ПРАЙМЕРИЗ: КІМ БАРАДЫ? КІМ ҚАЛАДЫ?

0
3150

КӨКТЕМНЕН бері ел іші ғана емес, желі іші де «коронавирус, коронавирус» деп жар салып еді. Бірақ, бұл жаңа сөз елге жақсылық әкелмеді, керісінше талайдың жүрегін жаралады. Ал ендігі «Праймериз» деген су жаңа сөз ел ішіне төнген қаралы күндерді ұмыттырып жібергендей. Праймериз туралы айтып шуласқандардың кейбірі мағынасын жете түсінбесе де, билік партиясының саяси додасы екенінен хабардар, әйтеуір.

Жұрт тіліне іліккен праймериз туралы қоғамда сан алуан пікір де көп. Күні кеше ғана саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай әлеуметтік желіде осыған қатысты пікірін жариялады. Өз ойын ашық айтқан ол «Nur Otan» партиясын сын тезіне алыпты. Оның сөзінше, «өзге мәдениеттe, басқа тарихи контекстіде, басқа мазмұнмен өтетін доданың сол елдерде қалыптасқан тарихи атауын әкеліп «совок» партияның науқанына жапсыра салу қоғамдық пікір тұрғысынан да сауатсыз әрекет болған». Осы тақырыпқа қатысты кейбір жеке ойларын тезис күйінде қайырған М.Сеңгірбай: «Праймериз» деген сөзді алу саяси тұрғыдан да, тілдік тұрғыдан да қате болды. АҚШ-тағы және басқа да партиялық бәсеке тарихы тереңге кеткен елдердегі праймериз бен біздегі науқанды бірдей сөзбен беру күлкілі. Оның үстіне, өзге мәдениеттe, басқа тарихи контекстіде, басқа мазмұнмен өтетін доданың сол елдерде қалыптасқан тарихи атауын әкеліп «совок» партияның науқанына жапсыра салу қоғамдық пікір тұрғысынан да сауатсыз әрекет болды. «Nur Otan» халықтық партия десек, партияның электораты саясаттан алыс қарапайым адамдар десек, олардың дүниетанымы Батыстан «копи- паст» жасалған түсініксіз терминді қабылдай ма? Оның мәнін түсініп, ол праймериз бен бұл «праймеризді» салыстырып жүрген адамды байқамадым» – дейді. Қалай дегенмен, біздің қоғамда ашық ойдың да басымдығы керек-ақ… Ал енді кейбір ағайын бұл күнді асығып күткендей көрінді. Яғни, «Nur Otan» партиясы өткізетін түсініксіз науқан праймеризге кім қатысып, кім бара қояр екен деп жүргенде, біраз адам тіркеліп те үлгерген. Дәл қазір қоғамда коронавируспен күрес бәсеңсіп, праймериз алашапқыны жүріп жатыр.
«Ой соған, кім барады» деп жүріп, Алматы облысында 1108 адам тіркеліпті. Оның 37 пайызы әйелдер, 25 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар, 9-ы көпбалалы ана, 5-еуі мүгедек жандар, қалған 11-і қандас бауырлар екен. Оның ішінде бастауыш партия ұйымдары 324 адам ұсынса, 784-і өзін-өзі ұсынушылар болып табылады.
«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі санаты – 20, облыстық мәслихаттағы депутаттық деңгейге – 134, ал аудан-қалалық мәслихат деңгейіне 948 үміткер тіркеліпті. Жалпы, праймериз арқылы өңірде 1 мандатқа 4 үміткерден айналып отыр.
Праймериз алашапқынының дәл сіз ойлағандай әділ болмаса да, әдемі келе жатқаны белгілі. Әдемі болатыны, сырнайлатып жүрген жұртқа қарасаң, құрамында қырық түрлі кәсіптің өкілі жүр. Нақ бір ертең парламентке баратындай, әрқайсысы бір-бірден бағ-дарлама жасап алған. Ал енді бағдарламаларын оқысаңыз… Елдос (Т) бауырым жазғандай-ақ, сондай армандағы ҚАЗАҚСТАН мемлекетінде тұрғың келіп кетеді екен. Әрі деймін де, депутат болуға асыққандардың арасында кім жоқ дейсіз, тәйірі. Алдыңғы депутаттардан көргендері бар ғой, әйтеуір, кәдуілгідей «жапырамыз», «қатырамыз» деседі-ақ. Егер, шынымен де бұлар алға өтіп кетсе, қалай болар екен деген ой да қылаң береді санада.

