Шіркеудегі шырғалаң

0
1126

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бастап діни  наным-сенімге айқара жол  ашылды.  Тіпті,  тәуелсіздік алмай тұрып, бір жыл бұрын,  яғни, 1990 жылы культтар саны 10-нан  асса,   қазіргі таңда жаңа культтардың саны 160-тан асады.  Интернет желісіндегі ақпараттарға шолу жасасақ,  1989 жылғы 1  қаңтарда  30 конфессияға тиесілі  700-ге жуық діни бірлестіктер болса,  2003 жылдың 1 қаңтарында 3206 діни бірлестіктер жұмыс істеген.  Жалпы,  Қазақстанның аумағында православиелік шіркеуге жататын  241 діни бірлестік (олардың 230-ы Орыс православие шіркеуіне қарайды),  7 старообрядтық  шіркеу,  римдік-католиктік шіркеуінің 77 бірлестігі,  бірқатар протестанттық бірлестіктер жұмыс жасауда.

Қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі емес діни қауымдарға төмендегілер енеді: 5 буддистік қауым,  24 индуистік,  12 кришнаиттік,  23 бахаи,  2 трансценденталдық медитация  қауымы,  ұлы ақ  бауырластықтың    2 қауымы,  6 саентология шіркеуі  қауымы және т.б.  Алматы қаласында 42 конфессиядан тұратын  275 діни бірлестік тіркелген.  Олардың 38-і  дәстүрлі ханафилік ислам,  14-і  дәстүрлі православтық христиан,  5-і  католиктік шіркеу,  2-і  ахмадие,  5-і  лютерандық шіркеу,  5-і евангелдік мәсіхші баптистер, 20-ы жетінші күннің адвентистері, 4-і  елушілдер,   2-і   иудаизм,  1-і  вон буддизм,  85-і  протестантизм, пресвитариандар 40,  иегова куәгерлері   30,  буддизм    2,  бахаи  2,  эзотериалық-тар  1, армян-григориандықтар 1.  Пайда болған конфессиялар бар.  Елімізде 1700-ге жуық мұсылман  бірлестіктері бар. Оның басым көпшілігі суниттік бағыттағы бірлестіктер. Орыс православие шіркеуінің үш епархиясына 214 приход, 8 монастыр және басқа шіркеулік құрылымдар тиесілі. Орыс православие шіркеуі приходтар санының өсуіне және материалдық тұрғыдан нығаюына күш-жігерін жұмсауда.

Мақалаға тұздық болып отырған бұл тақырып, діни ағымдар жайында емес, өзіміздің қаракөздердің өзге діннің жетегінде кетіп адасып,  Сирия асып,  өз-өздерін, бала-шағаларын оққа байлап беріп жатқандар жайлы сан мақала жазылып, қауіпсіздік комитеттерінің ықпалымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуымен оқ пен оттың арасында,  жат ағымда жүргендерді елге қайтару бағытында сан-салалы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Пайғамбарымыз Мұхамед («оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын»)

«Ақыр заман боларда  Яһудилер 71,  христандар 72,  менің үмметім 73 ағымға бөлінеді,  біреуінен басқасының барлығы тозақта» –  деген екен. Бұл Ахмад (4/102),  Әбу дәуд(2-503)  әт-Тирмизи (3/367),  әд-Дарими» 2241/), әл-Хаким (1/128) хадистің екі нұсқасы да сақталған.  Бұл бөлек әңгіме,  бөлек тақырып.  Өзекті өртейтіні өзіміздің қаракөздердің жат  ағымдардың жетегінде кетіп,  шіркеулерге барып шоқынып, солардан жәрдем сұрауы көңілге кірбің түсіреді.  Бұл арада  Ханафи мазхабындағы дін өкілдері түк істемей жатыр деуге аузымыз бармайды.  Адам баласының қай дінді қабылдауы өз еркі,  өз таңдауы. Жұма сайын мешіт-терге барсаңыз, имамдардың айтқан уағыздарында ата-ананы сыйлаудан бастап,  ислам дініне деген тазалықты,  жетім-жесірді,  әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қамқорлық танытуды,  қол ұшын созуды ұдайы айтып келеді. Айтып қана қоймай,  Республикалық масштабта  мешіт жанынан  құрылған  «Зекет» қайырымдылық қоры арқылы қаншама адамға баспана кілтін тапсырғанын есеп-қисаптарынан көруге болады.

