Нұрмолданың нұрлы жолы
Жеті жасымда мектеп табалдырығын аттауым мұң екен (1957ж), әкем құшақ-құшақ газет пен бірен-саран журналды әкеп, аласа үстелдің үстіне тастай салады да: «Ал, оқы, мектепке бардың ғой!» — дейді. Сөйтіп намысымды жанып, үтір-нүктесіне қарамай зуылдататын боп шыға келдім. Біздің ауылда «әліппемен қоштасу» әркімнің өз еркінде еді. Республикалық газет беттерінен «Американы басып озамыз» деген саяси ұрандар мен одақтық, республикалық компартиялардың саяси бюро мүшелері түспейді және соғыстан кейінгі қарқындап өсіп келе жатқан шаруашылықтар, ерен еңбек иелері туралы мақалалар кетпейді. Солардың ішіндегі біздің ауылдан сонша алыс болмаса да, қиялымыздан алыс, сенер-сенбес болатын бір ауыл бар.
МЕНІҢ ЕРТЕГІМ
Ол – Талдықорған ауда-нындағы Сталин атындағы колхоз. Олардың тау-тау қызылшаларының суреті, сауылып жатқан сиырларының суреті, қырқылып жатқан қойлары, еңбекшілері, оны басқарып жүрген басшы Нұрмолда Алдабергенов суреттері қайта-қайта шығады. Шұбар, Жаңалық деп аталатын ауылдарда біздің жақтан ертерек көшіп кеткен туысқандарымыз Ақық Нұрманбетов, Темірғалы Орманбетовтың отбасылары тұратын. Әке-шешеміз, ауылымыздың үлкендері сол кісілердің тұрмыс-тіршіліктерін жыр ғып айтады.
Темірғалы ағамыз Байқал деген ұлына той жасап, біраз адам колхоздың ашық машинасын сұрап алып, елу-алпыс шақырым жерге оранып-шымқанып барды. «Қазір келеді, келе жатыр» деп, бір кісіні күткен еді, жарқ-жұрқ етіп сарғыш плащ киген ағай келіп төрге озды. Жұрттың бәрі сол кісінің аузына қарады, әулие тұтты. Әкемнің алдында отырып, не естігенім есімде жоқ, таңданып қарай берем. Ол елағасы Нұрмолда еді. Көп отырмай кетіп қалды. Міне, менің тірі ертегім алты жасымда осыдан басталған еді. Одан әрі саңқылдаған радиодан, күнделікті баспасөзден жиі естіп, оқып отырдым.
«Мәдениет және тұрмыс» журналының ең алғашқы номері де осы ауылдың адамдары, көшелері туралы болды. Қанша үйде мотоцикл, машина бар деген мәліметтер шығады.
Бұдан әрі мен де өсіп келемін, мәліметтер де көбеюде. Әкем екеуміз осындай ауылдарға, байып жатқан елге, басшыларға таң боламыз. «Аздап қосатын шығар» дейміз, әйтпесе нағыз ертегінің өзі. Әлгі Ақық Нұрмамбетов атамыз да, Нұрмолда Алдабергенов те, колхозшылардың біразы да «Социалистік Еңбек Ері» атанып жатты.
Нұрмолда Алдабергенов
мемлекеттік делегация құра-мында СССР Компартиясының Бас Хатшысы Н. С. Хрущевпен бірге Индияны аралап, Джавахарлал Нерумен бірге жүргенін де күнделікті газеттерден оқып, суреттерін көріп жатырмыз. Біз басқадан гөрі Индиямен «таныс» едік. Ауылға үнді фильмдері келіп, тайлы-таяғы қалмай барған жұрт жылап-еңіреп көруші еді. Сонда бір отбасында екі қабат үйлер болатын, әйелдері асыл тасты киімдерді кимек түгілі, орап алатынын көріп, «қайдан алады, қалай тұрады екен?» десетін.
Екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған Нұрмолда атамыз барған жерінен көкірегіне көп жоспар, өнеге түйіп қайтады ғой. Үйіне келмейтін жазушы, ғалым, қайраткер жоқ. «Көргені жақсы көш бастаған» дала академигі өзіне арнап қос қабатты шағын ғана үй салады.
Құлау мен тұру
Бәсе, бәсе, 37-жылдың домалақ арызшылары бір жаққа кетсін бе, сол үйді сол данаға көпсінеді ғой… Газет айтады: бір күні орнынан кетті, үйін мемлекетке өткізді, су суғарып жүр дейді. Мұрап қой… Атамыз енді таңғы төрттен ауыл араламай, егіс аралап қызылша суғарады екен… Қорланбапты .
Еркін ауылында тұратын туысымыз Ақаш Сегізбаев біздің үйге бір келгенінде , «Нұрмолда Алдабергенов біздің сельсоветке төраға болып келді, біздің үйден түстенетін болды» — деді. Сталиндік режимді көріп қалған біздің үлкендер: «е, құдай-ай, шүкір, шүкір» десті. Бұл кезде Нұрмолда көтерген колхоз «ХХII партсъезд» деп аталады.
Адам тағдырын, еңбегін, қасиетін ойыншық ету біздің елге таңсық емес және Алла қолдаса, кез келген қиындық өте шығатыны да рас. «Мен өйтіп едім, бүйтіп едім» деп арызданбаса да, құдайдан қорыққан басшылардың біразы жаңаша «құтқару операциясын» құрып: «Ал, мықты болсаң көрсет, ана Мұқыры ауылы артта қалды, соны жөнде!» — деп, күніне бес-алты сағат қана ұйықтап, аңыз қалашығын тұрғызып, батырлардан рекордтар жасап, денсаулығын, жүрегін жартылаған адамды қайта сынаққа салады ғой.
Басын изеп тағы кетеді. Талдықорғаннан Алматыға беттегенде алдымыздан шығатын ірілі-ұсақты үйлері бар, есік алды тау-тау қи-тезек, талдан тоқылған шарбақ, көшеге қарап мөңіреген, кісінеген мал еді Мұқыры. Осындай ауылға келе Нұрекең өз оқуы аз болса да, мықты мамандарды ұйымдастыру қабілетін пайдаланып, өндірісін де, құрылысын да, оқу-білімін де қолға алады. Енді мұны теледидардан көре бастадық. Мұқыры ауылы К.Маркс колхозы болып түлеп шыға келді.
Тың игерушілерді мақтайды, әрине. Теп-тегіс тақыр далаға жаңа сызбамен үйлер салу, егін егу, мемлекеттің ағып жатқан ақшасын пайдалану мен ескі-құсқыны бұзып, біреуі қуанғанмен, біреуі келіспей, қора-жайын бұздырмай тырысып жатқан, өзі тұралап жатқан ауылды жалғыз өзіңе «Не істесең оны істе, сен мықты едің ғой!..» -деп сынай қарап тұрған жерден жаңа мекен тұрғызған қандай?!
Марқұм әулие атам сол сынақтан да сүрінбей өтті ғой! Жұрт: «Әй, керемет, керемет! Мына кісі үшінші мәрте Ер атануы еш күдіксіз…» – десті.
Әттең, әттең! Әуелі Алланың жазуы, содан кейін тәннің де, жанның да тыным көрмеуі, рухани соққылары алып адамды алып жықты. Есесіне, бұрынғы Талдықорған – Алматы жолының бойында алып монумент мәңгіге орнады. Ары өткен-бері өткенде ерніміз жыбырлап дұға етуші едік. Кейде жақындап барып Құран оқытушы едік. Қазір бір сағаттай уақыт үнемделгеніне мәзбіз. Сол мүмкіндігімізден айрылдық. Ел-жұрт арнайы барып, жылына бір рет болса да гүлін қойып жатады, жас жұбайлар тәу етеді.
