Сүйінер ұл!

Таразда өткен бокстан ел чемпионатында жасындай жарқыраған Әділбек Қожаханның өнеріне сүйсінбеген қазақ жоқ шығар. Расымен де мықтыларды жолынан ығыстырған Әділбек шаршы алаңда жұдырықтасудың озық үлгісін көрсетті. Аяғының қимылы, қорғаныс, дөп соққы, ұрымтал жерден жұмсаған жұдырығы, қарсыластың осал тұсын шайқаса жүріп айқындау, қайсарлық пен өжеттік барлығын бір бойына жинақтап қойылған техниканы қатесіз орындау жас баланың бойындағы таланты деп бағалар едім. Нағыз тума талант. Мен әуелде Әділбек жайлы жазбас бұрын оның өмір тарихына тоқталайын.
Әділбек Талдықорғанның тумасы. Бірақ түп атасы Жаркенттен. Жаркент дегеннен- ақ, өздеріңіз сезіп отырған боларсыздар, қасиетті мекеннен. Олимп шыңына шыққан чемпиондардың мекені. Нұрбақыт пен Демеудің кіндігі кесілген мекенде Әділбектің де әкесінің кіндік қаны тамған жер. “Алтын шыққан жерді белден қаз” — дейді дана халқымыз. Міне, сол мықтылар салған соқпақ жолмен тағы бір талантты дүниеге әкелген Жаркент Дағыстанның Олимпиада чемпиондарын дайындайтын Хасавюрты секілді нағыз ұстахана десем артық айта қоймаспын.
Әділбектің әкесі Жеңіс менің аға досым. Қарапайым ғана азамат өмірін еңбекпен өріп, ауылшаруашылығы мамандығы бойынша үлкен мекемеде қызмет атқарады. Ол бірінші балаларын білім мен қарапайымдылыққа тәрбиелеп, ұрпағын дұрыс жолға жол сілтеген ардақты әке.
Анасы Эльмира да балалары үшін жанын құрбан етер биязы жан. Ал енді Әділбектің бокс жолына қалай келгеніне аз-кем тоқталайын.
Әділбек кішкентайынан зерек болды. Біз оны Әділбек деп емес кішкентайынан Тимош, Тимон дейміз. Сол Тимонды боксқа қызықтырған ағасы Едіге. Туған ағасы Едіге де бокспен шұғылданған. Жасөспірімдер кезінде түрлі жарыстарға қатысып жүлделі болды. Бірақ Едіге өмірін спортпен емес , біліммен байланыстырып, оқуға ден қойды.
Жаттығып жүрген кезінде ағасы Едігенің үлкен бокс қолғабын қолына киіп алып, Әділбек қабырға соққылайтын. Басына киген үлкен шлемді көтере алмай талай мәрте құлағанын көзіміз көрген.
Бірде Жекеңнің үйінде қонақта болдық. Әділбек кішкентай, шамасы 3-4 жас. Қолына қолғап киіп, Едігені соққылайды. Баланың қылығын қызықтаған біздер осы “Тимон пысықтау, спортқа баулу керек”, — деп айтатынбыз. Сонда әкесі Жеңіс: «Менің “Қарабайым” чемпион болады», — деп айтатын. Міне, әкесінің тілеуі қабыл болды деген осы шығар.
Жалпы, Әділбек кішкентайынан өте ширақ болып өсті. Әр нәрсені білуге талпынып, зер салатын. Сұрағы көп, үйге келсең болды, не болса соны білгісі келіп сұрай беретін. Сол кезде Жекеңе айтушы едік, осы балаңның сұрағы көп, таңдайы тақылдап танти береді — деп. Әкесі күлетін. «Басқа балалар тұйық, осы қарабайым сөздің түбін түсіреді» — дейтін.
Бір қызықты айта кетейін. Әділбек балақай кезінде соқыршек болып емханаға түсті. Дәрігерлер ота жасайын деп, баланы дайындап жатса, Әділбек дәрігерлерге сұрақ қойып, қандай дәрі құйғалы жатқанын, дәрілердің атауын айтып мазасын алыпты. Сонда дәрігерлер «кішкентай бала мынадай қиын атау мен дәрілердің қандай кеселге арналғанын қайдан біледі?» — деп таңғалыпты. Жекеңнің Әділбегі осындай.
Осылайша тынымсыз Тимонды спортқа беретін болды. Спорт жайлы қалам тербеп жүргесін Жекең маған хабарласып: «Ришад, ана Қарабайды боксқа берем, жақсы бапкер кім бар» — деп, хабарласты.
