ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ құрбандары көп

0
2094

«Лудомания» деген аса қатерлі дертті естуіңіз бар ма? Тәніңіз ауырып, жаныңыз жапа шекпесе де, санаңызды улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуге «құдіреті» жетеді. Мейлі, отбасылы болмаса да, «бойдақпын» деп алшаң басқан бозбалалардың да тұмсығын тасқа тигізген. Құмар ойындарға бәс тігіп, үйі мен көлігінен айырылған, миллиондаған ақшасын желге ұшырғандар жетерлік.

Ақпарат құралдары ел тұрғындарының 5%-ы аталған құмар ойындарға тәуелді екенін растап отыр. Ал, оның 82%-ы жеңіліске ұшырайтын көрінеді. Ең қызығы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеді. Адам денсаулығына аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қаққан-ды. Соған қарамастан тәуліктеп букмекерлік кеңселерді торуылдаған жастарға тосқауыл боларлық күштің жоқтығы қынжылтады.
«Қой» дейтін қожа қайда? Тосқауыл қайдан болсын, соңғы он жылда «ойын бизнесі» ел бюджетіне 5 миллиардтан астам теңге құйған. Бейресми деректерге сүйенсек, ел аумағында орналасқан букмекерлік кеңселердің жылдық ақша айналымы 50 млрд. теңгені құрайды-мыс. Осыдан да болар, оңай олжаны көксейтін еңбекке осал адамдардың қалтасын қағып жатқан ойын кеңселерінің мұртын балта шаппай тұр. Ойын мекемелеріне берілетін рұқсатнама мерзімі 10 жыл болса, сол лицензияның құны бар болғаны 1 млн. 616 мың теңгеге тұрады. Еуропаның біраз мемлекетінде бәс тігуге қатаң тыйым салынған. Ал, АҚШ-тың бірнеше штатында ғана оған рұқсат етілген. Ойынға үзілді-кесілді тыйым салған мемлекеттер: Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабия екен. Ал бізде бір ғана орталықтың 327 нысаны жұмыс істейді. Ай санап аранын ашып, күн санап көлемін ұлғайтқан бір «ашкөз» дерсіз. Қайсібір жылдары «BBC» арнасына сұхбат беріп, құмар ойынға қатысты бар шындықты жайып салған «Sportradar» деректерді жинау орталығының директоры Даррен Смол заңды және заңсыз кеңселерді қосқанда, букмекерлік нарықтың құны 700 миллиард доллардан 1 триллион долларға дейін екендігін айтқан болатын. Букмекерлік кеңселер жүйесі бәс тігушінің ұтылу ықтималдығын тым жоғары қоюға жасырын түрде жұмыс атқарады. Соның өзінде, оңай олжаға кенеліп үйренген сұғанақ қолдардың сұранысы бәсеңдемей тұрғаны алаңдатады. Қазақстанға 1990 жылдардың басында келген бұл құмар ойын түрі аз уақыт ішінде аудиториясын барынша кеңейтіп үлгерді. Сөзіміздің растығына әуелі өзімізді иландырмақ болып, қаламыздағы бірнеше букмекерлік кеңсеге бас сұғып көрдік. Бақсақ, жасы да жасамысы да осында жиналыпты. Жас дейтініміз, он сегізден енді асқан студенттерді де, жасамыс дейтініміз, ақыл тоқтатып, ел ағасы жасына келген азаматтар да осы орыннан табылды. Әр сағат сайын 5-10 мың теңгенің желге ұшқанын көріп, көңіліңіз пәс болады.
Алғашқыда «бәс» тек жекпе-жек түрлеріне тігілетін еді. ХХ ғасырдан бастап спорттың әр түріне бойлай бастады. Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары секілді салмақты да байрақты бәсекелерде спорттың жілігін шағар сарапшылар түрлі болжам айтып, букмекерлік кеңселердің саудасын қыздыруда. Айтқандай, осы жерде естіп-білген бір қулықтың шетін шығаралық. Футбол, теннис, бокс сияқты спорт түрлері кейде букмекерлік орталықтармен келісімшартқа отырып, команданың бағы мен бабын қолдан жасайды деген сыбыс бар. Яғни, кімнің жеңу керегін, не жеңілу керегін алдын-ала келісіп қояды-мыс. Сол себепті, тапқан-таянғаныңызды қойыныңызға тығып, еселеп қайтарамын деп бір күні сіз де кеңсе жағалап бара жатсаңыз, сақ болғайсыз. Басыңызға қашан «бақ құсы» қонарын дөп басып айту аса қиынға соғады. Алмақтың да салмағы барын, оңай олжаның оңалтпасын, орасан пайда көз шығарарын ұмытпағайсыз. Бұны мен емес, атам қазақ айтып кеткен. Айтпақшы, қоғамды бәсекенің буы шарпып тұрған шақтарда спортты қойып, саяси оқиғаларға да болжамын айтып, бәс тіккендер бар. Естеріңізде болса, 2006 жылы Қазақстанда тіркелген бір букмекерлік орталық