Мені жетелеген нұрлы жол
1974 жылы тағдырдың жаңа бағытымен Нұрмолда Алдабергенов атындағы сегіз жылдық мектеп-интернатқа Қарабұлақ кентіндегі аудандық оқу бөлімінен бұйрық алған мен зілдей сөмкемді арқалап Талдықорғандағы автобекетке келдім. «Сағат 10-да жүретін автобус болмайды, енді 11:15-те бір-ақ жүреді» — дегенге қиналып тұрдым да: «СХТ мен Шұбар бір-біріне тиіп тұр» – дегенді қабыл етіп, «СХТ» деген автобусқа отырдым. Жарты сағат өтпей жетіп келдік те, әрі қарай зілдей сөмкемді көтеріп ұзын жолға түстім. Тамыздың ыстық күні әлі келемін, әлі жоқ. Иә, көкпеңбек ауыл көрініп тұр, бірақ жеткізбейді. Әлгі кешіккен автобус басып озып кетті. Қасымнан велосипед мінген бір адам өтіп барып, тоқтай қалды. Осыдан оншақты жыл бұрын біздің ауылдан көшіп кеткен Тиінов Ермұханбет ағам танып, жөн айтысып, сөмкемді салып алды.
– Аға, анау шеткі екі қабатты аппақ үй мектеп шығар, ә? – деп қуанып келемін.
– Жоқ, а, – деді ағам, – ол колхоздың диірмені!
Ал керек болса! Ауылдың екі-үш қабатты мектептері беріліп жататын, бірақ диірмен осындай болады деп естімеппін.
Шұбардың шеті түгіл ортасына барсаң, бір күнде аралап шыға алмайтындай, кішігірім қалаға бергісіз елді мекен. Тамыз айында Шұбар ауылы көкпеңбек бақшасарай сияқты. Тық-тық етіп, асфальт түгіл, тротуар басып әлі келеміз. Сызғышпен сызып қойғандай көшелер, бірінен-бірі озған әдемі үйлер, әр үйдің шарбағынан қызыл-шұбар гүлдер, бұтақтарымен бірге иілген алма, алмұрт көз қуантады. Сол кездегі колхоз бастығы Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев екен, алайда ауылдың келбетін осылай тұрғызып кеткен Нұрмолда атамыз еді. Ауыл көк орманның ішінде тұрғандай.
Сейітқан деген ағамның үйіне тоқтадым. Олар да алдымен Нұрмолданың өзіне арнап салған үйінен шығып, жеке үй сатып алған екен. Коммунистігімді міндет қылып, «балам бар, үй беретін жерге ғана барамын», дегендегі алған жолдамам ғой. Атамыздың өзіне салған үйінде алдымен пансионат болыпты. Енді мектеп-интернат ұстаздарының төрт отбасы тұрады. Соның екі бөлмесі әзірше босамай тұр еді, күте тұрдым. Сол үйдің артындағы шаруашылыққа арналған каркас үй шағын үш бөлмелі. Сонда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ө. Молбаев алты адам болып тұрып жатыр.
Негізі, осы ауылдан шыққан мықты-мықты мамандар жан-жаққа, облыс, тіпті республикаға көтеріліп кетіп жатады екен.
Алдабергеновтің үйіне құдайға сыйынып, жеті нанымды беріп орнықтым. Ұйықтар алдында да кәлимамнан кейін сол кісіні атайтынмын: «Мына баспалдақпен жүрді ғой, мына қабырғаны ұстады ғой», – деп, өзіме пір тұтқаным – шындығым. Мен коммунист едім, бірақ нағыз атеист болмадым.
Нұрмолда Алдабергенов шопандар мен көп балалы отбасыларының балаларына арнап екі қабатты сегізжылдық мектеп, үш қабатты заманауи интернат салғызған екен. Атшаптырым аумағында үлкен алма бағы, стадионы, шаруашылық аймағы – бәрі қоршалған. Стол теннисі жарысы, волейбол, футбол, баскетбол спартакиадалары үзілмейді екен.
