Ел боламын десең экраныңды түзе

0
3462

Бүгінгі оқиға – ертеңгі тарих. Бүгін не істеп жүрміз, қандай амал жасаудамыз, барлығы келер ұрпаққа тәлім-тәрбие. Әсіресе, кітап, телеарна, әлеуметтегі жазбалар – болашағымыздың айнасы болмақ. Басқасын айтпағанда, тіпті, жұрт сенген, ел аузына қарап отырған белгілі тұлғалардың ойланбай айта салған сөздері, парықсыз ойлары өмір бойы жинаған абыройын қашырып, көрерменді теріс айналдыра бастағандай. Оған дәлел, қоғамда үлкен шу тудырған «Қалаулым», «Кел, келінім», «Өз ойым» сынды бағдарламалар.

Арзан абырой, баянсыз танымалдылық, пайда қуу, жалған мақтан, қолдан жасалатын рейтингілер үшін қазақ телевизиясы бұзылып бара жатқандай. Осыған мысал ретінде, Айнұр есімді қара домалақ қызымыздың «7 арнадағы» «Өз ойым» токшоуына шығып, пәктігін сатамын деп жаһанға жар салуы болса, екіншісі аталған телебағдарламаның жасанды кейіпкер болуға шақырғанын айдай әлемге жайғаны болды. Әлеуметтік желілер де мұны іліп әкетіп, талқылаулар әлі толастаған жоқ. Ең сорақысы сол, қытайлық сайттардың да осы оқиғаны жарыса жазғандары болып отыр. Түсінікті болу үшін осы арада жалған кейіпкер ретінде арын саудалаған Айнұрға қатысты оқиғаны қысқаша баяндап өтелік. Жас қыздың аңқаулығын пайдаланған рейтинг қуғыштар бастан-аяқ не айтып, не қоятынына дейін жазып береді. Онымен қоймай, бағдарламаға өз еркімен келгендігі туралы қағазға да қол қойдырып алады. Бағдарлама шыға салып, халық Айнұрды кінәлап, туыстары бас тартады. Тіпті, оқудан шығарып жібереді. Осы екі ортада жайдарманшы Нұрболхан Шарапов бар шындықтың бетін ашып, халыққа барынша нақты ақпарат берді. «…Өз ойым» мен ойлағандай емес екен. Мен жай бергi жағын ғана көрiп жүр екенмiн. Айтпағым мынау: кешегi бағдарламада кейiпкер болған қыз бағдарламаның арғы жағын айтып бердi, сондағы бар шындық видеода. Қаршадай қыздың аңғалдығын пайдаланып, Ләйлә Сұлтанқызының атын араға салып, қызыл-жасыл дүниеге қызықтырып, «Осы рөлдi ойнап берсең, қызық қылып, өз-өзiңдi бұзық қылып, жұрт қарайды көздерiн сүзiп тұрып, подписчик көбейедi деп құнықтырып», басқа да уәделердi тiзiп тұрып алдап соққан ғой шiркiндi. Осы жағдайдан кейiн «Өз ойым» бағдарламасын «MARVEL» компаниясына ұқсаттым. «MARVEL» қоғамға Халк, Тор, Өрмекшi адам, Темiр адам, Супермэн сияқты кейіпкерлерді қолдан жасап берсе, «Өз Ойым» бағдарламасы да трансвестит, гей, жезөкше, арын сатқыш сынды кейіпкерлерді қолдан жасап, экраннан жариялап отыр. «Өз ойымның» кейiпкерлерi өз ойын айта алмайды екен. «Өз ойым» – сөз ойыны екен», — деп, туыстары мен оқу басшылығына Айнұрға түсіністікпен қарауды сұрады. Ал, арын саудаға сатпақ болды деп елді шулатқан қыз болса өзінің алданғанын айтып, қазір өкінетінін жеткізген еді. «Келістім. Бірақ мынадай рөл аламын деп ойлаған жоқпын. Келесі күні хабарласып: «Сіз қыздығымды сатамын деп шығасыз, халықты шулату керек қой. Осылай айтсаңыз, ел дүрлігеді, бағдарламаға барған кезде осылай айтасың» дегендерін айтты. Қоғамда қызу талқыға түскен осы жағдайға елге танымал журналистер, белгілі тұлғалар, өнер адамдары мен блогерлер де бейжай қалмады. Қазақтың текті болмысына қара таңба болатын осындай пайдасыз бағдарламалардың жабылуын талап етіп, арна ұжымын, жүргізушілерді ашық әңгімеге, халықтан кешірім сұрауға шақыруда. Әсіресе, «Әйел бақыты» сынды белгілі бағдарламамен танылған Ләйла Сұлтанқызының үнсіз қалғанына күйінуде. Оның үстіне халықтың күтетіні пайдалы ақпарат, тәрбиеге толы бағдарламалар. Көзі ашық, көкірегі ояу теле көрермендер бүгінде ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алады. Өресі биік көрерменге керегі басқа. Тыңдарман да оқырман да терең зерттеулерге, танымдық дүниелерге, жұртты тәнті етіп, жүректі тебіренткен адами оқиғаларға зәру екені күн өткен сайын көрініп отыр.

