МЕРЕЙЛІ МАМАНДЫҚ

0
1582

Науқасқа дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – медбикенің арқалаған жүгі ауыр-ақ. Бүгінгі төтенше жағдай тұсында дәрігерлермен бірге медбикелердің де тыным таппай жұмыс істеп келетіні белгілі. Медицинаның негізгі күші саналатын медбикелер сырқаттың келіп түскенінен сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін бәйек болады. Олардың Гиппократқа берген антына беріктігі осыдан білінсе керек.

Ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі ретінде Айгүл Мұратбекованың еңбегін ерекше атауға болады. Ол 1989 жылы Талғар қаласындағы медициналық колледжді бітіріп, алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы №3 емханада бастаған. 1993-2006 жылдар аралығында Ақсу аудандық орталық ауруханасының реанимация бөлімінде медбике-анестезист ретінде қызмет жасаған. 2006 жылдан бері Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада реанимация бөлімінде медбике-анестезист болып еңбек етуде. Отыз жыл бойына үстінен ақ халатын бір сәтке тастамаған Айгүл Әлсейітқызы

 

бүгінге дейін өзіне жүктелген сенімді абыроймен атқарып келеді.
«Өз мамандығын сүйетін екі адам болса, соның бірі – менмін. Науқастарға сапалы ем жасау өз алдына, адамдарға мүмкіндігімше көмектесуді басты парызым деп санаймын. Дәрігер Гиппократ антына да, өз арына да адал болуы тиіс», – дейді ол.

Мейірбике ісі жауапты, қиын да қарапайым, әрі адалдықты қажет ететін кәсіп. Облыстық аурухананың реанимация бөлімінде қызмет жасайтын Ақтолқын Қарсенбаева сондай қасиеттерді бойына жиған жан. Медбике ісінің қыр-сырын жетік меңгерген ол бұл қызметті 1998 жылдан бері атқарып келеді, яғни, 22 жыл бойы тапжылмай осы салада еңбек етуде.

«Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Әке-шешемнің үмітін ақ-тадым. Көрші-қолаң, достарым, ауылдастарым, әсіресе, үлкендер жағы «қолыңнан айналайын» деп көрген жерде алдымнан кесіп өтпейді, батасын береді. Мереке қарсаңында өзіммен бірге осы жұмыстың ыстық-суығына бірдей төзіп жүрген барлық әріптес қыздарымды құттықтағым келеді. Адамдардың ықылас-ниеті, алғысы бізді мерейлендіреді. Сондықтан, біздің қыздар әрқашан қызметіне адал болуды зердесіне жаттап үйренген», – дейді жүрегі мейірімге толы  Ақтолқын Ақжолтай.

Сырт қарағанға медбике қызметі қиын жұмыс тәрізді көрінбейді. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтіні сөзсіз. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Егуін жасайды, дәрісін уақытылы береді, төсек-орын, ас-ауқаты, хал-ахуалын күні-түні бақылап, науқасқа қарайтын да осы медбикелер. Олардың төтенше жағдай кезіндегі жұмысы тіптен ұшан-теңіз дерсің?!
«Адам өзін жақсы көруі керек. Ал өзін жақсы көру – әдемі киіну, жұртқа жақсы болып көріну емес, денсаулығын күту». Бұл – Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада бас медбике болып қызмет атқарып келетін Ақбөпе Тұрлыбаеваның айтқаны.


Медицина саласында жиырма жылдан аса уақыт еңбек етіп келетін облыстық аурухана бас медбикесі қарамағындағы қызметкерлердің әрқайсының білімі, мінез-құлқы әртүрлі болғандықтан, олардың әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеп, бағыт-бағдар көрсету басты міндеті екенін де айтты. «Жалпы медбикелерге қанша ізденсе де артық етпейді. Өйткені, адам жанына араша түсу білім мен біліктілікті талап етеді», – деген кейіпкеріміз өзінің осындай дәрежеге жетуі еңбек пен ізденімпаздықтың арқасы екенін де жасырып қалмады.
«Медбике болып қызмет істеу оңай емес екені беседен белгілі жайт. Әсіресе, қазіргі ел ішінде орын алған төтенше жағдайда оларға жүктелер міндет де орасан. Неге десеңіз, біздің саладағы басты күш медбикелерге түсетіні анық. Олар науқастардың бабын табуға тырысып-ақ бағады. Осы мереке қарсаңында әріптестеріме шыдамдылық пен сабырлық тілеймін. Денсаулықтары мықты болып, халыққа адал қызмет етіп, өз істерінің жемістерін көре берсін дегім келеді» – деп ағынан жарылды өз ісінің шебері.
Бас медбикенің айтуынша, бүгінгі төтенше жағдайға байланысты облыстық ауруханада коронавирусқа қарсы күрес-те дәрігерлермен бірге алдыңғы шепте жүрген 140-қа жуық медбике бар. Олардың бәрі елдің амандығын ойлауда өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келеді.
Халық денсаулығы үшін күресте аянбай еңбек етіп келетін мерейлі мамандық иелеріне амандық тілейміз. Ақ халатты періште деген атқа ие барлықтарыңызды осындай мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, бақыт пен сәттілік тілейміз.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 


ПІКІР ЖАЗУ