Карантин талабын бұзғандарға 4 млн. теңге сомасында айыппұл салынды

0
1175

Жыл басынан бері Текелі қаласында 1809 адамнан коронавирус анықталған. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 5895,6 құрайды. Эпидемиологиялық бақылау матрицасына сәйкес, Текелі қаласы қызыл аймақта орналасқан.

Қала бойынша оқушылар арасындада коронавирустық жағдай тіркелуде. Бүгінгі күні шаһардағы 12 оқушыдан аталған індеттің табылғандығын растап отыр. Сәйкесінше, 6 мектептегі 12 сыныптың 329 оқушысы карантинге жіберілді. Оқу жылы басталған уақыттан бастап қалада екі ұстаздың вирус жұқтырғаны анықталған. Осы уақытқа дейін, мониторингтік топтардың жүргізген тексеріс нәтижесінде, карантин талаптарын бұзған 58 нысанға оның ішінде жеке және заңды тұлғаларға 4 млн. теңге сомасында айыппұл салынғанын тілге тиек етті Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы. Қалада коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар үшін 110 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі кезде ауруханалардағы төсек санының жүктемелігі 38 пайызды құрап отыр. Бұл туралы Текелі қалалық ауруханасы директорының орынбасары Камила Жамалова мәлімдеді. Оның айтуынша, реанимацияда 11 төсек бар. Қазірде аталған бөлімде 6 науқас емделуде. Коронавируске шалдыққандардың 97 пайызы екпе алмағандар. Ал емханадағы науқастардың 3 пайызы вакцинаның екі бөлігін толық алмағандар болып табылады. «Қала бойынша балалар арасындағы аурушаңдық 2,1 пайызды құраса, жүкті әйелдер арасында бұл көрсеткіш 12 пайызды көрсетуде. Көбіне 40-50 жас арасындағы тұрғындар індетті жиі жұқтырады», – дейді Камила Тоқтасынқызы. Естеріңізге саламыз, моноқалада аты жаман індетпен күресудегі жұмыстың тиімділігін арттыру үшін арнайы мобильді топтар жұмыс жасауда. Мамандар сөзіне сенсек, мобильді топқа тәулігіне 100-350 шақырту түседі.

С. НҮСІП


ПІКІР ЖАЗУ