«Кітапханаға кітап сыйла»

0
1040

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасы жыл сайын «Кітапханаға кітап сыйла» акциясын үзбей өткізіп келеді. Шара аясында кітапхана қоры молығып, жұрттың қолында жүрген құнды дүниелер оқырман қолына жетуде.

Облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев  кітапхана қорына Іле өзені, Шарын шатқалы, Алакөл, Көлсай, Жетісу Алатауы сынды Жетісудың маржандары өрнектелген энциклопедиямен қатар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптомдық жинағын кітапханаға сыйға тартты.  Бұл туралы Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады.

Шара барысында  Жанболат Әкебайұлы облыстық мәдени ошақтың материалдық-техникалық базасы, жай күйімен танысты.

Аталған челленджді іліп әкеткен халық қалаулылары жұртқа рухани азық сыйлайтын туындыларын кітапханаларға тарту ете бастады. Сол қатарда облыстық мәслихат депутаты, Қапшағай су электр стансысының директоры Бағдәулет Үстенов Қапшағай қалалық кітапханасына кітап оқуға ыңғайлы 2 орындық және 100 данадан аса кітап сыйласа,  облыстық мәслихат депутаты, «Almaty berry plants» ЖШС директоры Бекет Әбішев С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханаға балалар әдебиеті жанрында жазылған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат» атты кітабының 1000 данасын әкеліп тапсырды.

Қазіргі таңда облыстық кітапхана мемлекеттік жүйедегі 281 кітапхананың әдістемелік орталығы болып табылады. Кітапхана қорында филиалдарымен қоса есептегенде,  қорында шамамен 523 67 кітап бар.

 

С. БАЗАРҚҰЛОВА.

 


ПІКІР ЖАЗУ