Ғасырдың дана қызы
Ел дәулетін еселей түсу мақсатымен ауыл шаруашылығы саласының сан салалы қым-қуат тіршілігін түлеткен алыптардың қатарында өзіндік өнегесімен өрнекті өмір сүрген Зылиха Тамшыбаева апамыздың тәлімі бүгінгі ұрпаққа әрдайым өнеге. Ол іскер ұйымдас-тырушы, қамқор басшы, асыл жар, ардақты ана бола білді. Айналасына нұр шуағын төкті. Қазақ қызының қайсарлығын, қазақ әйелінің зиялылығы мен бекзаттығын көрсете білген аяулы ана ретінде төрт перзент өсіріп, немерелерінің қызығын көрді.
Ол қаршадай қыз кезінен қайнаған еңбекке білек сыбана араласып, қатардағы сауыншыдан іргелі кеңшардың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген ауыл шаруашылығының ересен білгірі, “Дала академигі” атанған Нұрмолда Алдабергеновтің өнегелі шәкірттерінің бірі еді. Анасынан жастай жетім қалған Зылиха Жанболатқызы өмірдің барлық өткелдерінен сүрінбей өтті. Бұрынғы Гвардия ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы ұжымшарда 1954 жылы оқу үйінің меңгерушісі, 1955-1963 жылдары тауарлы сүт фермасының меңгерушісі, 1970-1971 жылдары “Еңбекші” кеңшары партия ұйымының хатшысы,
одан кейін осы шаруашылықтың директоры қызметін абыроймен атқарды. Ол өзі қалыптастырып, жан-жақты дамытқан шаруашылығында өмірінің соңына дейін, қырық жылға таяу уақыт жемісті жұмыс істеп, қазақ қызына тән алғырлығы мен алымдылығын таныта білді. Көптеген кадрлардың өсіп қанаттануына елеулі ықпал етті. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыдан алға басуына айтарлықтай қомақты үлесін қосты. Адамдармен қоян-қолтық араласа, тіл табыса жұмыс істеудегі үлгісін ауылдастары әрдайым мақтанышпен айтып жүретін еді. Жылдар өте келе Зылиха Жанболатқызы шаруашылыққа қарасты әрбір отбасының мұң-мұқтажын, қиындығы мен қуанышын күнбе-күн біліп, қол ұшын беріп отыратын тұлғаға айналды. Жеке отбасының қуанышына қатысып, көмек беру осы қазақ қызының ауылға алып келген тың жаңалықтарының бірі болды. Қазақы дәстүрлерді берік ұстап, ауыл, көше тойларын өткізуді ұйымдастырды. Ең бастысы, Зықан үлкен ақсақалдардың ақылын тыңдап, батасын алып, жалпы халықтың ой-пікірімен санасып отырды. Қаншама игілікті іс-шаралар шаруашылық басшысының қолдауымен өткізілгенін бүгін көнекөз қариялар жыр қылып айтады.
Өзінің атқарған еңбегінен ләззат алған Зылыха Жанболатқызының жан-сезімінің тереңдігі, адамгершілігі, өткен тарихқа деген тағзымы өте ерекше болды. Сол кеңес дәуірі жылдары-ақ Жетісудің үш әулие бабалары Ескелді, Балпық және Қабан жырау кесенесіне барып, тәу етіп, құран бағыштап отырған.
Биыл қазан айында тірі болса хан қызындай Жетісудың Зылихасы 90 жасқа толатын еді. Көңілі көгілдір көктемдей, жаны жадыраған жаздай, өмірі өнегелі, еңбегі берекелі болып, ел тарихында есімі мәңгі жазылып қалған Зылиха Жанболатқызының асыл бейнесі – халықтың жүрегінде, жадында.
Жетісу өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған Зылиха Тамшыбаеваның өмірден көшкеніне де 15 жылдың жүзі болды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген рас екен. Күн өткен сайын есімі аңызға айналған Зылиха Жанболатқызының бейнесі бізден алыстап биікке көтеріліп, халқына сіңірген еңбегі ел тарихының парақтарында алтын әріптермен жазылып қалды.
Зылиха Жанболатқызын елі-жұрты сағына еске алып,әр түрлі салада іс-шаралар аталып өту бұл өңірде дәстүрге айналған. Ең алдымен мектеп ұжымы бастап Зылиха Жанболатқызы атында айлық өткізген (ашық сабақ, шығарма жазу,тәрбие сағаттары, спорттық турнирлер) директоры Гүльмира Айтбайқызы Садырбаева.
