Түркітілдес Журналистер Қорының тегін SMM курсы басталды

0
1294

«Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» вебинарлар сериясы «SMM: Алғышарттары» тақырып аясындағы онлайн семинармен жалғасты. «ZOOM» платформасында 100-ге тарта журналист қатысқан семинарды Ақтолқын Халман тренерлік етті.

 

Медиатренер өз сөзінде SMM — жеке тұлғаның, компанияның брендін, атын әлеуметтік желілер арқылы қалыптастыру, қызмет көрсету, тауар сату, ықпал ету көлемін арттыру бойынша жүргізілетін жүйені таныстырды. Айтуынша қазіргі таңда еркек атаулы «Facebook» желісіне жақын келсе, қыздар қауымы «instagram» желісін қолданғанды жөн көреді.
«Инстаграм парақшасын ашқан кезде аккаунттың атын өзіңіздің есіміңізбен қоймаған абзал. Себебі, «Арай Есімбекова» деп қойып, торт жасайтын аккаунт ашсаңыз, сізді тұтынғысы келетін клиент таппай қалуы әбден мүмкін. Өйткені «іздеу» бастырмасы арқылы тортты қажет еткен адам «торт» деп жазып іздейтіні белгілі. Сондықтан аккаунт атын «торт» немесе өзіңіздің кәсібіңіздің атымен ашқан дұрыс. Сондай-ақ, аккаунт атын кейбір қыз-келіншектер «аааiko» деп бір әріпті бірнеше рет пайдаланады. Сізді тұтынатын клиент лезде табу үшін аккаунттың атын жеңіл таңдағаныңыз дұрыс» – деген ол пандемия ғаламтор желісінің қарқын алуына себепші болғанын айтады.
«Карантиндік режимге байланысты көптеген дүкендер жабылып, онлайн тәртіпке көшкен болатын. Сөйтіп, инстаграм, фейсбук, уатсап желілері арқылы жұмыс жасалуда. Егер бір адам бір нәрсені ұнатса ол міндетті түрде іздеген затын сататын аккаунт іздейді. Ол жерден бағасын, түсін таңдау мақсатында бизнес аккаунтқа жазады. 15 минут ішінде жауап қайтпаса, басқа аккаунтқа тапсырыс беретінін сөзсіз. Сондықтан, егер бизнес аккаунт ашсаңыз, жылдам қызмет жасау басты мақсатқа айналдыру керек.
Менің бір психолог танысым бар еді. Үш жыл бұрын 3000 адамы ғана болған. Қазір 500 000 оқырманмен жұмыс жасап отыр. Басты себеп, онлайн режимде үнемі болу, сурет, видео, историяларды уақытында салып, жүйелі түрде жұмыс жасағандықтан оқырман саны күннен-күнге өскен. Түстерді жақсы үйлестіре білген жөн. Шығын шықпай кіріс кірмейтінін ескеру керек. Яғни, өз аккаунтыңызды басқа танымал аккаунтқа жарнама жасау да бір мүмкіндік болып табылады.
Ең қауіпті нәрселердің бірі инстаграмыңызды біреу ұрлап алу қаупінен сақ болу үшін фейсбук желісі мен қатар пайдаланып жүрген нөміріне тіркеп қойған абзал» – дейді А. Халман.
БАҚ өкілдеріне арнап өткізіп жатқан тегін SMM курсы алдағы уақытта да SMM туралы егжей-тегжейлі ақпарат беретін болады.

А. ҚҰСЫМАНҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