Өнерлі өрендерге жол ашқан

0
1172

Талдықорғанда  орын  тепкен «Мейірім» балалар шығармашылық орталығында  бүгінде  200-ге жуық бала түрлі үйірмеде сабақ алып, өнерлерін шыңдауда. Ал, балаларды өнерге баулып жүрген 15 ұстаз еңбек етуде. Солардың бірі  – Нұргүл  НЫҒМЕТЖАНОВА.

Алматы облысы бойынша өте танымал колөнер шебері, орталықта  «Оригами» және «Кестелеу» үйірмесінен   сабақ  беретін   ұстазбен тілдескен едік.

«Мейірім» балалар шығармашылығы орталығында 2021 жылдың маусым айынан  жұмыс істеп келемін.  «Оригами» және «Кестелеу» үйірмесінде 40 оқушы өнермен сусындауда.  Келетін балалардың бәрі өте қабілетті. Айтқанды бірден қағып алады», – деді Н. Нығметжанова.

Жалпы,  оригами  техникасы Жапон елінің танымал өнерінің бір түрі. Термин сөздегі  «ори» – бүктелген,  ал «ками»  – қағаз деген мағыналарды білдірсе,  бұл өнер қағазды қолмен бүктеу арқылы әр түрлі моделдер мен геометриялық фигураларды құрастырып шығуға мүмкіндік береді.

Оригами жасау өнері кез келген жастағы адамға,  үлкенге де,  кішіге де зор пайдасын тигізеді. Атап айтсақ, ол адамдардың ой-өрісінің дамуына, мидың оң жақ және сол жақ жартышарларының белсенді жұмыс жасауына оң ықпал етеді. Екіншіден, бұл жұмыс екі қолмен атқарылатындықтан,  қимылдың тез әрі шапшаң болуына және бұлшық еттердің шымырлануына, моториканың дамуына үлкен септігін тигізеді. Өйткені, адамдардың тіл дамуы жіңішке қолдың дамуымен тығыз байланысты болғандықтан,  қолдағы ұсақ моторикалардың жақсы қызмет атқаруы аса маңызды. Сондай-ақ, бүлдіршіндер саусағының икемділігін арттырып,  өз кезегінде көркем жазуға алып келеді.  Бұл қолөнер түрі жеткіншектерді төзімділік,  шыдамдылық,  еңбекқорлық сияқты қасиеттерге баулып,  креативті ойлау қабілеттілігін арттырады.

Ал, кестелеу –   қазақ халқы қолөнерінің ерекше түрі. Қолмен кестелеп тігу – өте көне заманнан келетін  қолданбалы өнер түрі. Бұл өнер көптеген ел шеберлерінің, суретшілерінің шығармашылық жемісі. Ол киімдерді,  интерьерді әшекейлеу нәтижесінде адамның  көңіл-күйін көтереді. Қол кестесі бұйымдарына тұтынушылар сұранысының өсуі бұйымдардың түрлерін көбейтуге, оның сәндігін түрлендіруге және кестелеудің әдістерін көбейтуге көмектеседі. Алдағы уақытта оқушыларымыздың шеберлігін арттырып әр түрлі шығармашылық байқауларға қатыссақ деген жоспар да  бар.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