02.10.2026жылы Зылиха Тамшыбай ауылында үлкен мереке.Зылиха Тамшыбайдың 90 жылдығына арналған «Еңбекпен өрілген гүл ғұмыр» атты «Ғылыми – мерейтойлық конфренция» өтті. Конференцияны ұйымдастырып өткізуші — «Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
Конференцияға Жетісу облысының әкімі Б.Ө.Исабаев, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик – Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының бұрынғы депутаты — Құдайберген Бексұлтанұлы Бексұлтанов, абыз ақсақал,қоғам қайраткері – Қылышбаев Наурыз Қылышбайұлы, Астана қаласынан Серік Абдрахманов,Төкен Егінбаев т.б.көптеген кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығының майталмандары келді. Жергілікті мәдениет үйінің залы лық толды, бос орын болмады. Конференцияны жүргізуші Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов президиумда орналасқан Б.Исабаев, А.Күрішбаев, Қ.Бексұлтанов, Н.Қылышбаев, Д.Әубакірқызы Жазылбековаларға кезегімен сөз берді.
Бірінші болып трибунада сөз сөйлеген облыс әкімі Б.Ө.Исабаев Зылиха Жанболатқызы туралы жан-жақты қамтылған баяндамасын оқыды. Сөз кезегін алған академик А.Күрішбаев та марқұм Зылиха Жанболатқызының өміржолындағы тынымсыз еңбегіне баға берді. Бүгінгі күні жақсы тұқым алу үшін, ғылымға жүгіну керектігін баса айтты. Көптеген шетелдік ғалымдарының ауылшаруашылығындағы жетістік-терінен мысалдар келтірді. Жасанды интеллектіні пайдалана отырып жақсы өнім беретін тұқым алуға болады дей келе, Зылиха Жанболатқызының артында қалып еске алып,рухын дәріптеп жатқан ел-жұртқа ризашылық білдірді.Келесі сөз иесі Наурыз Қылышбайұлы тереңнен толғап, Злиха апаймен қатар жүріп,ол кісінің ауылшаруашылығының сан-салалы іс-тәсілдерін меңгеріп қана қоймай үлкен адамгершілік пен парасаттылық иесі екендігін айтып, ғасырдың дана қызы еді деп сөзін түйіндеді.
Келесі сөз иесі жерлесі әрі ауылда өтетін әрбір шарада қатар жүрген сіңлісіндей болып кеткен ардагер ұстаз Жазылбекова Дәмеш Әубәкірқызы елмен тартымды естеліктерімен бөлісті .
— Ол кісі өзі туралы көрген қиыншылықтарын жасырмай айтып отыратын еді. «Анам Бибіш мені көтергенде құстың етіне жерік болған екен, сен құс сияқты биіктерге самғарсың», деген сөзді айтып отыратын деп анасын еске алып отырушы еді. Өзі айтқандай өмір жолын еңбекпен бастап, халқына танымал Еңбек ері атанып биіктен көрінді ғой.
Шаруашылығы төмен-деген «Амангелді» ауылына басшылыққа келіп еңбекке араласты. Ол кісінің бір қасиеті еңбек адамдарын қатты құрметтейтін. Солармен ақылдасыып отыратын. Ауыл адамдарына тегін үй берілді. Отын, шөп, сумен,көмірмен қамтамасыз етті. Мереке сайын сыйлықтар тарататын. Күз айларында жиын-терін біткен кезде «Ауыл мерекесін» өткізіп, халықтың көңілін көтеріп, өзі бірге жүретін. Ол кісі келе жатқанда халық тік тұрып жол беріп құрметтейтін, сыйлайтын бетіне тік қарауға дәтіміз жетпейтін.
Рухы биік, қасиетті адам еді ғой. Әр отбасының жағдайын жасап көмегін аямайтын. Оқу-білімге көп көңіл бөліп, мектепте өтетін іс-шараларда, жиналыстан қалмаушы еді. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын оқуға тусуге барғанда, жол қаражат бөліп, оқуын-білімін қадағалап отыратын. Көп жастар білікті маман ретінде қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Тоқырау жылдарында қаражаттан қиналған адамдарға, алдына барса өзінің зейнетақысынан да беруші еді. Еңбек ақысын уақытында ала алмағандарға, Павлодар қаласынан киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар алғызып тарататын.
