САРҚАНДА КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

0
1592

Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы елдің экономикасының дамуына ерекше әсер ететін салалардың бірі. Күн жылынып, жердің сызы кеткен шақта, шаруалар кетпендерін иықтарына салып, егін алқаптарына аттанады. Көктемгі дала жұмыстары қазіргі уақытта аймақтың барлық ауданында қызу жүруде.

Сарқан ауданында да көктемгі-далалық жұмыстар қар- қын алды. Түгін тартсаң майы шығатын құнарлы өлкеде биылғы жылы жалпы егістік жер көлемі 97 641 га құрап отыр. Көктем кеш келгеніне қарамастан диқандар техникаларын сақадай сайлап, алқаптарда бүгінгі күні жер жырту, тегістеу жұмыстарын аяқтап, себу жұмыстарына кірісіп кеткен.
Аудандық ауыл шаруашылы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы өңірде 47 290 га дәнді дақылдар, 13 000 га күздік бидай, 26 000 га жаздық арпа, 2 200 га жүгері, 24 440 га майлы дақылдар, 980 га картоп, 660 га көкөніс, 20 204 га көп жылдық шөп, 633 га дәрілік шөп және 3 315 га қант қызылшасын себу жоспарлануда.
Аудан әкімінің орынбасары Арман Тұрсынұлының сөзінше, өткен жылы 1 млрд. 220 млн. теңгеге 69 дана әр түрлі ауыл шаруашылық техникалары сатып алынған. Заман талабына сай алынған техникалардың арқасында көктемгі жырту, тегістеу, себу және күзгі жиын терін жұмыстарын межесінен бұрын аяқтауға мол мүмкіндік бар.
«Көктем айы басталысымен шаруаларда да тыным жоқ. Жер жыртып дән егіп, бел жазбай еңбек ететін кез. Біздің мақсат мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау таныту. Сондай-ақ, жыл сайын жерді тиімді игеру, ауыспалы егістікті қолдау арқылы жерді тозып кетпеуден сақтап еккен дәннен мол өнім алу,» – дейді ол.
Сәуір айынан бері көктемгі дала жұмыстарына 700 тонна арзандатылған жанар-жағармайдың 182 тоннасы 168 теңгеден сатып алыныпты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