Праймеризшілер қатарында қалам ұстағандар да қаптап жүр. Бұл тұрғыда әлеуметтік желіде ой қаузаған әріптесіміз:
«Праймериз тізімінде журналистер өріп жүр. Біраз нәрсені айтып-айтып тастауға себеп көп еді, өз бақшамызға тас лақтырғанымыз жөн болмас деп шештім. Торсаңдап өкпелеп қалатын әріптестер аз емес. Оның үстіне тіркелгеннің бәрі мәреден шаңдатып өте бермесі тағы белгілі», – депті.
Ал, бұл тұрғыда белгілі журналист Жұлдыз Әбділдә былай деді: «Праймериз туралы ештеңе айта алмаймын, себебі оның шын мәнінде нәтижелі боларына көзім жетпейді. Ал журналистердің қатысуы дұрыс емес деп есептеймін. Журналист ешқандай саяси партия немесе ұйымның мүшесі болмауы керек. Ал мүше болса, журналистік қызметпен айналыспай-ақ қойғаны дұрыс болады. Экологиялық қозғалыс болса, бәлкім, дауласуға болар еді. Ал саяси партияға адам саяси ұстанымына бола кіреді. Ондай журналистер сол партияның органдарында істесін.
Праймериздің бір «пайдасы» – партияның журналистерін біліп қалдық. Қатысып жатқан журналистердің ұсынған бағдарламасы да сын көтермейді. Көптің көңілінен шығады-ау деген мәселелерді жиып-теріп ұсына қойғандай әсер қалдырады. Осының өзі әріптестеріміздің жағдайды объективті бағалай алмайтынын, сыни ойлаудан ада екенін көрсетеді».
Қалам ұстағандардың қатарындағы мына мен де журналистердің праймеризге қатысуын құп көрмедім. Жұлдыз айтқандай, журналист ешқандай саяси партия немесе ұйымның мүшесі болмауы керек деп есептеймін. Бірақ, праймеризге қатысып жатқан облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Қажет Андас бұл оймен келіспейді.