Ауылымыздың тазалығына, көшелеріміздің көркіне көңіл бөліп өзі тексеріп отыратын. Ауылымызға «Мәдениет үйі» салынып, ашылуына «Отырар сазы» ансамблін алып келген Нұрғиса Тілендиев атамыз, лентасын қиып батасын берген. Д. Қонаев атамыз, Н. Назарбаев атамыз, З. Нұрқаділовтар ауылымызға келіп еңбек адамдарымен кездесулер өткізді. Бұл құрметтің бәрі Зылиха апамыздың атағы, сол кісінің беделі болатын. Шетелдерге іс-сапармен барса да, сол елдің тәртібі, мәдениеті, тұрмыс тіршілігі туралы көп айтушы еді.
Зылиха Жанболатқызы еңбекқор, мейірімді, қарапайым, көпшіл, қоғам қайраткері, халқының бағы үшін туған адам.
«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,- демекші, өзі кетсе де, артында атқарған ісі өнегесі, өсіп-өнген ұрпағы қалды. Құрметтейтін халқы бар, есімі ел есінде қалды. Ауылымыздың аты, мектептің аты, қалада көшенің аты халықтың қалауымен апамыздың атымен аталды. Әлі есімде 1974 жылы осы ауылда жаңа мектеп ашылып, Алматыдан жас маман болып келген мені апамыз құттықтап қарсы алып еді. Отыз сегіз жылдан кейін өз қолымен шапан жауып, зейнеткерлікке шығарып салған. Бүгін көпшіліктің қалауымен мен 90-жылдығына естелік айтып тұрмын. Бұл мен үшін үлкен бақыт.
Құрметті зиялы қауым! Зылиха Жанболатқызының 90 жылдық мерейтойын өткізуге көп көмегін тигізген облыс, аудан әкімшілігінің азаматтарына ауылымыздың атынан алғыс айтамыз.Сөзімнің соңында тағы да апамызды еске алып, бір ауыз сөз қосқым кеп тұр.
«Жан аямай еңбек еттің өмірде,
Жарық жұлдыз Шолпан болып төрімде.
Жай отындай жарық еттің де ғайып боп,
Атың қалды мәңгі өшпейтін көңілде»,- деп сөзін түйіндеді.
Осындай әсерлі еске алулардан кейін әркімнің де сөйлегісі келгені байқалды. Кезінде мемлекеттік қызметте болған апаймен бірге жүріп көп шаруаларды атқарған кәсіпкер Бағдат Сайланбайұлы Манзоров сөз сұрап мінбеге шығып,бірталай естеліктерді ортаға салды. Конференция соңында Жетісу облысы филармониясының өнерпаздарының концертін тамашаладық. Сыртқа шығып адамдар бірден тарап кетпеді. Қасыма келген ауылдың ақсақалы Мырзакелдіден:
— Қазіргі ауылдың жағдайы қалай, сол туралы айтсаңыз?— деп сұрадым
Жалпы ауылымызға бар жағдайды Зылиха Жанболатқызы жасап,ауылды қала типне келтіріп беріп кетті ғой. Дегенмен де Зылиха апайды ел-жұрт сағынуда. «Апай бар болса олай болар еді,былай жасар еді»,- деген ел ішінде ол кісінің жақсылығын көріп бүгінде соны аңсаған адамдар бас қосқан орындарда айтып тұрады.Шынында да ол кісінің орны бөлек,ерекше еді. Бүгінгі конференцияда сөйлеген азаматтарға халық әбден риза болды.Қазір де жағдайымыз жаман емес ауылдың кіреберіс көшесіне қатарынан өте сапалы етіп 15 үй тұрғызылды. Бүгін өздеріңіз куә болдыңыздар 5 үйдің кілті тапсырылды. Апай салып кеткен ізбен жүріп жатырмыз.
Мырзеке, апайдың артында қалған сіздер сияқты азаматтар тұрғанда ол кісінің рухы асқақтай бермек.Әңгімеңізге рахмет!
Соңынан Зылиха апамыздың рухына бағышталған ас берілді. Бүгінгі іс-шараға риза болған қонақтар ыстық ықыласпен тарасты.
Сембек СОЛТАНҰЛЫ
«Алатау»
