Қазақстанда ана капиталын енгізу ұсынылды

0
1609

ОСЫДАН бірнеше жыл бұрын ел ішінде «Қазақ қайтсе көбейеді?» деген мәселе жиі талқыланып келді. Тіпті «2020 жылы халық саны 20 миллионға жетеді» деген оптимистік болжам да жасалды. Дей тұрғанмен «мемлекеттің басты байлығы – халқы» десек те, демографияға дүмпу боларлық нақты бағдарлама әлі күнге қабылданбады.

Бір кездері сенатор болған Ғани Қасымов бала туғандар үшін бір реттік жәрдемақының мөлшерін шамамен 2 миллион теңгеге дейін көтеру керектігін, бұған біздің шамамыз да, әулетіміз де жетер еді деп ұсыныс айтқан-тын. Ал жуырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ана капиталын енгізуді ұсынды. Халық қалаулысы елімізде дүниеге келген әрбір балаға 4 млн. теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде «Ана капиталын» енгізу керек екенін айтты.
Оның сөзінше, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтарына мақсатты пайдалануға бағыттаған дұрыс. Сонымен қатар мәжілісмен ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес қазақстандық балалардың 15,6%-ы табысы ең төмен отбасыларда тұратынын мәлімдеді.
«Толық емес отбасылардың проблемалық мәселелері өте өзекті. Онда ата — аналардың біреуі, анасы немесе әкесі балаларды тәрбиелеуде. Бір, екі немесе үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әке де көптеген қиындыққа тап болады, бірақ әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер санатына кірмейді. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, бізде мұндай 500 мыңнан астам отбасы бар және оның басым көпшілігі жалғызбасты аналар болуы мүмкін. Ана мен баланы қолдауға қаржы көптеп бөлінсе, кедейшілік қана емес, балалар арасында аурулар мен зорлық-зомбылық та азаяды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов.
Ал, бұл орайда депутат Айжан Ысқақова бала күтімі бойынша жәрдемақыны ұлғайтуды, ақылы декреттік демалыс кезеңін 2 жылға дейін белгілеуді ұсынды. Оның айтуынша, бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері – 16 801 теңге. «Бюджеттен бір сотталған адамға айына шамамен 88,5 мың теңге жұмсалады және түзеу мекемесінде болған барлық мерзімде ол күзетпен, тамақпен, киіммен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Айырмашылық 5 есе. Ел үшін кім қымбат», – деген толғамды пікірін де ортаға салды ол.
Осы мәселеге қатысты «Nege.kz» ақпараттық порталына берген сұхбатында депутат Е. Смайлов былай деп ой топшылапты: «Қазір әлеуметтік жәрдемақының түрі көп. Атаулы әлеуметтік көмек бар, бір реттік жәрдемақы бар, тағы басқа. Бұл дұрыс емес. Негізі әр адамға инвестиция құю керек. Мысалы, Үкімет әлеуметтік салада мәселе туындаса, жәрдемақы береміз деп шығады. Сөздеріне қарасақ, осындай жәрдемақыны үнемі беріп жүргендей көрінеді. Келешекте модернизация болмаса, 20-30 жылда артта қалып қоямыз. Ең алдымен, адами капиталдың сапасын жақсарту тиіс. Ол үшін инвестицияны бала өмірге келген сәттен құю қажет. Баланың денсаулығы, тамағы бар, балабақша мен мектеп, спорт үйірмесі, бәрі-бәрі тегін болуы керек.
Қазақ «Түйе сұрасаң, бие береді» демей ме?! Шын мәнінде, бюджетте ақша жетеді. Республикалық, облыстық бюджетте де солай. Мәселен, Есеп комитеті желтоқсанда Индустрия және иннновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын зерттеп, арнайы есеп берді. Осы бағдарламаға 10 жылдың ішінде 5 трлн. 30 млрд. теңге құйылыпты. Яғни, Есеп комитеті есебінде қаржының 15 пайызы ғана мақсатты жобаға жұмсалса, қалған 85 пайызы жанама жобаға (мониторинг, индикаторды жасақтау) кеткен.
