Мақсаты – биік, жоспары – айқын

0
1990

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен биыл «Еріктілер жылы» деп жарияланып, жыл басынан бері еріктілер қызметі айтарлықтай жанданды. Бүкіләлемдік пандемия кезінде волонтерлар көмегімен әртүрлі шаралар атқарылып, көптеген көмек көрсетілді. Солардың қатарында zhansugurov college студенттерінен құрылған жас еріктілердің жобасы бар.

Мамыр айында «Алматы облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Алматы облысының үкіметтік емес ұйымдарына арналған байқау ұйымдастырып, оған арнайы комиссия құрылған болатын. «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» деп аталған байқау Алматы облысы ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен жүзеге асырылған. Байқаудың іріктеу кезеңіне 47 өтінім түсіп, олардың 27-сі келесі кезеңге жолдама алыпты. Нәтижесінде әлеуметтік маңыздылығы, жүйелілігі мен заманауи инновациялық технологияларды пайдалану әдістері басты назарға алынып, үздік деп танылған 10 жоба авторларының әрқайсысына 1 000 000 теңге көлемінде сыйақы берілді. Солардың арасында Жансүгіров колледжінің «ЖМУ жастары» қоғамдық бірлестігінің «Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік желі арқылы азық-түлік жеткізуді ұйымдастыру» жобасы да бар.
Аталмыш жобаның авторлары Гүлжан Тұмабай және Аружан Мұсабекова. Бүгінде олар жетекшілері Нұрбекова Айнұр Қайратқызымен бірлесіп, 25 еріктімен бірге қызмет атқарып келеді.
– Жобаның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін дәрі-дәрмек пен азық-түлікті тегін жеткізу жұмысын ұйымдастыру. Яғни, бүкіл әлемде, соның ішінде елімізде де орын алған төтенше жағдай кезеңінде еріктілер мен олардың атқаратын жұмыстарына сұраныс біршама артты. Осыған байланысты көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуды ойладық. Алдағы уақытқа да мақсатымыз – биік, жоспарымыз – айқын, қолға алған істі жалғастыруды ойлаймыз,– дейді жоба авторларының бірі Гүлжан Тұмабай.

«Әлеуметтік идеялар мен жобалар» сайысына наурыз айынан бастап дайындалып, жеңімпаз атанған соң, жұмысқа бел шеше кіріскен еріктілер бір айда 15 сұранысты қамтамасыз еткен. Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған байқауда ұтып алған 1 миллион теңге қаржыға 4 ноутбук пен көпфункционалдық принтер берілген. Қазір олар осы құрылғылар арқылы жұмыс атқарып, көпке көмектесіп келеді.
– Бүгінгі таңда осындай жеткізу жұмыстарымен айналысатын әлеуметтік ұйымдар мен қызметтер өте көп. Алайда біздің жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Жеткізілетін дәрі-дәрмек пен азық-түлік өнімдері қарапайым дүкендерден емес, көтерме сауда базарынан, әлеуметтік дәріханалардан арзан бағамен сатып алынады. Яғни, көтерме саудамен айналысатын әлеуметтік дүкендермен келісімшарт жасалған әрі біздің еріктілер тобы сұраныс берушіге тегін жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары үшін өте тиімді деп ойлаймыз,– дейді жоба жетекшісі Айнұр Қайратқызы.
Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдайтын еріктілер тобына «Nur Otan» партиясынан зейнеткерлер мен мүгедек жандардың тізімі беріліпті. Сол арқылы да қызмет көрсететін олар алдағы уақытта тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, көпбалалы аналар мен мұқтаж жандарға қолұшын созуды жоспарлауда.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