мәдениет саласының үздігі Гүлбану Лахаева «Сайын аға» әнін керемет әсерлі орындады.
Музейдің аға ғылыми қызметкері, көрмемен таныстырушы Ақбота Ерболсынқызы:
— Сайын Мұратбековке арналған іс-шара барысында көрмемен таныстырған болатынмын. Әдеби кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филлиалының өкілі Жангелді Немеребай жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, сөз алып, әдебиеттен сыр шерте отырып Сайын Мұратбеков шығармаларына тоқталды. Арнау өлең оқыды.
«Көрменің бастапқы бөлігінде Сайын Мұратбековтың балалық шағына шолу жасалды. Негізі, Сайын деген есім сол заманда халыққа таныс емес екен. Бұл есімді оған атасы Мұратбек қария беріпті. Сұрапыл соғыс жылдарының ызғары басталмай тұрып ауыл адамдары кеш батса, Мұратбек
қарияның үйіне жиналып, балаларына жыр-дастан оқытып, тыңдайтын болған екен. Сол кезде Сайынның атасы «Ер Сайын» жырын тыңдапты. Онда құдайдан ұл сұраған қария туралы айтылады, Алла тілегін қабыл етіп, 100 балаға татитындай ұл беріпті. Соған еліктеп, Мұратбек қария немересінің атын Сайын қойыпты. Көрмеге отбасылық суреттер ішінде бала Сайын ата-әжесімен және қарындасымен, анасымен түскен суреттер қойылды. Оның туған анасы алты жасында өмірден озған екен, кейін әкесі майданға аттанған. Соғыстан денсаулығы болмай қайтқаннан кейін Сақыпжамал деген әйелге үйленген екен. Сол анадан туылған балалармен қарындасы екеуі бірге өсіпті. Бұл жерде анасының қолтаңбасы бар жәдігерлер қойылған, төсек жапқышы мен сүлгісі.
Көрменің Сайын Мұратбековтың жастық шағына арналған бөлігінде Алматыға оқуға түскен кездегі жәдігерлер қойылған, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде қазақ әдебиетінің болашақ заңғар тұлғаларымен танысады. Өзінің өмірлік достары Әкім Таразимен, Қалихан Ысқақовпен, Әбіш Кекілбаевпен түскен суреттері, құжат-жәдігерлері қойылған.
Содан кейінгі бөлім Сайын Мұратбековтың отбасына арналған. Мариям мен Сайынның үш ұрпағы болған. Ұлдары Әлім, үлкен қыздары Райкүл, кіші қызы Құралай. Кейін әйелі «Басында Үшқараның» атты жинақ шығарған. Жұбайымен, отбасымен түскен суреттер қойылған. Киген киімдері, ұстаған заттары да осында. Соңғы бөлім шығармашылығына арналған. Қапал ауылында колхозшы болып еңбек жолын бастағаннан қазақтың небір ғұламаларымен қызметтес болғандағы жәдігерлер осында.
Реті келгенде айта кетейік, оқырман қауымға қаламгердің шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрме 12 қазанға дейін көпшілік назарына ұсынылады.
Кешті ұйымдастырушы Нұрданәліұлы Әлфараб:
— Кешті жазушының 90 жылдық мерейтойы қарсаңына М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерішісі Бекенқызы Айгеріммен бірге ұйымдастырғанбыз. Қаламгердің туыстарын музейде редактор болып қызмет жасайтын Қалқаман Абдрахманұлы арқылы таптым. Іс-шараны ұйымдастыру барысында жазушының шығармашылығына арналған көрме құру барысында аздаған қиындықтар болды. «Жетісу» облыстық газетінің редакторы кеш барысын өзі қолға алды. Кештің жақсы өткеніне, қатысушылардың ғибрат алып, риза болғанына өте қуаныштымыз.
Автордан: Сіздердің әсерлі кеш туралы әңгімеден біз де бірталай мағлұмат алдық, сіздерге де көп рахмет! Енді біз сол алған әсерлерімізді оқырманға жеткізіп отырмыз!
«Сайын Мұратбековтің әдеби мұрасы – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін, ұлт руханиятының алтын қорындағы құнды қазына. Қаламгердің сырлы шығармалары арқылы адамдықтың асыл қасиеттері мен туған жерге деген сүйіспеншілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек» деп баяндауымызды
Абдрахманұлының сөзімен аяқтасақ.
Құралай Нарынбай
Талдықорған қаласы
