Сот актісі міндетті түрде орындалуы тиіс

0
32

Қазіргі құқықтық мемлекет жағдайында азаматтардың және заңды тұлғалардың заңмен бекітілген құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерінің бірі – атқарушылық іс жүргізу жүйесі. Осы жүйенің маңызды буыны ретінде жеке сот орындаушы институты қалыптасып отыр. Жеке сот орындаушылардың қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу және нақтылау мақсатында Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы негізге алынады.

Жеке сот орындаушылары — мемлекеттің белгілеген міндеттерін іске асырушылар. Бізде сот актісін міндетті түрде орындалу керек деген қағида бар. Егер қандай да бір тұлға мемлекеттің немесе басқа бір адамның құқықтарын шектесе, оны қалпына келтіріп, құқықтарының бұзылуына жол берілмеу керек. Соған байланысты жеке сот орындаушылары заңды белден басып, заңды күшіне енген сот шешімін орындаудан жалтарып жүрген жауапкерлерді «жүгендеу» үшін өзінің тікелей міндетін орындауға кіріседі. Сондай жағдайларда шешімді орындауға мән бермей жүрген, кейбіреуі орындағысы келсе де қасақана созбалаңға салып жүрген жауапсыз жандар түрлі желеулерді алға тартып, жеке сот орындаушысының әрекеттеріне заңсыз деген уәжбен жеке сот орындаушысының өзін сотқа сүйреуді әдетке айналдырғандары да құпия емес. Олардың кейбіреуі қасақана созбалаңға салу үшін шағымданса, екінші біреулері құқықтың сауаттылығының төмендігінен осындай қадамға барып, соттың алдында ғана жеке сот орындаушысы заң шеңберінде әрекет етіп отырғанына көзі жетіп, өкініп жатады.
Осы тұрғыдан қарағанда жеке сот орындаушылардың қызметі әрине тиімді. Ал енді қызмет ерекшеліктеріне келер болсақ, жеке сот орындаушылар өзінің қызметін ҚР Әділет департаменті берген мемлекеттік лицензиясы негізінде жүзеге асырады. Өз қызметін өзі қаржыландырады. Қаржыландыру көзі борышкерден өндірілген қаржыдан құралады. Үкіметтің қаулысы бойынша жеке сот орындаушылар әрбір қызметі бойынша, қандай көлемде қызмет ақысын ала алатындығы белгіленген. Өндірілетін сомасына қарай, 3 пайыздан 25 пайызға дейін алады.
Жалпы азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру керек сынды. Өйткені өзінің қарызы бар екенін біле тұра төлемейтіндер көп. Жол қозғалысы қағидаларын бұзған жағдайда кейбіреулер өтірік мекен-жай жазып береді. Ескерту хат жібергенде мекенжай дұрыс болмай, қайтарып жатқан жағдай өте көп. Расында сот шешімін орындау, өндіріп алу қиынға соқтырады. Жеке сот орындаушыларының жұмысы өте қиын. Ескерту хат жібереміз. Оны алса да уақытты оздырып, түрлі сылтауларды алға тартып, уақтылы төлемейтіндер қатары да аз емес.

Айгерім АСБЕКОВА,
Жетісу облысының
жеке сот орындаушысы