Қызылша науқаны кезінде адамдар бейсауат жүрмейді. Киім киістері де «мынау сауыншы шығар, қызылшашы шығар» дегізбейді. Мұғалім, кеңсе қызметкерлерінен колхозшылардың айырма-шылығы жоқ.
Қос қабатты балабақша өзің кіріп кетердей. Әдемі ойын алаңы. Ол заманда қаланың өзінде балабақшаның көпшілігі бір қабатты еді. «Орын жоқ, — деді, — науқан аяқталғанда, жыл соңына қарай болмаса».
Үлкен бір аумақта Мәдениет үйі. Аудандық мәдениет сарайларынан да аумақты, көркем. Облыстық, республикалық шаралардың қатысушыларына осы ауылды көрсетпей қоймайды екен. Сондықтан тазалық, көркемдік мәселесі бір күн толастамайды. Аяғыңның астына жапырақ үймелемейді, балшыққа да батпайсың.
Батырлар аллеясын аралап шығудың өзі бір ғанибет. Нұрмолда Алдабергенов ескерткішімен басталған оң жақ, сол жақ, қапталда Еңбек Ерлерінің тірісінің де, өлісінің де бет-бейнесі аралас, бәрі еңбекке, отансүйгіштікке шақырып тұрғандай. Мен бұны мақала үшін емес, шынайы айтып отырмын. Дәл сол кезде маған солай әсер етті.
Сол алаңда екі қабатты колхоз кеңсесі және сондай қонақ үйі бар екен. Олардың бір жеріне дақ тиіп, сылағы түсіп көрмейтін сияқты. Ауылдық кеңеске барып тіркеуге тұрдым. Сол жер ғана бір қабатты әсем үй еді, қазір екі қабатты ғимарат болыпты.
Бұл ауылда «қалаға кетемін, тұрмысымды көтеремін» деген адам естіп көрмедім. Өйткені елдің қағанағы-қарқ, сағанағы-сарқ.
Халық театры бар еді. Бүкіл Қазақстанға аты шыққан өнер ордасын Таубай Әбішбаев, бұлбұл келіншегі Кенжегүл басқарды. Осылардың көркемдік кеңесіне мүше болғаным бар. Кәдімгідей жаңа спектакльдерін талдап, режиссер біздің пікірімізбен санасатын. Жазушы–драматург Садықбек Адамбековтің өзіне біраз пікір қосқаным бар.
Ауыл орталығында екі қабатты универмаг, сыртында шаруашылық тауарлары дүкені, гастрономы, кітап дүкені, шаштараз, аяқ киім, тігін шеберханалары бар.
1974 жылды көзіне елестеткен адам қазір кем дегенде 60 жаста болу керек. Бұл көрініс ол кезде ауылдарға емес, аудан орталығының кейбіріне ғана тән еді.
Қонаққа, тойға дегендей дастархандарға баруымыз көбейді. Жоғары талғаммен жиһаздалған үйлер, мәдениетті де берекелі ас мәзірі кез келген үйдің қалыптасқан дағдысы еді.
Ауыл наубайханасынан арбамен алып шығып, көше аралап, қызылшашы отбасыларына беретін дәу-дәу бөлке нандар болушы еді. Кейде жалынып-жалбарынып: «Біз де қызылшаға шығып жүрміз ғой», – деп алып қалатынбыз.
Жыл қорытындысы бойынша мұғалімдерге де қап-қап қант тиетін. Шаруашылық ұстаған мұғалімдер жем, шөп, жом түсіріп алып жататын, тіпті соғым алатын. Қымыз бен шұбатын, Жамал апамды ұмытқан емеспін.
Ол кезде «Коммунизм құрамыз» деген ұғым болатын еді. Бірақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген заман, сол коммунизм сол Шұбар – қазіргі Алдабергенов деген ауылда болған екен.
