Телефонға телмірген бала көбейді

0
430

Қазіргі таңда ата-аналар ерте жастан балаларына ұялы телефон ұстатып, тынышталдыруды әдетке айналдырған. Компьютерлік ойындар бала түгілі, ересек адамдарды өзіне тартып, тәуелді етіп қояды. Сол ойындардың арбауына түсіп, шырғалаңынан шыға алмай қалатын жандарды күнделікті өмірімізде жиі кездестіреміз. Мұндай ойындардың зияны туралы өте жиі айтылып келсе де, көпшіліктің назарынан тыс қалуда.
Ата-аналары жұмысбасты болғандықтан жауапкершіліктің барлығын ғаламторға қалдырады. Кішкентайынан смартфонға үйренген баланың барған сайын әуестігі артып, тәрбиені әке-шешеден емес, виртуалды әлемнен алары сөзсіз. Сондықтан әрбір ата-ана баласының не көріп, немен айналысып жүргенін қадағалау қажеттігін айтады мамандар.
Жақында Алматы қаласында 6 жасар бүлдіршіннің әйгілі «майнкрафт» ойынының салдарынан психиатриялық ауруханаға түскені белгілі болды. Дәрігердің айтуынша, балада осы ойыннан кейін қорқыныш пайда болған. Әрі ас-судан да бас тартқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта жеткіншектер арасында бұл дерт өршіп тұр. Себебі балалардың бос уақыты көп. Салдарынан виртуалды өмір мен шынайы өмірді шатастырып алатын көрінеді.  Тапжылмай отырып ойын ойнау, біріншіден баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден мінез-құлқының өзгеруіне әкеп соғады. Өйткені ол ойнап отырып, бірде жеңсе, бірде жеңіледі. Ал ұтылған сайын оның жүйке жүйесі бұзылып, ашу-ызыға жол береді. Сонымен қатар атыс, шабыс ойнайтын баланың бойында қатыгездік, өзімшілдік, аяусыздық, ашушаңдық секілді қасиеттер көбейеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, балалардың компьютер ойындарына қызығушылығы 3-4 жасынан басталады екен. Себебі психикалық денсаулық орталығына көмек сұрап келгендердің ең кішкентайы 4 жаста болған. Психолог мамандар мұндай кезде бүл-діршіндерді гаджеттерге мүлдем жақындатуға болмайтынын айтады.
Соңғы уақытта сәбилердің тілі кеш шығып, дамуында тежеу жиілеп кеткен. Оның бәрі де осы смартфондардағы ойындардың салдары.
Бұрын «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деуші едік. Қазір ұялы телефоннан көргенін істейтін ұрпақтың өсіп келетінін байқаймыз. Жаһандану деп жапа-тармағай жанталаспай, жас ұрпақтың балалық бал күніне баса назар аударған артық емес.
Кезінде балалар дала ойындарын серік ететін-ді.  Ертегі тыңдап, өлең-тақпақты жарыса айтатын бүлдіршіндердің де қатары көп еді. Даладан ойын құмары басылмаған қам көңілді баланы ата-аналары  жүр-жүрлеп үйге әрең кіргізетін. Бүгін бәрі керісінше, баласына далаға шығып ойна деп, үйден шығара алмайтын жандар қатары көбейді. Телефонға телмірген бала саны артып барады. Мұны біліп жүргенмен де үнсізбіз. Неге?

А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