Лондонда қайтыс болған Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың өліміне қатысты істің қандай қорытындымен аяқталатынына болжам айтушылардың бәсін қабылдап, жаға ұстатқан. Соның арқасында саяси шиеленіске толы жағдай букмекерлік кеңселердің қаржысын еселеген. Адами құндылық жоғалған шақта адам өмірі де ойыншыққа айналарын және бір дәлелдеп бергендей. Тіпті деймін-ау, біреудің ажалымен келген ақшаға қайтіп адал ас іше аларсыз? Мына бір оқиға тіптен шалқадан түсірді. «Манчестер Ситидің» футбол клубының жанкүйері Амани Стэнли «Манчестер Юнайтедпен» болатын жарысқа әйелін бәс ретінде қойған. Екі тарап қолхат жазысып, бәстің шартын алдын-ала жасаған. Ал, әлгі желөкпе жанкүйеріміз командасының жеңіске жететініне сенімді болғанымен, жеңіліс тауып әйелінен айырылып қалған. Бәстің құны – өмір. Бір өкініштісі, бәс тігемін деп басын қатерге тіккендерді тізбелей берсе, бір том кітапқа айналуы мүмкін. 2018 жылы Талдықорғандағы букмекерлік кеңселердің бірінде жұмыс істеген 19 жасар қыз белгісіз себептермен қайтыс болған еді. Тергеу дерегі бойынша, А. Құрманғалиева кеңсе кассасындағы 98 мың теңгені бәске қойып, ұтылып қалған. Тығырықтан шығудың жолын таппай, биіктен секіріп, қайтыс болған.
Ең қорқыныштысы, бәс тігу үшін несие алып, қарызға белшесінен батқандарды да естіп-біліп жүрміз. Қарыздан құтылудың жолы – өлім деп білгендер, жақындарына қайғыдан қан жұттырып кетеді. Бұл орталықтардың жарнамасы да әр жерден бір «менмұндалап» тұрады. Сорақысы сол, өзіне адам тартудың жолдарын әбден оңтайластырып қойған олар, үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы бәс тігуге де мүмкіндік беріп отыр. Заң бойынша, бұл орталықтарға 21 жастан жоғары азаматтар ғана келе алады. Осы орайды пайдаланып, смартфонның ар жағында қаншама өскін жасырынып, бәс тігіп отырғанын кім білсін? Лудомандар қайдан шығады? Бұл мақаланы оқи отырып, «Осыдан аулақ жүрсе екен» деген оймен үйіңіздегі ер жеткен балаңыз әлде бауырыңыз үшін алаңдап отырсаңыз, қателесесіз. Нағыз лудоман – телефоннан бір сәт ажырамайтын 3-4 жасар бүлдіршініңіз. Иә, дәл солай. Кеңсеге барып бәс тігер халге жетпегенімен, үйде отырып-ақ, тәуелділік пен телефонға деген құмарлығын «дамытуда». Белгілі психотерапевт Тимур Мұстафаев құмар ойындарына тәуелділікті емдеудің қиын екенін және бұл дерттің адам баласында 5-6 жастан басталатынын айтады. «Бұл тәуелділік 5-6 жастан басталады. Яғни қазір ата-аналар балаларына телефонды берген кезінен бастау алады деп айтуға болады. Баланың өмірге деген көзқарасы 5-6 жасында қалыптасады. 14 немесе 20 жаста емес. Ми 14 жасқа дейін дамиды, ал 14 жастан кейін сыртқы факторларды қабылдайды. Дәл осы уақытта яғни 5, 7, 10 жаста балалар адамдармен қалай сөйлесу керектігін, кімнен үлгі алатынын түсіне бастайды. Бірақ дәл осы кезеңде, өкінішке қарай, ата-аналар балаларына телефонды бере салады», – дейді психотерапевт белгілі басылымға берген сұхбатында.
Глобальды проблемалардан кем түспейтін осы бір көз алдымыздағы дерттің жайын көріп-біле тұра заңның әрекет ете алмайтыны өкінтеді. «ҚХР Үкіметі жеткіншектерге үлкен талап қояды. Мәселен, компьютерлік бағдарлама өзін жүйеге қосқан адамның кәмелеттік жасқа толмаған бозбала екенін білсе, бір күнде үш сағат тұтынуға рұқсат етеді. Бес сағаттан соң бағдарлама жұмысын толық тоқтатады. Сонымен қатар, оқушылар интернеткафеге де кіре алмайды. Егер кафеде демалып отырған оқушы ұсталып қалса, 30 күн «зынданға» қамалады. Осы жағдай екінші рет қайталанар болса, мектептен қуылады.

ТҮЙІН: Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Тіпті, дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Қазақ тілсіз жау деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғам бейнесіне қарап, өз тұжырымымызда үшінші жау ретінде «Лудомания» дертін де қоса айтқымыз келеді. Бұл дерттің өрттен несі кем? Үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпыды.

Данагүл БЕРЕКЕТ


ПІКІР ЖАЗУ