60-қа жуық отбасы баспаналы болды

0
1045

ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ МӘРТЕБЕСІН АЛҒАНЫНА 20 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ҚАЛАДАҒЫ ОҢТҮСТІК-БАТЫС ТҰРҒЫН АУДАНЫНЫҢ «БОЛАШАҚ» ШАҒЫН АУДАНЫНДА КӨППӘТЕРЛІ ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ.

Тұрғындарға жаңа пәтердің кілтін табыстаған облыс әкімі Амандық Баталов қоныс иелерін қала күні мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық сала бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн», – деді өңір басшысы А. Ғаббасұлы. «Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары жаңа пәтерлердің бақытты иегерлері атанды. Солардың қатарында, ақ жаулықты ана Нүкен Құлбайқызыда бар. «Балам бүгін құтты шаңырағының кілтін қолына алды. Бұл қоныс тойды ұзақ уақыт күттік. 2005 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде 4 перзенті бар. Балаларым үшін өте қуаныштымын. Баспаналары берекелі болсын. Қуанғанымнан көзіме жас алып отырмын», – деп ағынан жарылды ана. Берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. Онда барлығы 55 пәтер бар.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 

 


ПІКІР ЖАЗУ