Халық қалаулылары ел ішінде

0
1049

Алматы облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Керімқұлқызы,  Біріккен Ұлттар Ұйымы әйелдер құрылымының Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Мария Доценко  арнайы іссапармен келді.    

Кездесуді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева  ашып, жүргізді.

Жиында  отбасы және гендерлік саясатты іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтсақ, отбасы институтын нығайту, елімізде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасы құндылықтарын қастерлеу, қоғамдық-саяси өмірге әйелдердің араласу мәселесін алға жылжыту жұмыстарын   мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен халықты жұмылдыра отырып шешім қабылдау.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Алматы облысына келіп  отырғандағы басты мақсаты туралы айтты. – Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасына қатысты әлеуметтік мәселелерді шешу болып табылады. Отбасылық  және гендерлік  саясаттың негізгі бағыттары мен міндеттерін ақпараттық қолдау, жұртшылыққа насихаттау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы сөз қозғау болмақ. Өздеріңіз білесіздер, баланың  алып жатқан тәлім-тәрбиесі  отбасынан басталады. Оларға жастайынан қандай тәлім беріледі соны болашақта өз игіліктеріне жаратады. Сол үшін қазірден бастап ортақ игілікке жұмыс істеуге жұмылдырсақ онда алар асуымыздың маңызы арта түсері сөзсіз, –  деді  халық қалаулысы.

Жиынға қатысушылар  өз ойлары мен  ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, тілге тиек болған  түрлі тақырыпты талқылады. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қайта қаралып, 2030 жылға дейін Отбасы институтын барлық деңгейде нығайту мәселелері жөнінде нақты мақсаттар мен міндеттер айқындалды. Сонымен қатар, отбасылық гендерлік саясатты насихаттау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанындығы туралы есеп берілді.

Кездесуде облыс әкімі  жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Қасымбекқызы да  сөз алып, ойын ортаға салды.

«Барлығы демеймін, бірақ,  жастардың басым бөлігі «саяси соқыр». Сондықтан, біз олардың саяси сауаттылығын дамыту үшін  мектеп жасынан  «Жас саясаткер» атты клуб ашуымыз керек. Онда  елде болып жатқан жаңалықтарды оқып,  тыңдап келіп, соны ортаға талқыласын. Сол кезде жан-жақты қарап, бақылап,  жүре-жүре сауат ашылады. Тағы бір тоқталатын мәселе  –  балалар кітап оқымайды. Осы кітап туралы айта кетейін, өсіп келетін  жастарда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына сенімділіктері аз. Неге десеңіз, өйткені балалар ол кісі туралы көп мәлімет білмейді. Ал сол  басшымыздың  жазған кітабын оқыса, оған деген сенім, сыйластық, махаббат артатыны сөзсіз. Ол  өзінің жазған «Беласу» атты кітабында данышпан Мхатма Гандидің  қоғамға үлкен залал келтіретін жеті әлеуметтік кеселін мысалға келтірген. Ол қандай кеселдер: принципсіз саясат;  еңбексіз байлық;  ар-ұятты жоғалтып рахатқа бату;  ақиқатсыз білім;  имандылықсыз сауда; ізгіліксіз ғылым; Құдайға құрбандықсыз құлшылық ету сияқты кінәлерден ада болғанда  ғана еліміздің соны биіктерді бағындырары анық деген болатын. Бұдан шығатын түйін: Президент бұл тәмсілде жатқан мағыналы ойды мысал қылып келтірді және оны өзі де басшылыққа алды. Дәл осы сөздер арқылы мемлекетті басқарудағы дұрыс шешімдерді қа-былдай білді. Алдағы уақытта басшымыз айтқан осы сөздер арқылы билік  те әрқашан уәдесін орындап, елдің  мықты болуына үлесін қосса,  қоғам да үлкен сенімге ие болары анық»,  – деді.

Басқосуға аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық, облыстық комиссиялардың төрағалары мен мүшелері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері қатысты.

Жиын соңында облысымызға арнайы  келген  Ләззат Керімқұлқызы мен Мария Доценкоға  ұйымдастырушылар атынан алғыс білдірілді.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