Қажеттің айтқаны қажетке жарар

«Партияға өту, өтпеу ол әр адамның жеке қалауы. Ал журналист партияның мүшесі болмауы керек дегенге түбегейлі келіспеймін. Мәселен, президент болып жатқандардың өзі кезінде журналист болған адамдар ғой. Олар партия арқылы өзінің мақсат-мұраттарын жүзеге асырды. Сол арқылы қазіргі таңда ел басқарып та отыр. Мұны дұрыс түсіну керек, партияға өтумен журналист сол партияның сөзін сөйлемейді ғой.
Менің праймеризге қатысудағы басты бағдарламам экологиялық тақырыпқа арналады. Журналист ретінде осы төңіректе көтеріп, жазып келемін. Және халықаралық, қоғамдық ұйымдармен, қазіргі оппозициялық партиялардың қатарындағы адамдармен бірге экологиялық жобаларда бірге жүрмін. Бірақ, бәріміздің мақсатымыз бір болғанымен, жолымыз бөлек.
Ал енді менің праймеризге қатысудағы мақсатым – қоршаған ортадағы экологияға жасалып жатқан қиянаттарды биліктің назарына жеткізу. Қалам ұстаған журналист ретінде бұл бағытта талай жұмысты атқарып келемін. Бірақ, үнім жетпеуде.
Талдықорған қаласы бойынша қатысып отырған 64 үміткердің бірімін. Әрі қандастар арасынан қатысып отырмын. Бұл жердегі мақсат өту, яки, өтпеу емес, дей тұрғанмен, бағдарламамдағы дүниені айтып, өзімді таныстырып, көрсетуім керек. Осы күнге дейінгі атқарған шаруамды жұрт алдында жария етуім қажет қой.
Бағдарламамдағы басты тақырып осы экология: оның ішінде «Тұрмыстық қатты қалдықтармен күресу», полигондар мәселесі. Талдықорған шаһары еліміздегі ең таза қала болып есептелінгенімен, соңғы жылдарда қоқыстан көз аша алмай отыр. Ең қарапайым дүниені айтсақ, қалада қоқысты сұрыптаудың жолын білмейді. Бұдан өзге, Қаратал өзенінің жағдайы да қиындап тұр. Егер Қаратал өзені сарқылатын болса, онда Балқаш көлінің де жағдайы бүлінеді. Біздің ата-бабамыз «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» демеп пе еді?! Ал біз не істеп жатырмыз. Сол талдың орнына мал қалсын деп жанталасудамыз. Яғни, экологиямызға зиянымызды тигізіп, табиғатты бүлді-рудің шеберіне айналдық. Бабаларымыз бізге керемет табиғатты тарту етті, ал біз кейінгі ұрпаққа полигон толы қоқысты қалдырып барамыз. Бұл мәселемен бүгін күреспесек, ертең кеш болады. Мұндай мәселелердің орын алып жатуының басты себебі, заңның әлсіздігі. Мәселен, бізде жалғыз ғана экологиялық Кодекс бар. Бұл тек экологияны қорғауға бағытталған. Ал енді экологияны бүлдіруге бағытталған оннан астам заң бар. Атап айтқанда: егістік жерлер, жайылымдар, орман-тоғайлар туралы немесе кәсіпорындар ашу, тағы басқа… Бізде инвестиция тарту деген бар. Бұл менің праймеризге қатысудағы тағы бір бағдарламам болып табылады. Өз басым бұған қарсы емеспін. Бірақ, инвестиция тарту экологияны бүлдірмеу жолымен келуі тиіс. Зауыттар салынса, экологияға зияны тимейтіндей етіп салынуы керек. Біз осы мәселеге тереңнен үңіліп қарауымыз қажет. Өзің білесің, өткен жылы Қараталдағы қой соятын орын туралы үлкен дау орнықты. Мәселен, тұрғын үй орналасқан жерде 5 мың қой сойылатын зауыт салынбауы керек. Одан шығатын иістің қоршаған ортаға зияны басым. Бұл жөнінде жаздым, бірақ оған кім құлақ асты? Егер осы мәселені жоғары жаққа жеткізетін болсам, біраз дүниенің басы түзеледі деп есептеймін. Праймеризге қатысудағы негізгі ойым да осы. Журналист ретінде жазған дүниеміз халыққа ғана жетуде, жоғары жаққа жетіп жатқан жоқ», – деп ағынан жарылған Қажет әріптестің сайлауалды бағдарламасының бір тармағы «Қасиетті нысандарға» бағытталады екен. Бұл туралы да ол майын тамызып айтты, сөз арасында туризмдегі сауатсыздық жөнінде де тілге тиек етті. Айтуынша, қасиетті нысандарға барғандар, оның қасиетін сақтау емес, кетірудің жолында жүр.
«Праймеризге қатысу арқылы қандастардың бар екендігін де көрсеткім келеді» деген Қажеттің әңгімесінен көп дүниені аңғардық, бастысы, оның да өз ойлағаны бар. …Әлеуметтік желідегі әріптестің: «Праймеризге барамын» десем, мені тіркеуден өткізе ме екен?» деп әзілдеп жазған жазбасын оқып күлгенмін. Ал «Досым праймеризге қатысып жатыр екен. Қай ауруханаға қаратуға болады? Бұның емі бар ма, жалпы?» деген жазбадан кейін неге екені күні бойына бүртүрлі болып жүрдім.
Шыны сол, соңғы айларда ФБ-дағы лента толы праймериз болып кетті ғой. Дүбірлі дода қатарына қосылған әріптестердің бәрі ФБ желісінде өз бағдарламасын жариялап, праймеризге қатысуға тәуекел еткенін айтып, жар салуда. Соның бірі, «Праймеризге мен де барамын, ағайен!» деп жазған журналист Мәулен Әнербаймен де тілдесіп, ойын білдік.