«Көп ұлтты» деген сөз кейде көбік үшін айтылады, саясат үшін айтылады. Ал осы ауылда қазақтан кейінгі көп халық неміс еді, сосын орыс, поляк, грек, кәріс, шешен, татар, ұйғыр, өзбек, т.т – бәрін көрдім, таныстым. Көше аралап тізім жасадық, ата-аналарға жолықтық дегендей. Б. Разбицкий деген агроном да, Е.Гайворонская деген сауыншы да – бәрі Нұрмолданың шекпенінен шыққандар еді. Олар Нұр-ағасын құрметпен, ілтипатпен еске алатын.
«Мәдениет және тұрмыс» журналының 20 жылдығында көшпелі редакциясы келіп, кездесу өткізді. Соған қатысып талқылағандар ретінде төраға Бошай Кітапбаевпен бірге журналға суретіміз шықты. 20 жыл ішінде өскен ауыл келбеті, Нұрмолданың нұрлы жолын айқындап берді. Журнал беті тек ХХІІ партсъезд колхозына арналды.
«Шипагерлер»
Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам бола ма? Бұл ауылдың адамы аудан, облыс деп шапқыламайды екен. Қос қабатты ауруханасы анау-мынау ауданға дес бермейтіндей. Сол кезде Нұртай Кәткенов — бас дәрігер, Кеңес Валиев — терапевт екен. Аттары шыққан мықты мамандар еді. Өзім ауруханада жатып, Алматыдағы емімнен артық болмаса, кем емес екенін байқадым. Қаратал аудандық ауруханасында екі өкпесіне бірдей суық тиіп, нашарлаған шешемді әкеліп жатқызып, құлан-таза айықтырдым. Құрылғылары, мамандары сай, қайта-қайта жеңімпаз болып жүретін аурухана еді.
Ауылдың 650 орындық М. Байысов атындағы орта мектебіне екі ауысымда оқитын балалар сыймайтын еді. Мектеп директоры Сағынбай Мұратбеков 80–90 мұғалімді бір уысында ұстап, ауданда алдыңғы қатарды бермейтін. Осы мектепке
қазақ тілі мұғалімдері ауырып қалған кезде мен шақырылып тұрдым. Мектеп өмірі тынымсыз: спорт жарыстары, КВН-дар, диспуттар болып жататын. Осы КВН-ды- «Көңілді тапқырлар» ойынын өз мектебімде, кейін облыс көлемінде, педагогикалық институтта жаңа сценарийлермен дамытып, насихаттағаным бар. Осының бәрі Нұрмолданың салып кеткен сара жолы тәрізді..
50 жыл бұрынғы кездесу
Мектеп-интернатымыз Нұрмолда Алдабергенов атында болған соң, 1976 жылы атамыздың 70 жылдығын атап өту шарасын маған тапсырды.
Ол кезде стенд жасаймыз, газет-журналдан алған суреттер, мақалалар қабырғаға жапсырылады. Баяндама мәтінін директорымыз Асылкен Тұрғанбековке жазып бердім. Оқушыларға концерт бағдарламасын жасап дайындалдық. Нұрмолда атамыздың бәйбішесі Ақжарқын апа, қызы Күлән келді. Немересі аппақ «Волгасын» айдап келді. Сондағы «қатырғанымыз» — интернат асханасында дастархан жайдық.
Сол кезде қазіргідей мерейтой өткізу үрдісі жоқ па, білмеймін, Н.Алдабергеновтың 70 жылдығы аса қатты дәріптелмеді.
Аузыма құдай салыпты: сол кештің жүргізушісі ретінде: «Атамыздың әлі де 80, 90, 100… жылдықтары Ленин сияқты атап өтілеріне сенімдімін», – деп, бәрін риза қылып едім. Бірақ Алдабергенов жолы Лениннен озды. Менің өзім жарты ғасырдан кейін пірдей мойындаған атамның 120 жылдығына естелік жазып отыруым да бүгін бір мұғжиза сияқты.
Мұражай
Осы ауылдан шығып, биіктеп кеткен ауылбірі Көшкімбай Жанатов Сарқан ауданынан қайтып, Шығыстағы еліне оралған Б. Кітапбаевтың орнына келіп, колхоз председателі болды.
