Мемлекет басшысы Талдықорғанға келді

0
1452

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен Талдықорған қаласына келді. Сапар барысында бірқатар өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, салтанат сарайына жиналған өңір жұртшылығымен, әр сала өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесті. Алдымен жетісу топырағының тарихи мән-маңызына тоқтала келіп, ел алдында сөз алған Қ. Кемелұлы: «жер жәннаты жетісу – небір  тарихи тұлғалар өмірге келген қасиетті мекен. Өңірдің сұлу табиғатын ән мен жырға қоспаған ақын кем де кем. Қабанбай, Қарасай, Райымбек батыр сынды ел қорғаған ерлер мен жыр алыбы Жамбыл мен Ілиястай ақын туған өлкеге елмен етене араласып, жұрттың пікірін тыңдауға келдім. Ақсу жерінде ашылған алғашқы қазақ ағартушылық мектептерінің бірі, қазақ тарихындағы білім ордаларының бастау көзі мамания медресесінің ұлт руханиятына қосқан үлесі айрықша. Шын мәнінде жетісу жерінің тарихи тағылымы терең. Келешегі зор» – деп, кездесуде облыс жұртшылығымен ашық пікір алмасуға әзір екенін жеткізді. Осы өңірге қатысты толғантып жүрген мәселелерді бүкпесіз баяндауға шақырды.

Жиын барысында сөз алған ақсақал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ермек келімсейіт тұңғыш президент н. Әбішұлының елге еткен еңбегін, тәуелсіздік жылдарында еліміздің аяғын нық басуға бар күш-жігерін сарп еткен саяси  ұстанымдарын баян етіп, «қазақта «берекені көктен іздеме, бірлігі мықты елден ізде» деген тәмсіл сөз бар. Сол бабалар айтқандай, береке-бірлігімізді сақтап, үздіксіз еңбек етсек, еліміз биікке жетеді», – деп жиналғандарды бірлік пен татулыққа үндеді. Осыдан соң, «мадина» жк-ның басшысы айман биғалиева жеке кәсіпкерлікке қалай келгендігін тілге тиек етіп, «өткен жылы «жол картасы – 2020» бағдарламасы арқасында арманым жүзеге асты. Құрақ көрпе шеберханасын аштым. Қазір қол астымда 3 адам жұмыс жасайды. Шеберханамды «рухани жаңғыру» негізінде брендке айналдырсам деген ниетім бар. Жалпы қай кезде де еңбек адамның ойын өсіреді. Сондықтан, әсіресе өзім секілді қыз-келіншектерді еңбек етуге шақырамын», – деп, үй шаруасындағы әйел адамдарға серпін берер батылдық үлгісін көрсетті. «Кең ауқымы мәселелер жөнінде пікір алмастық. Әр өңірге барған кезімде пікір алмасудың осындай формасын таңдағанды жөн көремін. Ендігі мәселе – осы айтылғандарды іске асыру керек», – деген президент жиналған қауымның тілектері мен өтініштерін тыңдап, әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Алдымен облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесін көтерді. Әлі де өз шешімін таппаған бұл мәселемен түбегейлі айналысып, бөлінген қаржынының тиімділігін есеп комитетіне айналысуға тапсырды. Алматы облысында апатты әрі үш мезгілде оқитын мектептер әлі де бар. Осы мәселені бір жолға қою мақсатында 2018 – 2019 жылдар аралығында 15, 5 млрд теңге бөлінген. Алайда, облыс жұрты әлі 20 мектепке мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін 2020 – 2021 жылдары 29 млрд теңге бөлінетіндігін айтты. Сонымен қатар, «имидждік саланың, құрылыс саласының дамығаны әрине жақсы. Дегенмен облыстың жағдайы көтермейтін ғимараттарды салмаған жөн. Бізге ақшаны өте қатты үнемдеу керек. Қазір мұнайдың бағасы – 70 доллар. Бірақ бұл көрсеткіш ақшаны оңды-солды шашу керектігін білдірмейді. Қазір бізге балаларымыздың болашағын ойлау керек. Медицина саласының да жағдайын көтеру аса қажет. Маман тапшылығын жойып, білімді де білікті жас кадрларды тарту керек», – деді Қ.Тоқаев. Төртінші мәселе тұрғын үй саласы төңірегінде болды. «Соңғы 5 жылда 4,5 млн шаршы жерге үй салынған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ кезекте әлі де қырық мыңдай адам тұр» деген мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға, жас мамандарға үй беру мәселесін әлі де қарастыру керектігін алға тартты. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсеткеннің дұрыс екендігін айта келіп: «жәрдемақы деген – жай ғана кішігірім көмек. Тек жәрдемақыға өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан халық жұмыс істеу керек. Ал олар жұмыс істеу үшін мемлекет, облыс, аймақ жұмыспен қамтып, жұмыс орындарын көбейту керек», – дейді. Өңіріміздің басты драйвері  – ауылшаруашылығы саласы, оның ішінде қант қызылшасын өсіру туралы сөз қозғады. Соңғы 4 жылда қызылша алқабының көлемі 9 есеге ұлғайса, өнімі 1,5 есеге өсті. Сонымен бірге жергілікті әкімдіктер азаматтарға жер телімдерін бөлуде ашықтықты қамтамасыз етіп, жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын қатаң қадағалау қажет деп атап айтты. Облыстағы туризм саласы – республика туризмінің маңызды бөлігі. Былтырғы жылы 20 пайызға артып, 2 млн адамды құрады. Бұл жерде қонақүй мәселесі мен жолды реттеу керектігін атап өтіп, авто жолдардың 22 пайызы сын көтермей тұрғандығын баса айтты. Апатты жолдарды қалпына келтіру үшін 2025 жылға дейінгі  нақты жоспар құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы және бір мәселенің басын ашып: «жылдың соңында көптеп орден, медаль беруді тоқтату керек. Бірде-бір министр, депутаттар орденсіз қалмады. Ол – өте ұят жағдай. Ал мыңдаған мұғалімдер мен дәрігерлер мемлекет тарапынан ескерусіз қалуда. Шын еңбегі сіңгендерді ғана марапаттау қажет», – деп ойын ашық білдірді.

«Бүкіл әлем даму үстінде. Мысалы, көрші Қытай мемлекетінің экономикасы жыл сайын 6 пайызға өсіп отыр. Біздің өспеуге, артта қалуға қақымыз жоқ. Осы жеткен жетістіктерімізді сақтап, одан әрі дамыту – баршамыздың борышымыз. Ардақты ағайын, халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген даналық сөз бар. Татулық пен тыныштық, әдептілік пен еңбекқорлық, тұрақтылық пен сабақтастық әрқашан жетістікке жол ашады. Еліміз өркендеп, мемлекетіміз гүлдене берсін! Жер жәннаты Жетісу жұртына амандық, бақ-береке тілеймін!», – деді мемлекет басшысы.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу өңіріне келіп, маңызды мәселелер төңірегінде тұрғындармен пікір алмасқаны үшін Қ.Кемелұлына облыс жұртшылығы атынан алғыс білдіріп, «Сіз көтерген мәселелердің бәрі де бар. Айтылған мәселелер бо-йынша ұдайы жұмыс жасаудамыз. Атап айтсақ, мектептер салынып, жөндеу жұмыстары жүргенімен, қуантарлық жағдай – демографияның өсуінің арқасында мектеп табалдырығын аттаған оқушылар саны өте көп. Сондықтан мектеп мәселесіне тағы да көңіл бөлу аса қажет. Ал медицина саласы бойынша С. Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетімен келісім орнатып, түлектерді ауылдарға жіберудеміз. Уақыт өте келе осы мәселелер өз шешімін табу үшін еңбек етудеміз», – деп, атқарылған игі жұмыстарды атап өтті. Ел дамуына ерекше үлес қосып отырған Жетісу жерінде бүгінде еңбек өнімділігі жоғары. Нақты мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 103,7 пайызды құрап, 185,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Кездесу барысында аймақ басшысының жұмысына оң бағасын берді. Осы орайда өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келген бірқатар азаматтар арнайы мемлекет басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиыннан соң Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына ат басын бұрған Президент «бір терезе» қағидатымен жұмыс істеудің дұрыстығын тілге тиек етті. Жылына 3 млн дана аккумулятор шығаратын «Қайнар АҚБ» зауытының әрі көктемгі егістік жұмыстарының барысымен танысты.

Ш. ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:САЯСАТ


ПІКІР ЖАЗУ