Мүмкіндікті мүлт жібермеу керек

«Праймеризге өзін-өзі ұсынушы ретінде қатысып отырмын. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген тәмсіл бар. Сондықтан тек қана жағымсыз жайтты сөз ете бермей, іс жүзінде нақтылыққа көшкен жөн. Праймеризге қатысуымның себебі де осы.
Негізгі мақсат – ел ішіндегі мәселені жазып қана қоя салмай, сол жазғаныңнан нәтиже шығып, көтерген мәселең шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ал көп дүние басшылықтың назарына ілікпей қалып жатады. Осы аралықта дәнекер болып, халық пен билік арасында алтын көпір іспеттес болсам деймін» деген Мәуленнен «журналист ешқандай саяси партия немесе ұйымның мүшесі болмауы керек» деген пікірге көзқарасын сұрадық. Оның сөзінше, журналист – жан-жақты болуы керек. Әрі, «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде қолда бар мүмкіндікті мүлт жібермеу керек деп есептейді.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары:
Праймеризшілер қатарында қалам ұстағандар қаптап жүргені рас. Мен олардың дүбірлі додаға қатысуына мүлдем қарсы емеспін, қайта қолдау танытар едім. Бұл деген партия өміріндегі елеулі жаңалық болып отыр. Праймериз – әлемдегі демократиялық елдерде дәлелденген саяси бағыт қой. Яғни, өркениетті елдердің бәрінде осы әдіс қолданылады. Бұл партия ішіндегі белсенді, өмірлік позициясы айқын азаматтарды анықтауға көп ықпал етеді. Сондай тәжірибе, біздің елге келген екен, ендеше, неге қолдамасқа. Бірақ, бұл жерде мынадай бір дүние ескерілуі керек. Сол праймериздің қорытындысы бойынша, партия ішінде өтетін сайлауда дауыс берілген кезде әділдік қажет. Яғни, жеңімпаздардың атын алдын ала дайындап қоймай, шын мәнінде жеңімпаз атанған партия мүшелерінің есімдері кіріктірілсе дейміз. Ал әділдік болмаса, бұдан кейінгі жерде елімізге енген озық тәжірибе – праймериздің де қадірі кетіп қалады.

БІЗДЕН ДЕ БІР ПІКІР

Әділдік болмаса…

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ, облыстық «Жетісу» газеті  бас  редакторының орынбасары:

  • Праймеризшілер қатарында қалам ұстағандар қаптап жүргені рас. Мен олардың дүбірлі  додаға қатысуына мүлдем қарсы емеспін, қайта қолдау танытар едім. Бұл деген  партия өміріндегі  елеулі жаңалық  болып отыр. Праймериз  –  әлемдегі демократиялық елдерде дәлелденген саяси бағыт қой. Яғни, өркениетті елдердің бәрінде осы әдіс қолданылады. Бұл  партия ішіндегі  белсенді, өмірлік позициясы айқын азаматтарды анықтауға көп ықпал етеді. Сондай  тәжірибе, біздің елге келген екен, ендеше, неге қолдамасқа. Бірақ, бұл жерде мынадай бір дүние ескерілуі керек. Сол  праймериздің қорытындысы бойынша, партия ішінде өтетін сайлауда  дауыс берілген кезде әділдік қажет. Яғни, жеңімпаздардың  атын алдын ала дайындап қоймай,  шын мәнінде  жеңімпаз атанған партия мүшелерінің есімдері кіріктірілсе дейміз.  Ал әділдік болмаса, бұдан  кейінгі  жерде  елімізге енген озық тәжірибе – праймериздің де қадірі  кетіп қалады.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Бүгінгі таңда, нақты айтсақ, 14-30 қыркүйек аралығында онлайн режимде пікірсайыс өтуде. Ары қарай не болады дейсіз ғой. Партия ішіндегі іріктеу жеңімпаздары Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың партиялық тізіміне енгізіледі. Ал іріктеуден өтпегендер, десе де айтарлықтай қолдау тапқандар партияның жаңа кадрлық резервіне кіреді деп күтілуде. Қалай дегенмен, әліптің артын бағып, соңын күтейік.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