Жаппай вакциналау басталады

0
1687

Үкімет басшысы Асқар Мамин жаңартылған құраммен алғашқы оырысын өткізді. Жиында елдегі санитарлық-эпиде-миологиялық жағ-дай талқыға түсті. Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халыққа жаппай коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастайды. Бұл туралы үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

Министрлік жыл аяғына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлауда. «Бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөлмесінде істейтін қызметкерлер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына вакцина салынады. Бұл шамамен 100 мың адам. Вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанынан басталады», – деді Цой. Оның айтуынша, екінші кезеңде жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындары, медициналық қызмет көрсететін мекеме мамандары қамтылады. Оларға наурыз айынан бастап дәрі салынады. Ал, сәуір айынан мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, созылмалы аурумен ауыратын студенттердің кезегі келмек.
Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина – «Спутник V» және «ЭпиВакКорона» екпесінің тіркелгенін хабарлаған болатын. Тамыз айында екі ел арасында «Спутник V» вакцинасын жеткізу туралы келісім болған еді. Алайда халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмағанын алға тартып, ресейлік вакцинаға күмәнмен қараған. Желтоқсан айының соңында «Қарағанды дәрі-дәрмек кешенінде» ресейлік «Спутник V» вакцинасы өндіріле бастады.
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға қазақстандық QazCovid-in вакцинасы да егілетінін атап өтті. Аталған вакцина қазірде клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде. Отандық QazCovid-in 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге егілген.
«Денсаулық сақтау министр-лігінің болжау жөніндегі жұмыс тобы қолданыстағы шектеу шараларын, оның ішінде мас-ка режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жағдайда және күтілетін вакцинацияны есепке ала отырып, 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық ахуалдың даму болжамын құрды. Аурудың шарықтау шегі наурыз айының соңында тіркелуі мүмкін», – дейді министр.
Айта кетсек, еліміздің Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта», Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары «сары аймақта» тұр.

Д.БЕЙБІТ.


ПІКІР ЖАЗУ