Кенжеханның шумақтары

Қолымызға әрі әріптес, әрі ақын Кенжехан Рақыштың бір топ өлеңдері тиді. Көптен бері хабарласпаған ақынмен телефон арқылы сөйлесіп, «Қайда жүрсің, жоқ болып кеттің ғой?» деген «тергеу» сөздер айтылды. Жауап қысқа болды: «Өмір, өмір, өмір-ай! Мына өлеңдерім сиясы кеппеген жаңа өлеңдерім. Жөн көрсең жарияларсың», — деген наз айтылды. «Құп, жариялайық», – деген жауап жолданды Кенжеханға. Оқып көрдік.Ұнады. 2023 жылы желтоқсанда жазылған жырларын да ұнаған соң қостық…
Сөз зергерлігі тек ұйқас құрау ғана емес, ол — сөздің астарына терең мағына сыйғызу, оқырманның жүрегіне жол тауып, қарапайым сөзбен адам жанын тебірентетін көркем ой сыйлау болса, Кенжеханның өлеңдерінде осының бәрімен қатар уақыт сыны, адам жүрегіндегі мұңы мен қуанышы, тағдыры ашық суреттелген.
Сәулеге
Өмірден өтем десем иланбадың,
Шығарып салу үшін жиналмадың.
Елемей өзіңдегі сырқаттарды,
Жаныма батты-ау сенің қиналғаның.
Үзбейсің тіршіліктен күдеріңді,
Шыңдайсың босаңсытпай жігеріңді.
Егер де сырқатыңды емдер болса,
Өзіңе берер едім жүрегімді.
Мен тегі өз жайымды ойламаймын,
Тағдырдың тереңіне бойламаймын.
Немере-шөберең бар сағынатын,
Сондықтан аман болшы, айналайын!?
Көз бен көңіл
Көретін мына әлемді көзім бе еді,
Қымтайтын аясына сезімдерді.
Ұмтылған жақсылыққа құштарлықпен,
Шалқиды шағаладай көңіл көгі.
Біртұтас сезіледі көз бен көңіл,
Бірлігін қабылдайсың желден жеңіл.
Желігіп жүргенімде өлең жазып,
Өтеді-ау қызғылықты мынау өмір.
Қоштасу
Жас ұлғайды, әзірге қалам қолда,
Кібіртіктеп көшеде жүрем зорға.
Өткіземін әр күнді күдікпенен,
Күш-қуатым белгілі тұрмас бойда.
Қауіптенем жан-жақты абайлаймын,
Алаңдаймын артыма қарайлаймын.
Туыстарым аман бол жақындарым,
Енді бірге сендермен бола алмаймын.
Түйін сөз
Жақсы да өтті басымнан жаман да өтті,
«Арғы бет» пен «бергі бет» заман да өтті.
Қиындықпен қызықты қатар көріп,
85-ке Кенжехан аман жетті.
Не болары күмәнді ары қарай,
Дүрліктіріп қайтемін тәмам көпті.
Қауқары жоқ икемсіз шал болыппын,
Болжай алмай жүретін төңіректі.
Өлеңменен өзімді жұбатамын,
Оятамын қалғыған бойдағы есті.
Құштарлық
Жер мен Көкті жаратқан ұлы күш бар,
Жер мен Көктен өрбиді құбылыстар.
Адам болып жүрген соң ақылға сап
Құпияны білуге болдым құштар.
Қалыбынан өзгермес тау менен тас,
Хайуанаттың біреуі бірімен қас.
Қаныпезер алакөз жабайылар,
Адамзатқа жақын боп еш жарытпас.
Өздерінше бір әлем қанаттылар,
Тіршілікте болуға талап қылар.
Сайрағаны ерекше бұлбұл құстың,
Жақындығы жаныңа жанап тұрар.
Құштарлықпен жыр еттім Жер мен Көкті
Түсінгендер бағалар бұл еңбекті.
Жер басып жүргендерге есте қалар
Суреттедім жердегі өзгерместі.
Көрініс
Шал келеді қолында таяғы бар,
Тәй-тәй басқан икемсіз аяғы бар.
Сәлем берген пендені еститұғын
Дәтке-қуат қалқиған құлағы бар.
Құрдастардың бұл күнде бәрі кеткен,
Кәрілерді іздейді төңіректен.
Сақалдылар көрінсе үміттеніп,
Сөйлесуге құмартып есі кеткен.
Жастар екен жасанды сақалдылар,
Ән шырқап жүр әр жерде сақалқұмар.
Сахнадан көрінер сүйкімсіздеу,
Сақалдылар көбейді мақалқұмар.
Шал келеді көшеде басын шайқап,
Көріністі әлгіндей жүрген байқап…
Туыстарға
Ей, менің тірі жүрген туыстарым,
Жақындық танытуға тырыспадың.
Келеміз босағаңнан аттай алмай,
Сонда да мен сендерге ұрыспадым.
Ей, менің көрші-қолаң туыстарым,
Бауырдай жақын тартып жұғыспадың.
Болсам да барлығыңа кіші әкедей,
Сонда да мен сендерге ұрыспадым.
Ей, менің өсіп-өнген туыстарым,
Сәлем беріп кетуге тырыспадың.
Анда-санда төбеңді бір көреміз,
Артық болмас ренжіп ұрысқаным.
Қараша 2026 жыл
Желтоқсан 2023 жыл
Ойқамау
Көңілдің көк дөнені шаба алмай жүр,
Өзіне керектісін таба алмай жүр.
Шабандап, кібіріктеп аяқ-алыс,
Діттеген жеріне де бара алмай жүр.
Жай ғана жазық жерде сүрінесің,
Теңселіп, мас кісідей білінесің.
Бағынбай босаңсыған буындарың,
Тірліктен ыбылжыған түңілесің.
Кеудеңде жаның барда үміттеніп,
Қаласың кәріліктен күдіктеніп.
Ажалдың мұның бәрі хабары ма?
Жаныңда алмайды ғой күліп келіп.
Әйтеуір бұл тірліктің өңі бөтен,
Өтті ғой осылайша небір көсем.
Еріксіз отырасың ойқамауға,
Жазмыштың әуелдегі соңы ма екен?!
Тонау
Тірлігінде адамзат,
Дүние-мүлік таңдайды.
Жетіспесе алаңдап,
Әр нәрсені қамдайды.
Осыған да тәубе деп,
Өзін-өзі алдайды.
Келе сала өмірге,
Алданумен келеміз.
Өкіметке, ұлыққа,
Жалданумен келеміз.
Қорыққаннан құдайдан,
Сұрағанын береміз.
Жаратқанын Тәңірдің,
Тартып алды халықтан.
Басқа түгіл әуелі,
Дәметпейсің балықтан.
Мал менікі болса да,
Құтылмайсың салықтан.
Жекеменшік өз үйің,
Ол да сені тонайды.
Төлемақы дейтіндер,
Пошташыға қолайлы.
Хатталғанын көрсетіп,
Жинап алу – оңайы.
Қалып тұр-ау күн мен ай,
Айтпай кетсем ұятты.
Үңірейді ой-сана,
Қорқыттың көрі сияқты.
Шүкірлік
Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Сексен асқан батырым,
Ей, Кенжехан қалайсың?
Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Шыққан күнді мақұлдап,
Батқан күнді санайсың.
Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Уақытқа қарайлап,
Денсаулықты тонайсың.
Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Барасың-ау қартайып,
Дегенменен жарайсың.
Жер басып жүрсең ақырын,
Бәрібір үйге келесің.
Шүкірлік ет Тәңірге,
Түбінде бір өлесің.
Адамзат
Адамзат жаралғаннан зерек болған,
Айнала жаратылыс керек болған.
Хауа-ана, Адам-ата балалары,
Уақиға бізге жеткен дерек болған.
Хауа-ана қатарынан егіз тауып,
Солардан басталыпты қатер-қауіп.
Сыйыспай Абыл, Қабыл екі бауыр,
Қыздарды қызғаныпты көңілі ауып.
Ақыры бір-бірін өлтіріпті,
Болмысқа зұлымдықты келтіріпті.
Жамандық жақсылықпен жағаласып,
Бастапты осылайша ел тірлікті.
Өтіпті содан бері талай ғасыр,
Адамзат өсіп-өніп, келе жатыр.
Жалғаннан жойымпаздық жойылмаса,
Түбінде болар дейді заманақыр.
Дегенмен, адамзаттан дана туды,
Білікті, ақылы асқан дара туды.
Жердегі бар байлықты іздеп тауып,
Көздеді бір кәдеге жаратуды.
Байқады одан кейіп айға барып,
Ұшаққа керектісін жайлап алып.
Әлі жүр жер серігін тіміскілеп,
Бұл адам оңар екен қайда барып?!
Кенжехан Рақыш,
Қазақстанның құрметті журналисі









