Президент жолдауы – жаңа міндеттер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан халқына «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті жолдауын арнаған болатын. Осы орайда Журналистер үйінде жолдаудағы кезекті тапсырмаларды іске асыруға байланысты брифинг өтті.
Басқосуға Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысы Зайда Ілімжанова, облыстық «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Эльмира Боранбек қатысты.
Брифинг барысында Жетісу облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Эльмира Боранбек баяндама жасады.
«Алдағы уақытта бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы ретте, аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Оған қоса, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бүгінде бұл төлем МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады», – деді ол.
Баяндамашы сөзінше ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру шаралары да іске асуда. Бүгінгі күнге дейін республикада ЕТЖ деңгейі 60 мың теңгені құрап келді. Жолдауда ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылатыны айтылды. Еңбекақы өскен жағдайда осы деңгейде жалақы алатын 1,8 млн. адамды тікелей қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызметкерлердің разрядтары мен біліктілігінің еңбекақы төлеудің өсуіне ықпалын ескере отырып, жалақы алатын азаматтардың табысын ең төменгі жалақыдан жоғары деңгейде арттыруға мүмкіндік бермек.
Брифингте зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылғаны жөнінде де сөз болды. 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтатылды. Сонымен қатар алдағы уақытта зейнетақы төлемдері өседі. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізбек. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артады. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік беруде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Іс жүзінде карта – бұл әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат береді. Яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Бастапқы кезеңде ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізіледі. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алынғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, алушының банк шотына аударылады. Аталған жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылмақ. Ал, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбек әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады. 2024 жылдан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілсе, 2025 жылы мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылатын болады.
Арайлым НҰРЖАПАР