Елімізді жаңаша трансформация күтіп тұр

0
1654

Ел Президенті Қ.Тоқаев қай кезде де қоғам үніне «құлақ асатын мемлекет» құру жайын айтып жүр. Бұл демократиялық саяси жүйенің дамуынан деп түйсінген абзал болар. Әрине, демократия, ашық қоғам дамушы елдің бағдары ғана емес, түпкі мақсаты. Оған қадам жасаудың алғашқы белгілерін байқау үшін алысқа барудың да қажеті жоқ. «Парламенттегі оппозиция» құру соның алғашқы жаңаша қадамы.

Көп партиялы Парламент ел дамуына өзіндік нышанын байқатты. Бес жыл ішінде халық қалаулылары 410 заң қабылдады. Бұл одан бұрынғы бес шақырылымда жасалған жұмыстан әлдеқайда көп. Сессия отырысында президент мұны оңтайлы жетістікке балады. Ендігі бастама жұмысты одан әрі ілгерілетуді көздейді.
Еліміздегі биліктің шексіз көзі – халық. Ал халықтың өмір сүру сапасын жақсарту күн тәртібінен түспек емес. Мәселен, Парламенттің бірінші сессиясында Президент әрбір отандасымыздың құқықтары лайықты қорғалуы арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға бастайтынын алға тартты. Әрине, Конституцияда нақтыланғандай еліміздің байлығы һәм құндылығы адам. Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығында саяси жүйеде реформалық өзгерістер қажет екенін уақыт тынысы да айқындап отыр. Кешенді реформалар қай саладан да тыс қалмайды. Бұл жай өзгеріс болмауы керек, әрбір қазақстандықтың билік органдарына сенімін нығайтар дәйекті өзгеріс болуы тиіс. Құқықтық мемлекетті дамытуда жасанды жетістіктерді жолдан тайдырып, саннан гөрі сапалық қарекеттердің болуы сол сенімді ұялатады.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда алғашқы болып тың өзгерістер жасалатын салалар – медицина мен білім саласы болмақ. Қос саланың адам өмірі үшін маңызы айтпаса да түсінікті. Білім саласында да, медицинада да уақыт тынысына сай жүйелі реформалар жүзеге асып келеді. Нәтижесіз де емес, оңтайлы өзгерістер байқалды. Бірақ уақыттың бір орында тұрмайтыны секілді, қай саланың да талап пен талғам қажеттілігіне орай ілгерілеп отыруы тиіс. Президент әлемді жайлаған пандемия кезінде жұмыс қарқынын басқаша сарынға көшірген қос салада да оңтайлы өзгеріс жасалатынын айтты.
Саяси жүйені демократияландыруға да қарқынды жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, бұрын тағайындау тұрғысында жұмыс атқарылып келсе, алдағы уақытта сайлау бұл процесті ауыстырмақ. Бұл бұқараның сөзіне «құлақ асатын мемлекет» құрудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Президент жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін төменнен бастап нығайту қажеттігін айтты. Нәтижесінде, ауыл әкімдерін сайлау арқылы тағайындау халық пен билік арасын жақындата түспек. Демократиялық дамудың сатысы ауыл әкімдерін сайлаумен шектеліп қалмайды, бертін келе аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігі туындайды. Әрине, еліміздің орналасу аймағына сай өзіне тән қасиеттері бар. Мәселен, АҚШ-та фермалар экономиканың негізгі тірегі болса, Қазақстанның негізі ауылда жатыр. Президент алдағы уақытта еліміз бойынша 3500 ауылдың қайта жаңғыртылатынын сөз етті. Атқарушы билікті халықпен жақындастырып қана қоймай, ондағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жүйелі жүзеге аспақ. Ол үшін ауылдар мен қалаларды жалғайтын күре жолдар да қайта жаңғыртылады.
Құқықтық мемлекеттің басты нысанасы – демократиялану болып қалмақ. Парламент Мәжілісін одан әрі жетілдіру, ондағы халықтың үні болар партия санын ұлғайту қажеттілігі биылғы сайлауда анық байқалды. Ел президенті Қ.Тоқаев саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету қажеттігін уақыт пен қоғам талабы айқындап отырғанын атап өтті. Бұл саяси бәсекені күшейтеді. Бәсеке болған жерде сапаның да айқындалары анық. Мұнан өзге адам құқығын толық қорғауға мүмкіндік беру одан әрі күшейтілмек. Көп жағдайда құқық заңмен қорғаларын ескерсек, әрбір отандасымызға таңдау мүмкіндігін беру арқылы ашық қоғам түзуге тың қадам болмақ. Мәселен, еліміздің сайлау жүйесінде нысаналы таңдау, яғни сайлауға түсіп отырған адамды не партияны ғана таңдауға мүмкіндік беріледі. Біздің қоғамда сайлауда қарсылық таныту немесе сайлауға келіспейтінін білдіре алатын мүмкіндігі жоқ. Президент әрбір азаматтың сайлау құқығын қорғау үшін бюллетеньдерде қарсылық немесе «бәріне қарсымын» жазуын енгізу қажеттігін айтты. Адам құқығының бұзылмауы заң бойынша таңдау мүмкіндігін беру қажет.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» бастамасын «Nur Otan» партиясы жүйелі жүзеге асырып келеді. Бастаманың түп-төркіні демократиялану. Өткен жылы партия елімізде алғаш рет праймериз – партияішілік іріктеу өткізді. Жыл басында өткен сайлауда партияның ҚР Парламент Мәжілісіндегі фракциясы 70 пайызға жаңарса, облысымыздағы барлық деңгейдегі мәслихаттарда да депутаттық корпус жаңарып, жастар 20% мен әйел азаматтар 30% көрсеткішпен енді. Бұл бұқараның жайын мінберден көтеруге жағдай жасау деп түсінген абзал. Одан бөлек партия алдағы бес жылдыққа негізделген сайлауалды бағдарламасын жасақтады. Бұл ретте халықтың тұрмыс сапасын жақсарту негізгі нысанға алынды. Әр саланы қамтыған бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етеміз.
VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның болашағын көруге болады. Демократиялық жүйені одан әрі дамыту арқылы еліміз жаңа белеске қадам баспақ. Даналығы даңғайыр далаға жайылған ұлы Абай «тірлік үшін – бірлік керек, бірлік болғанда – ақылға бірлік қажет» дейді. Бірлікпен тірлік ету арқылы еліміздің болашағын жарқын етейік.

Гүлнәр ТОЙЛЫБАЕВА,
«Nur Otan» партиясы Алматы
облыстық филиалы төрағасының
бірінші орныбасары.


ПІКІР ЖАЗУ