Асхат САДЫРБАЙ, журналист: «Қоғамда ондай бар, біз оны xалыққа көрсетуіміз керек» деген сөзді естісем құсқым келеді. Кешіріңіздерші. Ол миссияны кім берді саған? Көке, қоғамың кім, көрермен xалқың кім, сен кім? Кім кімге ақыл айтып, кім кімге не көрсетіп, кім кімнің көзін ашпақшы? Сен өмір сүріп жатқан қоғамда өзгелер де өмір сүріп жатыр. Халықтың көзі ашық, кейбіреулері сенен әлдеқайда артық біледі көп нәрсені. Бір бағдарламаға жүргізуші болу – көшбасшы, көсем, жол бастаушы болдың деген сөз емес. Сен де сол xалықтың ішінен шыққан, сен де сол қоғамнан шыққан адамсың. Өзіңді олай тым артық, ақылды қылып, көптің арасынан бөлектеп, көкірек керіп сөйлегенді қою керек. Қоғамда болып жатқан нәрсе қоғамда болып жатыр. Ол дертпен күресу үшін жалпақ жұртқа жар сала жариялап, жамыраудың қажеті жоқ. Бәрі білетін нәрседен жаңалық жасап, жерден жеті қоян табу күлкілі. Мысалы, бір жерден от шықса оған барып құм немесе су себеді. Ал, бұлар жанып жатқан отқа бензин шашып күйдіреді ғой. «Біз өртті өшіріп жатырмыз, сөйлемеңдер, xайпажор болмаңдар» дейді. Соларға ақиқатты көздеріне шұқып тұрып көрсетіп, ақыл айтатын адам жоқ па айналаларында? Олар батып бара жатқан Титаникте отырып алып «Бұл жерде кеменің кінәсі жоқ» деп мұxиттың түбіне кетіп бара жатқандарын түсіне ме?

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, журналист: Маулен Ашимбаев, мына қыздың өмірі енді не болмақ?! Айтыңызшы?! Бүкіл елге қарабет болған қыз осы «Жетінші» арнадағы «Өз ойым» жасанды шоудан кейін оқуынан шығарып жіберген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеттің ректоры бұндай сорақыға шыдамаған болуы керек. Оқу орнының атына кір келтірген деп шығарған. Оларды да түсінуге болады. Қайдан білсін, бұл жас қыздың зымияндардың құрығына түскенін?! Ішім сезеді бұл кейіпкерді «Өз ойым» ұжымы келісімшартқа қол қойғызып, ертеңгі күні әлгі жүргізушілер судан ақ, сүттен таза болып шығады. Жас қызды оңбай алдаған «Өз ойымның» ұжымы, ел алдында кешірім сұрап, заң алдында жауап берсін! «Жетінші» арна басшысы қайда қараған?! Обал болды ғой мына қызға. Үйінен де қуып жіберген. Енді бұл қыздың өміріне қауіп төніп тұрмағанына кім кепіл?! Өмірде небір жайттар болып жатыр. Сондай оқиғаға ұшыраса, кімнен сұраймыз?!

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.


ПІКІР ЖАЗУ