Өзі де дамып, өсуін тоқтатпаған шаруашылыққа Көшекеңнің қосқан еңбегін айтпай-ақ қояйын. Ал аңыз-абыз Нұрмолданың атын жаңғыртуға сіңірген еңбегі өлшеусіз болды. Шұбар ауылдық округінің және ауылдың атын Алдабергенов деп өзгертуге мұрындық болды. Ал біздің отырған үйімізді музей жасаймыз дегенде,
әрине, алғашқыда абыржып қалдық. Көмір жақпайтын, су тасымайтын жайлы жерді кім қисын? Үйімізге келіп түсіндіріп, Көш-аға үш отбасына үлкен-үлкен үш үй берді. Әлгі зілдей сөмкемен келген менің өзім 1982 жылы облыстық Мұғалімдер Білімін Жетілдіру Институтына ауысқанда ағаш жиһаздарымды сондағы ағайындарға тастап, қалған жүгімді жүк машинасымен алып көшкенім рас. Шыбық қадасаң, ағаш өсіп шығатын Жетісудың жері аз емес қой, алайда… Қасиетті Алдабергенов ауылына өзің қалай адал болсаң, ол саған сондай бақ береді, жолыңды ашады.
Ал Алдабергенов мұражайы жеке адамға арналған шаңырақ ретінде жер бетіндегі абат бақтың ортасындағы жұлдызды сарай болыпты. Мұражай қызметкерлері аталарының аруағын асқақтатып жатыр екен.
Ұрпақтар сабақтастығы
Қазіргі ауыл да жарқырай түсіпті. Сол тазалық, сол мәдениет. Тазартылған күмістей аппақ ауыл. Әрине, «егіс көлемі, мал басы» деген әңгіме аз. Бәрі жекешеленген. Заман осындай.
Мен барғанда дүниеге келмеген бала бүгін туған ауылын басқарып отыр. Ауыл әкімі Жалғас атасы Садырбайдан, әкесі Бақыттан кейінгі үшінші әкім болып, ұрпақтар сабақтастығының ерекше үлгісін көрсетіп отыр. Бір отбасынан әкімнің үшінші тізбегі болу қайда бар?! Тіл-көз тимесін!
Нұрмолданы сол заманға, соғыстан кейін әлсіреген ел бағына адал еңбектің айнасы етіп Алла өзі жаратып берген шығар. Әйтсе де «Болашақ» бағдарламасын білмей-ақ, университет дәрісін тыңдамай-ақ, академиктердің басын идірген адал адам, адал табыспен, адал еңбекпен үлгі бола алатын Нұрмолдадай адамды Жаратқан иеміз қайта берер ме екен?! Атақты шопан да, диқан да, дәрігер де, мұғалім де көп қой, бірақ соның бәріне жол көрсететін, іштей оқып туған дала корифейі Нұрмолдадай адам жүз жылда да тумай жатыр-ау. Мүмкін ендігі туған да болар?..
Арман
Қазақтың маңдай-бағына
Туса ғой дана тағы да!
Анадан дана боп туған
Ақылы асқан қазына.
Жықпаған елдің намысын,
Жемеген жұрттың табысын,
Жетектеп жетім-жесірді
Кесектеп алған алғысын.
Алыста да, бұл маңда,
Өрісте де, қырманда
Адалдықтың үлгісін,
Адамдықтың үрдісін
Көрсеткен абыз Нұрмолда.
Бүгінгі жалқау диванда
Пысқырмай арға, иманға,
Қалтамды қағып жегіштер,
Сатылып жайлау, өрістер
Құлазып көңіл тұрғанда
Келер ме ед қайтып
Нұрмолда!
Нұрмолда нағыз Нұр-Ата,
Алашым үшін Ұлы Ата.
Талмаған тарлан Нұрмолда
Тарихи тұлға ірі аса!
Менің ертегім ақиқат еді, енді аңызға айналған тәрізді.
Бағила Азанбаева
Талдықорған қаласы
