Қолданыс аясын кеңейту жолында
Сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің қолданылуы – ұлттық құқықтық жүйенің басты талаптарының бірі. Әсіресе азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолданысы азаматтардың құқықтарын толық көлемде қамтамасыз етуге және әділ сотқа қол жеткізуге ықпал етеді. Осы маңызды мәселелені жүзеге асыру жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті. Мәселен, сотқа жүгінуші азаматтардың әрқайсысы мемлекеттік тілде жүргізілетін істердің көбеюіне өз үлестерін қоса алады. Сондықтан мемлекеттік тілді сот саласындағы қолдану аясын да барынша арттыра түсу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн деп ойлаймын. Өйткені, сот ісін жүргізу тілі заң талаптары бойынша сотқа талап арыз берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Демек, әркім өзінің конституциялық құқықтарын дұрыс пайдаланып, жақсы білетін ана тілінде, яғни, қазақ тілінде арызын беретін болса, соттағы іс сол тілде жүргізіледі.
Ал сот төрелігін жүзеге асырудағы сот ісінің тілі туралы қағидаттың сақталмауына байланысты бірқатар кемшіліктерге жол беріліп келе жатқаны құпия емес. Мәселен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тергеушілер өздері жақсы меңгерген орыс тілінде істі жүргізуге мүдделі болып, айыпталушыны да, жәбірленушілерді де осы тілде жауап беруге мәжбүрлеген жағдайлар аз кездеспейді. Сондықтан іс сотқа келіп түскенде, кейде жәбірленушілер, басқа жағдайда сотталушылардың өздері сот өндірісінің тілін білмейтін болып, аудармашы талап етіп отырған жағдайларды көп кездестіреміз. Бүған қоса қорғаушылар тарапынан да өздерін қорғауындағы адамдарды өздерінің айтқандарына көндіріп, айдағандарына жүргізуге тырысатынын да кездестіріп жатамыз. Оны ,әсіресе, процестер кезінде анықтап жатамыз. Демек, мұндай кемшіліктерді түзетіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырғымыз келсе, бірінші кезекте қарапайым халықтың құқықтық сауатын ашуымыз қажет. Олар өздерінің конситуциялық құқықтарын, сотқа меңгерген тілінде, ана тілінде арыз беруіне, жауап беруіне құқықығы бар екенін бастапқы тергеу амалдары кезінде толық пайдаланып, заңның бұрмалануына жол бермейтіндей дәрежеге жеткізу керек. Ал, көбіне қарапайым адамдар заңгерлердің, полиция қызметкерлерінің жетектерініне еріп кетіп, меңгермеген тілінде толтырылған құжаттарға қол қоя беретіні құпия емес.
Міне, осындай олқылықтардың орын алуына жол бермес үшін жұртшылықпен кездесулер өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізссе нұр үстіне нұр болар еді. Бұған тергеушілер мен прокурорлардың, адвокаттардың бас қосуларын өткізіп, сот ісінің тілі туралы толғағы жеткен осы мәселені талқылау өткізіп, кемшіліктерді жою жолдары қарастырылса да ортақ істің ілгері басуына ықпал етер еді деп ойлаймыз.
Айнұр СЕЙІЛХАНОВА,
Талдықорған қалалық сотының
бас маманы
