Балық өнеркәсібі кешенінің іргетасы қаланды

0
1167

Өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балық шаруашылығын дамыту қажеттігін алға тартып, тұрғындардың балық өнімін тұтыну мөлшерін арттырудың жаңа жобаларын жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Осыған орай  Үкімет балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын бекітті. Онда 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру көзделген. Сондай-ақ, балық саласын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтіліп, балық өсірудегі ілеспе бағыттарды дамыту үшін жағдайлар жасалды.

Күні кеше Қапшағайда  толық қуатына енген кезде жылына 10000 тонна баррамунди балығын өсіретін «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешенінің іргетасы қаланды.

Бұл  шараға  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев,  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, жобаның бастамашысы «Оспанова девелопмент» ЖШС құрылтайшысы Александр Беловичтар  қатысты.

Өз сөзінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық өсіру көлемін ұлғайту балық өсіру үшін жарамды су айдындарын пайдалану және жаңа индустриялық балық өсіру шаруашылықтарын салу есебінен жоспарланып отырғанын айтты.

«Индустриялық балық өсіру шаруашылықтары бағдарламада белгіленген балық өсіру көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені олардың жобалық қуаты айтарлықтай үлкен. Сонымен қатар, табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан кез-келген аймақта өндіріс орнатуға болады.  Оның үстіне, мұндай индустриялық шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын пайдаланады. Жобаны іске асыру балықтардың экзотикалық түрлерінің импортын алмастыруға және сонымен бір мезгілде экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады», – дейді ол.

«Оспанова девелопмент» кешені Қапшағай өңіріндегі «Арна» индустриалды аймағына орналасқан. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 67 млрд.теңге инвестиция салу жоспарланған.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