Айталық, елордадағы ЛРТ-ға 1 млрд. доллар жұмсады. Бірақ бізге ақша жоқ дейді. Республикалық, жергілікті бюджетке анализ жасау керек. Квазимем-лекеттік секторлар – «Бәйтерек», «ҚазАгроға» қаншама қаржы құйылды. Мемлекеттік бағдарламалар көп. Олардың нәтижесі шамалы. Есеп комитетінің сайтына кірсеңіз, былтыр 7 мемлекеттік бағдарламаны қарап шығыпты. Нәтижесінде мемлекеттен құйылған 1 теңге небәрі 30 тиын табыс әкелген.
Дүниежүзілік банктің көрсеткішінде 1 доллардан 20-30 тиын ғана түскен. Тіпті, мұны табыс деп те есептеуге болмайды. Бағдарламаны бірнеше жылға лайықтап жасау керек. Мысалы, АҚШ-та 1960 жылдары экономикалық есеп жүргізген. Балаларға 1 доллар құйды. Бұл келешекте экономикаға 6-17 доллар әкелді. Яғни, бала өскенде денсаулығы мықты болса, жақсы білім алса, ертеңгі күні жақсы маман болып, мемлекетке табыс әкеледі. Ол үшін бала кезінен инвестиция құю керек. Шетелде «алғашқы мың күнге арналған инвестиция» деген термин бар. Сондықтан «Ана капиталын» енгізсек, ұрпақ бар жағынан да мықты болады».
Біріккен ұлттар ұйымының соңғы дерегі бойынша Қазақстанда 1 миллионға жуық бала кедейшіліктің кебін киіп отырған көрінеді. Бұл дегеніңіз, олар ішер ас пен киер киімге жарымай отыр дегенге саяды. «Қазақстан Халық партиясының» ресми өкілі Қанат Махамбет айтқандай-ақ, осындай жағдайды көріп отырған Үкіметтің бейғамдық танытуы шынында да түсінікісіз. Партия өкілі ретінде Үкімет осы ұсынылған бастаманы қолдап, жүзеге асырса екен дейді. Оның айтуынша, қазақстандағы әр алтыншы бала кедей отбасында өмір сүреді.
«Неге, олай? Бұл дегеніңіз біздің кедейшілікте өмір сүріп жатқандығымызды, халыққа тиісті әлеуметтік жағдай жасай алмай отырмыз деген сөз. Егер мемлекет тарапынан, Үкіметтен халыққа тиісті әлеуметтік жағдай жасалса, ата-аналар балаларын түн жарымында үйіне қамап, жұмысқа бармас еді ғой. Отбасының ойраны шығып, сәбилер отқа оранбас та еді. Осының барлығын көріп отырса да Үкіметтің селк етер түрі жоқ. Неге, біз үшін осы жағы түсініксіз» – дейді әлеуметтік желіде ойын ортаға салған Қанат Махамбет.
Депутаттық сауал ретіндегі мәселені ел ішінде «4 млн. теңге бөлінеді екен» деп қызу талқыға салып жатқандар қарасы көп. Алайда, бұл әлі бекітілмеген, талқыға салынатын ұсыныс екендігін де еске салғымыз келеді.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ: 

«Әрбір бала үшін ата-ананы айтпағанда мемлекеттің де қолдауы қажет. Осы ретте айтарым: балаға берілетін бір реттік жөргекпұлдың көлемі көбейтілсе, жәрдемақы бір жасқа дейін емес бала үшке келгенше берілетін болса…. Мәселен, батыс елдерінде «Ана капиталы» бар. Халық санын арттыру, аналарды қолдау, бала тәрбиесіне мән беру мақсатында «ана капиталы» жұмыс істейді. 3 жасқа дейін жәрдемақы беріліп, ана мен баланың қажеттіліктері мемлекет тарапынан өтеледі. Бізде де жәрдемақы беріледі. Бірақ ол мардымсыз. Ал «Ана капиталын» қалыптастыру өзекті күйінде қалып отыр. Президент Жолдауында басым бағыттың бірі деп «Адам капиталын» атап көрсеткен. Менің ойымша, осы «Адам капиталының» негізінде «Ана капиталын» жолға қойып, реттеп алсақ, халық санын арттыруға да, бала тәрбиесіне де, ана мен баланың жағдайына да ықпалы зор болар еді» –дейді көпбалалы ана Гауһар Сатыбалдиева.

Әзірлеген:  С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