— Ой Жеке, Жетісуда бапкердің төмені жоқ, барлығы да мықты. Менің көршім, әрі сыйлас жолдасым Ерлан Білібеков деген азамат бар, бокстан жаттықтырушы, соған апарайық», — дедім.
Осылайша Ерекеңе келдік. Ешкімнің көңілін жықпайтын Ерлан баланы қарап, «менде бала саны көп. Мықты бапкер, бір залда балаларды бірге жаттықтырамыз. Бақыт Жазықбаев деген ағайының тобына жазамыз»- деп, Әділбекті Бақыттың қолына тапсырды. Сол күннен бастап Бақыттың бабында болған бала болашағынан көп үміт күттіретінін байқатты.
«Қарабайды» Бақыт шар болаттай шыңдап, алмас қылыштай жарқырата білді. Кішкентайынан шақар өскен Әділбектің қайсарлығы одан ары шыңдалды. Ел үмітін ақтап, түрлі жарыстарда жүлдеге қол созды. Жас шыбық күн өткен сайын шеберлігін арттырып, көптің көзіне де түсті. Болашағын бағамдаған бапкерлер де бар білігін арнап, Әділбекке сенім артты.
Кей тұста Ерланмен ұшырыса қалғанда «Әділбектің аяқалысы қалай?» — деп сұраймын. Сонда Ерекең «Ой, ол қара бала шақар, шамасы жете ме, жетпей ме, өзінен үлкен балалармен ерегесіп тұрады», — дейтін. Сол ерегескен қара бала міне, ел біріншілігінде өзінен үлкендерді жүндей түтті емес пе?!
Бірде әкесі Жеңіс ұлын алып маған келді. «Ришад, сен Нұрбақыт Теңізбаевтың досысың, әрі баспасөз хатшысысың, Нұрекең нағыз чемпион ғой, әрі менің жерлесім. Тимоныма бата берсін, батасын алайық, жолықтыр» — деді.
— Ау, Жеке, әрине, Нұрекең жас таланттарды үнемі қолдайды, барайық, — деп, басқармаға Нұрекеңе бардық. Әділбекке батасын беріп, қанаттандырып, кабинетінде тұрған допты сыйға тартты. Жоғарыда тұрған сурет сол кезде түсірілген болатын. Жақсының шарапаты деген осы шығар, Әділбек алғашқы жемісті жолына аяқ басты, алдағы белестерде де туы жығылмасын.
Дәл осы тұста бір қызықты айта кетейін, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жаттығып жатқан Әділбек додаға қатысатындардың тізіміне енеді. Мүмкін дайындығы кемшін болған шығар, бапкерлер баласының жағдайын жақсы біледі, келесі бір шайқасқа қайрап салар — деп топшыладым. Біраз уақыт өткесін Тимоным жұмысқа келді. Бет-аузы шұбар-ала, тесік-тесік.
— Әй, мынауың не?- дедім.
— Ойбай Ришад аға, өліп қала жаздадым ғой.
— Не болды?
— Ветрянка болып әзер тұрдым, соның кесірінен әлем біріншілігінен қалып қалдым, — деді.
— Ә, аман болсаң болды, алда талай чемпионат бар, соған қатысасың. Ішіңдегі жаманның бәрі сонымен шыққан екен, енді алтынды уыстап аласың, — дедім.
— Әумин, аға, — деп жаттығуына ол кетті.
Елгезек бала елдің сүйенішіне айналды, тіліміз тасқа, аман болсын!
Әкесі қызметпен қатар саятшылықты қатар алып жүрген азамат. Жиналып аңшылыққа барарда біздің Тимон: «Әке, аңшылықтан аю атып әкеліңізші», — дейтін.
Баланың тілін қызықтап: «оны не істейсің, жейсің ба?» — дейміз ғой.
«Жоқ, тісін алам, тесіп мойныма тағам», — дейтін. Бұны да жаратушы баланың аузына салып тұрған шығар. Қай салада болмасын азулы болайын деп тұр ма, кім білсін?!. Тілегің орындалсын!
Бастысы, Әділбек жеңіс деген асау аттың жалына жармасты, жалдан қолы ажырамасын — деп тілейік. Бұл тұста Бақыт пен Ерлан бапкердің еңбегі. Талантты тани білген, оны шыңдай білген бапкерлер. Олардың еңбегі өлшеусіз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел намысын жықпайтын чемпиондар көп болсын!
ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ӘДІЛБЕК! «БІЗДІҢ — ТИМОН» ДЕП МАҚТАНАТЫН КҮН КӨП БОЛСЫН!
Ришад Тұрғанбаев,
жанкүйер









