Көптің көңілінен шыққан орталық

0
1473

Айгүл ДАНИЯРОВА: «Қызымның есімі  – Айнұр,  жеті жаста.  Қаладағы  №28 IT лицейінде оқиды. Отбасында екінші бала. Алдында үлкен бауыры бар.  Ағасының ерке қарындасы, әрқашан  артынан қалмай білмейтін  дүниелерін үйреніп жүреді.

Қызым кішкене кезінен бері пысық, қабілетті болды. Көптеген байқау, жарыстарға қатысып, мектепшілік дипломдар мен сертификаттар алған болатын. Бос уақытында ютуб қосымшасына кіріп, ән айтқанды жақсы көреді. Сонымен қатар бассейнге барғанды ұнатады.

Әкесі екеуміз қызымыздың таңдауына шектеу қоймауға тырысамыз. Соның арқасында өз бетінше көп ізденісте жүреді. «Мейірім» шығармашылық орталығын  да  бізге көрсеткен Айнұр болатын. Өзі  қызығушылық танытқан соң бізде келісім бердік. Содан бері орталықтағы «Батик» үйірмесіне қатысады. Ең қатты жақсы көретін үйірмесі де осы. Кейіннен ағылшын және шешендік өнер үйірмелеріне де баратын болды.

«Мейірім» шығармашылық орталығына келетін оқушы көп. Он бес шақты үйірмемен сусындап жатқан балаларда  арман жоқ шығар сірә.. Неге қызығушылық танытса, соған мүмкіндігі бар. Ұстаздары да өте жақсы кісілер. Балаларға үлкен мүмкіндік сыйлап отырған  «Мейірім» шығармашылық орталығының ұстаздарына алғыс айтамын!»

Аида АЙТБАЕВА: «Мен төрт баланың анасымын. Үш ұл, бір қыз. Қызым  – Алина, сол үш ұлдың ортасында жалғыз қыз. Екі үлкен бауыры және кішкентай інісі бар. Жасы сегізде. Қаладағы  №28 IT мектеп лицейінің 2 сыныбында оқиды. Қызымның хоббиі сурет салу. Қаншама  уақыт болсада отырып алып, сурет сала береді. Орталыққа барғалы аз уақыт ішінде көп нәрсені үйренді. Ол сурет салу үйірмесіне қатысады. Бұрындары суретті карандаштармен салып отыратын. Ал, қазір болса, гуашпен сурет салуды үйреніпті. «Қолыма бояды қалай ұстау керек екенін, суретті қалай әдемі бояуға болатынын ұстазым жақсы үйретті»  деп мәз болып келеді. Үйге келген соң бос уақыты бола қалса,  қолына қағаз, қарандашын алып бір нәрселерді сала бастайды. Үйірмеде үйренген әдіс-тәсілдерін достарына да көрсетіп, оларды да үйретіп жүр.  Қызымның  шығармашылық  сезімінің ояна бастағанына дән ризамын.  Бұның барлығы – «Мейірім» шығармашылық орталығының арқасы».

Назым АКЕМБАЕВА:  «Қызым  Бағым  Жарасқызы он жаста. Отбасында — тұңғышымыз. Артынан  ерген  екі інісі бар. Оларға өте жақсы қарайды. Өзі кішкентай болса да сондай мейірімді, бауырмал,  қамқор әпке. Қаладағы №17 мектепте оқиды. Сыныбында оқу озаты.  Мектепте де өте белсенді апталықтарға,  олимпиадаларға қатысып жүреді.  Жеткен жетістіктері де біршама.  Атап айтсам,  «Зерделі» орталығының  математика пәнінен ұйымдастырған «Алтын сақа» олимпиадасының 1-ші дәрежелі дипломымен марапатталған. Сабақтан  келе салысымен үй тапсырмаларын жіті қадағалап, көңіл бөледі. Сабақ оқыған кезде ешкімнің мазалағанын қаламайды. Тапсырмаларын орындап болған соң маған келіп тексертіп алады. Бос уақытында кітаптар оқиды. «Мейірім» шығармашылық орталығында Батик және ағылшын үйірмелеріне қатысады. Үйірмеге орталық ашылғалы бері барып жүр. Ағылшыннан жаттаған жаңа сөздерін үйге келіп қайталаймыз.

Мен «Мейірім» шығармашылық орталығының ұжымына  көп рахмет айтамын. Жүрген жерімізде осындай жақсы бір орталық бар, балаларыңды апарыңдар деп айтып жүреміз. Бұл біздің ол жерді жарнамалағанымыз емес, тек қана сапалы,  пайдалы  ілім  өзгелердің  де игілігіне жараса деген ниетіміз. Баланың бос уақытында осындай қажетті нәрселермен айналысқаны жақсы ғой.  Мектепте сабақ оқып білім алады,  ал үйірмеде өзіне сүйікті бір іс табады».

Дайындаған: А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