Ауруханада ашық есік күні өтті

0
1283

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы  қарсаңында  Талдықорған қаласындағы облыстық  аурухананың диагностикалық кеңес беру бөлімі   Желтоқсан оқиғасына қатысушылар үшін  ашық есік  күнін  ұйымдастырды.

Таңғы  сегізден басталған  шарада 16 медициналық   кабинетте:  эндокринолог,  гематолог,  офтальмолог,  уролог,  хирург,  нейрохирург, ревматолог, травматолог,  невропатолог, гастроэнтеролог, ортопед және  УЗИ мамандары   келушілерді қабылдап,  тексеруден өткізді.

Диагностикалық кеңес беру бөлімінің  бөлім меңгерушісі  Зәмзагүл Атамбаеваның сөзінше, Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада     ашық есік  күнін өткізу дәстүрлі шаралардың біріне айналды.

«Ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне  орай    ұйымдастырылған шарада Желтоқсан оқиғасына қатысушылардан  бөлек,  осы күні дәрігерлерге жүгінген  әрбір  келушіге медициналық  қызмет көрсетілді.   Күндізгі екіге дейін жалғасқан шараға барлығы  300-ге жуық адам келді.  Оның ішінде 13  адам шұғыл түрде ауруханаға жатқызылса,  медициналық  сақтандыру қорына жарна аударатын  93 адам жоспарлы түрде жатуға жіберілді.   Бұл  күні 40-қа жуық адам ультрадыбыстық,  20-дан аса адам эндоскопиялық  тексеруден өтті»,  – дейді  Зәмзагүл  Әбітайқызы.

Келушілер тарапы  медициналық  көмек  ұсынып, кеңестерін берген  дәрігерлерге   алғыстарын жеткізді.  Соның бірі Панфилов ауданы Жаркент қаласынан   келген  көпбалалы  ана  Қалида  Ботамбаева.  Айтуынша  ұлы Серік Қырықбаев облыстық  аурухананың білікті дәрігерлері арқасында дертінен айығып, аяғынан тік тұрған.

«Мен он  баланы дүниеге әкелген, қажылыққа барып, зиярат еткен анамын. Ұлым – Серіктің бүйрегі ауырып,  бір жылға жуық  облыстық ауруханаға жатып, емделді.  

Сондықтан,  аналық  ақ  жүрегіммен аурухана тізгінін ұстап отырған білікті басшы Анарбек балама, оның орынбасары  Мейрамгүл  қызыма,  Қуаныш  Болатқызы мен Айбол Тұрапұлы, осы мекемеде  еңбек ететін  барлық денсаулық  сақшыларына ақ батамды беру үшін арнайы келдім. Әрдайым   абыройлары артып, істері алға ілгерілей берсін. Ел  денсаулығы жолындағы еңбектері табысты болғай»,   – деген ақжарма  лебізін  білдірді жаркенттік Қалида ана.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