«Біреудің қаңсығы біреуге таңсық болыпты» дегендей,  кейінгі кездері қазақтың қаракөздері шіркеулерді жағалап қол жайып,  көмек сұрап жүргендері көңілге кірбің  салуда.  Мәселен,  31 телеарнада  жалғызбасты ана Назымгүл  Бекмұратова  шіркеуден көмек сұрағаны жайлы ақпарат тарады.  Тағдыр-тауқыметін тартып,  үйсіз-күйсіз  жүрген ананың төрт баласының үшеуі бірдей мүгедек.  Балаларына жылы киім таппай шіркеу жағалаған бір үйлі жанның балалары үшін алатын мүгедектік жәрдемақы мен  көмір тасып тапқан нәпәқасын күнелтіп отырған жанұяның мұң-зары қазақ қоғамын елең еткізді.  «Сөздің шыны керек»  бағдарламасында жанұяның аянышты хәлін көрген  «Елге көмек» қайырымдылық қоры шіркеулерден бұрын қол ұшын созып,  көпбалалы жанұяға Алматы қаласының іргесіндегі «Байсерке» ауылынан үш бөлмелі,  7 соттық жері бар баспана мен балаларының киім-кешегіне деп 200 000 теңге қаражат бергенін сол «31 телеарна»  көрсетті.   Бұған дейін бір баспанаға,  киім-кешекке жарымай зар жылап,  запыран құсқан ана,  үйдің кілтін алғанда көз жасын тоқтата алмады.  Міне, бүгінгі қазақ  қоғамындағы  әлеуметтік жағдайлары нашар отбасылардың кескін-келбетін осы бір сюжет арқылы көруге болады.  Осыдан екі жыл бұрын Астанада бес бірдей сәби отқа оранғанда, Республика бойынша дүрліккен аналар Ақ  ордаға дейін барып, сыздауықтай сыздап жарылған әлеуметтік мәселенің қан-соқтасын көрсеткен-ді.  Оған дейін жергілікті әкім-қаралар, жағдайларын айтып, баспана сұрап келгендерге «баланы мен үшін таптыңба?»  –  деп доң айбат көрсеткендері де болған. Өз қазағын өзі өзектен тепкен соң көңілдері қалып, қағажау көргендер шіркеу жағаламағанда қайтсін?! Тағы да сол жерден жылдам тарайтын интернет желілері мен көгілдір экранға  көз сүзіп қалсаңыз, көрмеген сұмдықты көресіз. Алматыдағы  шіркеулердің  бірінде тегін таратылған киімдерді алуға 500-ге жуық ата-ана кезекке таласып, шу шығарғаны айтылды.  Бұл бейбақтардың көбі ауылдан келген қазақтар екені жаһаннамға жария етілді.  Әр қайсысы бестен, алтыдан бала ертіп келген, әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың бәріне шіркеу таратқан киімдер жетпей қалып,  шулаған халықты  басу үшін  ұйымдастырушылар полиция шақыруға мәжбүр болды,  деп хабарлайды «Azattyq Rýhy»  тілшісі.  Ақпарат желісінде тез тараған хабарламада,  «Ешқандай құжат керек емес. Тек 14.11.21.жж күні сағат 11:00-де барасыз. Керек киімдерді тегін аласыз. Мектепке арналған қыстық киімдерде бар. Алматылықтар басқа топтарға таратыңыздар. Таныстарың,  көршілерің көпбалалы болса немесе  жағдайы  төмен отбасы болса  келсін» – деген хабарламаға сенген әлеуметтік жағдайлары төмен ауылдағы отбасылар да тұра шапқан ғой. Бұл хабарды естіген Алматы облысының тұрғындары таң атпай қаладағы шіркеуге ағылған.  Киім алмақ түгілі,  ғимараттың есігінен кіре алмай қайтқан  халық  аяғында дау-дамай шығарған. Бұл арада шіркеу қызметкерлерінің де қателігі бар.  Бар жоғы отыз шақты киім-кешекке бола,  жалпақ жұртқа жария салудың не қажеті бар еді?? Таратуға берілген киімдерде су жаңа емес-ті. Елдің әкеп өткізген киім-кешегін жариялы түрде таратамыз деп 500-ге жуық адамды жинап алған шіркеудің  көздеген мақсаты не?? Елдің қымбатшылыққа ұрынып,  жұмыссыздық белең алып,  азық-түлікке, киім-кешекке қолдары жетпей отырғанын шіркеудегі діни қызметкерлер білмейді емес, біледі. Алайда, әлеуметтік акцияны ұйымдастырушылар аталған жағдайға қатысты кейінірек түсініктеме беретіндерін мәлімдеп,  жауапкершіліктен ат тондарын ала қашқандары түсініксіз болып қалды.

Алматы облысы бойынша конфессиялар туралы ақпаратта орыс православ шіркеуі – 52,  рим-католик шіркеуі – 11,  ехоба куәгерлері – 10,  бахай қауымдастығы  – 1,  кришина санасы – 1,  протестанттық бағыттағылар – 95, інжілдік мәсіхші бап-тистер – 36,  елінушілер –  38, пресвитериандар  – 11, жетінші күн адвентистер – 4,  лютерандар  – 3, методистер – 3. Жалпы саны 170-ке тарта өзге діннің қызметтері бар екен. Көпұлтты мемлекетпіз деп жүріп, көп дінді ұйыстырған қоғамға айналыппыз.  Құдай артын қайырлы қылсын делік.  Бұрындары  «Өнерде шекара жоқ» – деуші едік, енді дінде де шекара жоғын жоғарыдағы және бір Алматы облысындағы цифрлардан көріп, көзіміз шарасынан шығуда. Онсызда  жат ағымдардың жетегіне еріп, адасып жүрген қазақтар  енді шіркеулерді толтырып жүрмесе неғылсын. Тарту-таралғы таратамыз деп топырлатып шақырып алып,  артынан полицияға жүгінген шіркеу қызметкерлерінің не ойлаған мақсаттары барын кім білсін. Шіркеуден шыққан шырғалаң  мақала жазуға арқау болды. Тұрмыстық ахуалдары ауырлағандар неге мешіттерден көмек сұрамай, шіркеулерді жағалап жүр? Әйтпесе, имандылық үйі мешіттер  де мұқтаж жандарға қамқорлық жасап келеді.  Көп болмаса, аз да емес. Тіпті, әкімдік бере алмаған баспаналарды осы  «Зекет»,  «Елге көмек», «Харекет»  тағы басқа да қайырымдылық қорлары беріп келеді.

 Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