Жылыту маусыманы дайындық қалай?

0
2726

 Өңірдегі табиғи монополиялар субъектілерінің объектілерімен танысу мақсатында баспасөз туры өтті. Инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалар шеңберінде өткізілген турға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Олар «Талдықорғанжылусервис» КМК нысандарын аралап, алдағы жылыту маусымына дайындықпен танысты.

Жиында алғашқы болып сөз алған «Талдықорғанжылусервис» КМК директоры Манархан Ахымбеков биылғы жылыту маусымына әзірлік жұмыстары және келесі жылдың жоба-жоспарларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, биыл қаладағы 2 жылыту қазандығы көгілдір отынға көшіріліп, тағы бірнеше нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, облыс орталығы жылыту маусымына 90 пайыз дайын. Мамандар Талдықорған қаласында қыстыгүні тәулігіне 800-1200 тонна аралығында отын жағылса, күннің ызғарына байланысты бұл мөлшердің өзгеріп отыратынын айтады. Бір айдан соң басталатын жылыту маусымына деп қоймада сақтаулы тұрған 50 мың тонна көмір шаһарды 2 ай жылумен қамтамасыз етуге жетеді екен.

–  Биылғы жылы бюджеттен бөлінген қаржыға №1 және №3 жылыту қазандықтары қатты отыннан газға ауыстырылды. Жылыту қазандықтарын көгілдір отынға ауысуы өте қолайлы деп есептеймін. Себебі, ең алдымен жылыту нысандарынан шығатын қалдықтар азайды. Екіншіден, бұрынғымен салыстырғанда жағылатын отын мөлшері төмендейді. Мәселен, біздің мекеме жылына 240 мың тонна отын  жағатын болса, енді 35-40 мың тоннаға аз жағылады. Алдағы уақытта бюджеттен тағы да қаржы бөлінсе, келесі жылы 3 қазандық газға ауыстырылады деп жоспарлануда,– дейді мекеме басшысы.

Пресс-тур барысында жиналғандар шағын жылу қазандықтары орналасқан нысандарды аралады. Жалпы «Талдықорғанжылусервисіне» тиесілі 9 жылыту қазандығы бар. Солардың бірі – 2015 жылы пайдалануға берілген №5 шағын жылыту нысаны. 29 жұмысшы қызмет ететін нысанда жылына 11 мың тонна қатты отын жағылады екен.

–  Біздің қазандық қаланың шығыс және 9 ықшам аумағындағы тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етеді. Қазір нысан аумағында 2 айға жеткілікті көмір қоры бар. Бұл шамамен екі мың тоннаны құрайды. Алдағы жылыту маусымына толыққанды дайынбыз,– дейді қазандық басшысы Юрий Павленко.  

Ал табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Думан Қалибеков инвестициялық бағдарламалар бойынша жасалған жұмыстардың қорытындыланғанын әрі барлық шара  департамент тарапынан негізгі бақылауда екенін айтады.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:БАСПАСӨЗ ТУРЫ


ПІКІР ЖАЗУ