Ғарышты бағындырған батырлар

0
19026

12 сәуір – Адамзаттың ғарышты бағындырған күні. Сондықтан, 1968 жылдан бастап Халықаралық авиация федерациясы бұл күнді Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні деп бекітті. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деп жариялады. Ғарышкерлерді дайындау ісі бұрынғы КСРО-да 1960 жылы, ал АҚШ-та 1959 жылы және 1962 жылы жүргізіле басталды. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннен (1961) бастап ғарышқа төрт жүзден астам адам ұшқан. Олардың ішінде қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов бар. Ұшқыштар күні аясында назарларыңызға қаупі мен қиыншылығы көп мамандыққа қатысты қызықты ақпараттарды ұсынуды жөн көрдік.

Ғарышкерлер тамағы Мәскеу облысының Ленин ауданында орналасқан Бирюлев тәжірибе зауытында даярланады. Бұл цехта Гагариннен бастап, күні бүгінге дейінгі ғарышкерлердің бәріне тамақ дайындалады. Алғашқыда ғарышкерлер тамағы 165 граммдық түбекшелерде дайындалыпты. Одан алғаш ауыз тиген Гагарин болыпты. Оған көкте 108 минут болса да, белгіленген тәртіп бойынша тоғыз түрлі тамақ – борщ, котлет қосылған картоп, түрлі шырындар берілген. Технологтар мен конструкторлар ғарыш кемесінде сақталатын тамақтардың көп орын алмауына, оларды сақтау кезінде бұзылмауына және оның өте дәмді болуына барын салған. Ерлерге күнделікті 3200 килокалория, әйел ғарышкерлерге 2800 килокалория тамақ беріліп отырған. 1961 жылдан бері ғарышта 400-ден аса адам болған. Солардың ішінде МКС-те қызмет істегендерден артық ешкім тәтті тамақ ішіп көрмепті. Халықаралық ғарыш кемесі үшін француз аспазшылары тартылатын көрінеді. Қазір ғарыш көгінде орыс, американ және еуропалық ас мәзірлері тұтынылады екен. Нанбөлке тағамдарынан үгітілмейтін, ауызға шайнауға ыңғайлы тоқаштар ұсынылады. Ғарышты игерген 55 жыл ішінде көкке 80 тоннадан астам азықтүлік жіберіліп, 50 мың тамақ түрі дайындалыпты. Орта есеппен әр ғарышкердің түскі асы 18 мың рубльді құрайды екен. Бұл – азық-түліктің ғана шығыны, ал жеткізу шығыны басқа. Ғарыш кемесіне жеткізілетін жүктің әр килограмы 10-нан 20 мың доллар арасында тұрады. Ал, алғашқы тарихи сәт киелі қазақ жерінде – Байқоңыр ғарыш айлағында тіркелгендіктен, осынау атаулы күннің Қазақстан үшін маңызы зор. Елімізде ғарышты игеруге қатысты жүргізіліп жатқан ауқымды жобалардың арқасында қазақ халқынан да Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов секілді ғарышкерлер шығып, есімдері Қазақстан тарихы беттеріне алтын әріптермен жазылды. Бұл мақалада біз қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтерді топтастырып, көпшілік назарына ұсынамыз.

ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ МӘЛІМЕТТЕР

Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері, Талғат Мұсабаев – Тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкер, ал Айдын Айымбетов – ғарышты бағындырған Қазақстанның тұңғыш азаматы (Тоқтар Әубәкіров КСРО азаматы ретінде, ал Талғат Мұсабаев Ресей азаматы ретінде ұшқан болатын). Тоқтар Әубәкіров ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минутты, Талғат Мұсабаев 341 күн 9 сағ 48 мин, ал Айдын Айымбетов 9 күн 20 сағ 13 мин 51 с болған. Үш қыранға да ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілген. Сонымен қатар, 1988 жылы 31 қазанда авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген. КСРО-ның 72-ші, әлемнің 256- шы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров – бірнеше рет рекорд орнатып, Гиннесің рекордтар кітабына да енген тұңғыш қазақ ғарышкері. Оның рекордтары: – 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 8 сағатқа созылған сынақтың мақсаты: ұшақтың солтүстік ендіктегі магниттік аномалияға реакиясын байқау, т.б.; – 1989 жылы Тоқтар Әубәкіров КСРО-да алғаш болып МиГ29К истребителін «Тбилиси» крейсерінен истребительге арналған трамплиннің көмегімен алғаш болып ұшырды және асқан шеберлікпен дәл қондырды. Талғат Мұсабаев та рекорд орнатқан ғарышкер болып саналады. Гиннестің рекордтар кітабында оның бір айдың ішінде 5 рет небары 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны жазылып алынған. – әлемде бірінші рет жай ұшақпен, катапульттің көмегінсіз трамплиннен ұшқан ұшқыш (Гиннес рекордтар кітабына енген ерлігі); – қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері; – өзінің айтуынша, негізінде Әубәкір әкесі, атасы Оңғарбай. Сонда дұрысы – Оңғарбаев Тоқтар Әубәкірұлы; – жылына екі рет отбасында «Ашық есік күндерін» өткізеді: 12 сәуір – қазақтың жерінен тұңғыш ғарышқа адам ұшқан күн және 2 қазан – өзі ғарышқа ұшқан күн. Бұл күндері кең дастархан жайылып, үйіне келген қонақтарды шын көңілмен қарсы алып, ерекше мейіріммен күтеді. – 10 жасында слесарьдың көмекшісі болып жұмыс істеген. Тоқтар Әубәкіров реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. Сынақтар өткізу кезінде өмір мен өлім арасында болған аса қауіпті ұшулар да болған. Бұл туралы ұшқыштың өзі былай дейді: «Ұшақты сынақтан өткізу үшін көп уақыт керек. Бұл – бір. Екіншіден, сен сынақтан өткізгелі отырған ұшақ ең соңғы технологиялармен жасалынған. Яғни, кез келген уақытта бір бөлігі істен шығуы мүмкін. Әр ұшақ өзімен бірге ұшқышын алып кетеді. Сынақшы-ұшқыш боп жүргенімде 1977 жылы 17 жолдасымнан айырылдым. Бұл бір жылдың ішіндегі жағдай. Бүкіл аэродром босап қалды. Солай болған күннің өзінде қалған сынақшы-ұшқыштар «біз де сол әріптестердің қатарына қосылып кетуіміз мүмкін-ау» демей, ары қарай жұмыстарымызды жалғастыра бердік. Ұшақты кемеге қондырарда жақындаған сайын кеме үлкеймейді, керісінше кішірейе түседі. Табиғаттың заңы бұзылады. Сондықтан тек бір нүктеден көз алмау керек. Көзің тайды екен қона алмайсың, я апатқа ұшырайсың. Кемеге қонған кезде ғана оның үлкен екенін сезінесің. Менің басымнан да бірнеше жағдайлар өтті. Төрт рет «секір» деген бұйрық түсті, ұшып келе жатқанда кенет мотор тоқтап қалған кездер де болды, басқаратын руль қатып қалды және тағы басқалар».

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ МӘЛІМЕТТЕР

Талғат Мұсабаев «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлемін бағындырды. Ол ғарышта ең алғаш рет 1994 жылы 126 тәулік, 1998 жылы Екінші сапарында 208 тәулік және 2001 жылы жасаған соңғы сапарында 8 тәулік болған. Бұл – ғарышта болу ұзақтығы бойынша қазақ ғарышкерлері арасындағы тұңғыш рекордтық көрсеткіш болып саналады. Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев әлемнің ең алғашқы ғарыш туристі Денис Титомен бірге ұшқан экипаж мүшесі ретінде және осылайда әлемде тұңғыш рет ғарышқа туристік сапарға жол ашқан ғарышкер ретінде ғарышты игеру тарихында қалған тұлғалардың бірі. Талғат Мұсабаев – ашық ғарыш кеңістігіне алғаш шыққан тұңғыш қазақстандық ғарышкер. Ол ғарыш стансасынан тыс ашық ғалам аясында жалпы мерзімі 41 сағат 21 минут болған. Гиннестің үздік табыстар кітабына бір айдың ішінде 5 рет, барлығы 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны үшін есімі айшықталып жазылған. Ғарышқа сапар кезінде бірнеше рет ажалмен бетпе-бет кездескен ғарышкер бұл оқиғаларды былай деп баяндап берді: «Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды. Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа шым батып бара жаттым. Айтары жоқ сұмдық еді. Көз алдымнан жалтжұлт ойнап, әп-сәтте бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін еместін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан кеменің, зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермейақ әлдебір құдырет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, түсінікке сыймайды. Бұл бір емес, осындай жағдай талай рет қайталанды. Үстімізден бақылап, бәрін орын-орнына келтіріп тұрған әлдебір Қорғаушының бар екенін кәміл аңғардық. Бұл сезім менімен әрқашан бірге болады».

АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ МӘЛІМЕТТЕР

Айдын Айымбетов – ғарышқа ұшқан тұңғыш Қазақстан азаматы. Ол ғарышта жалпы есебі 10 тәулікке жуық уақыт болып, қазақстандық ғылым үшін бірқатар сынақ жүргізіп, соның ішінде радиацияның миға әсерін зерттеген. Сонымен қатар, ғарыш кемесі Жерді қалай тез айналып ұшып бара жатқанын да таспаға түсіріп үлгеріпті. «1 секундта Жердің үстіндегі 1,66 шақырымға шақ келетін қашықтықты ұшып өтемін. Мен оқтан 10 есе жылдам ұшып барамын. Ұшу биіктігі 402 шақырым», – деп жазған. Айдын Айымбетов – ғарышта қазақтың ұлттық киімдері мен тағамдарын дәріптеген тұлға. Бұған оның ғарышқа сапары барысында Твиттер әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары куә болады.

                Г.ЕРДАУЛЕТОВА.


ПІКІР ЖАЗУ