Айтыскер ақындар Жетісу төрінде

0
2858

Қазақтың қасиетті өнері – айтыс. Осы айтыста 30 жылдай жырын жырлап, елдің мұңын жетер жерге жеткізіп жүрген «Айтыстың аққуы» Айнұр Тұрсынбаева өз шығармашылық кешін наурыз айында елорда төрінде дүркіретіп өткізген-ді. Халықтың сұранысы көп болғаны сонша осы өнерде жұптары жазылмай жүрген төрт ақын Қазақстан бойынша гастрольдік сапарға шықты. Алғашқы концертін «Ұлы Дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» деген атаумен жер жаннаты Жетісу — жерінен бастады. Себебі, Балғынбек пен Жандарбек — Жетісу өңірінде туып өскен ақындар. Ал кештің 25 сәуірде  өтуінің өзіндік сыры бар. Екі ақын да дәл осы күні дүние есігін ашқан.  Жетісудың қос қыранына Шығыстың қос шынары Айнұр мен Сара қосылып,  талғампаз көрерменге керемет кеш сыйлады. Ақындардың суырып салма өнерінен бөлек басқа да қырларын танытып, бұл кеш көрермендер көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Концерттің шымылдығын Айнұр Тұрсынбаева арнау жырымен ашып, Жетісу жерін өз жырына қосты. Артынша киелі өнердің текті ұлы, жерлесіміз Балғынбек Имашев сахнаға көтеріліп, батыр бабалардың ерлігін жырлады. Өз кезегінде Сара Тоқтамысова да Жер жәннаты Жетісуды:

«Батыр да туған Жетісу,

Ақын да туған Жетісу,

Ақ бесік болған ерлерге

Қыздарың қайсар қаһарман,

Ұлдарың маңғаз өр кеуде.

Қол бастаған батыр да,

Сөз бастаған ақын да,

Құралайды көзге атқан,

Менмін деген мерген де,

Ел бастаған ханың да,

Алтын құрсақ ағайын,

Тектінің бәрі сендерде.

Талдықорғаным аман ба,

Осынау байтақ далаңда

Қойны толы қазына

Еңбектің оты сөнген бе?

Өлеңім бұрын жетуші ед,

Өзім бармаған жерлерге.

Шаттанып жұртым тұрушы ед,

Баптанып мойын бұрушы ед,

Саңлақ туған Сара қыз,

Жел маядай желгенде,

Шапағатыңмен аяла,

Шапалағыңды аяма,

Төрт ақын келді төріңе»,

– деп арқалы жұрттың арқасын қоздырса, Жандарбек Бұлғақов:

«Аманбысың шуақ нұрын шашқан жер,

Ал, армысың асу-асу асқар бел.

Батырлары атқа қонса аттанған,

Дұшпандары көрін іздеп қашқан жер.

Қабанбайлар ат, найзамен қорғаған,

Мұқағали өлеңіне қосқан жер.

Сүйінбайдай ақын кіндік кескен жер,

Тезек төре елдің дауын шешкен жер.

Қасиетіңнен айналайын, Жетісу,

Даласынан тұнық ауа ескен жел.

Топырағына қамшы қадап кетсең де,

Бүрін жарып, бәйтерек боп өскен жер.

Жырдың көшін Жетісудан бастаған,

Ал, ақындар шырқаңыздар асқақ ән.

Мейірімінен айналайық халқымның,

Мерейімді бір көтеріп тастаған.

Елордада жүрсем-дағы, Жетісу,

Сенсің менің жүректегі Астанам»,

– деп көсілді.

Ақындар арнауларын арнап болған соң, аталмыш шара ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен бастау алғанын, алдағы уақытта барлық облыс-тарды аралайтындарын жеткізді. Ал, «Ұлы Дала әні мен жыры, ақындықтың жеті қыры» деп аталатын кеште ақындардың ақындық өнерінен басқа қырларына көрермен тәнті болды. Айнұр Тұрсынбаева  мен Сара Тоқтамысова «Қыз ұзату» әндерін шырқап, сахналық көріністерін ұсынды. Артынша Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов болса беташар салтын көрсетіп, өздері шығарған өлең жолдарын халыққа оқып берді.

Сонымен қатар, шарада Жалғас Садыр мен Сырым Әуезхан айтысты. Үлкен сахнаны Жетісу жерінен бастаған Сырым өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, қарсыласымен жақсы айтыс жасады. Айтыс өнеріне енді қосылып келе жатқан Жалғас та өз өнерімен көрермендерді баурап алды.

Осынау игі шараның соңында билеттерден түскен қаржыны ақындар қайырымдылыққа жұмсады. Бес баласымен әркімнің баспанасын жалдап күн өткізіп жүрген Еркін Тәңірбергенов атты азаматтың отбасына баспананың кілтін Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева табыс етті.  Қуаныштан көз жастарына ерік берген Еркін Тәңірбергенов баспаналы болатындарын алдын ала білмегендерін, тосын сый болғанын жеткізді.

«Өте қатты қуанып тұрмыз. Кештің қонағы болыңыз  деп  билет берген. Үйлі боламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Елім, жерім деген қазақтың ақындарына алғысым шексіз. Балаларымның несібесі. Қасетті рамазан айының алдында сауапты іс жасағымыз келді деп пәтер алып берді. Алла разы болсын. Елге танымал адамдардан осындай сыйлық аламыз деп мүлде ойламаппыз», – деп тебіренді.

Концерттің соңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев төрт айтыскерге облыс басшысы Амандық Баталовтың Алғыс хаты мен сый-сыяпатын табыс етті. Сондай-ақ, белгілі айтыскер Балғынбек  Имашевқа Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.

Кілтсөздер:МӘДЕНИЕТ


ПІКІР ЖАЗУ