Алакөл аудандық ауруханасына екі жедел жәрдем көлігі сатып алынды
«Biz Birgemiz» акциясының аясында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Алакөл аудандық ауруханасына екі жедел жәрдем көлігін сатып алып берді. Жедел жәрдем кілттерін тапсыру салтанатына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен облыстық партия ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, «Birgemiz Zhetysu» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Жанболат Жөргенбаев сөз алып, «Biz Birgemiz» акциясын жүзеге асыру аясында үш жоба бойынша 24813 адам жалпы сомасы 257 млн. теңге болатын азық-түлікпен, гигиеналық заттармен, антисептикалық құралдармен, медициналық бетперделермен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Сол сияқты «Birgemiz» республикалық қоры арқылы 40 193 тұрғынға 50 мың теңгеден аударылған. Сонымен бірге 8 млн. теңгеге Covid-19 анықтауға арналған 1900 экспресс-тест сатып алынған, ал Еңбекшіқазақ аудандық көп салалы ауруханасы үшін құны 53,2 млн. теңге тұратын, инфекциялық ауруларды анықтайтын жылжымалы зертхана сатып алынды.
Шара барысында өңір кәсіпорындарының бірқатар жас мамандары «Nur Otan» партиясына қабылданып, оларға партиялық билет табысталды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.