Облыс әкімі мемлекеттік наградалар табыстады

0
288

Республика  күні  –  ел  тәуелсіздігін  айшықтайтын  мереке.  Айтулы  күнге орай Талдықорған  қаласында  салтанатты  жиын  өтті.  Оған  облыс әкімі Бейбіт Исабаев  қатысып, өңірге  елеулі  үлес  қосқан  түрлі  сала қызметкерлерін марапаттады.

Б.Римова  атындағы  драма театрында  өткен  салтанатты жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев  бірнеше  жетісулық  азаматқа  мемлекеттік  наградаларды  табыс  етті. Республика күніне орай  Астанада және Талдықорғанда жалпы саны 45 азамат марапатқа ие болды.

Салтанатты шараға жиналған жұртшылықты құттықтаған облыс басшысы мерекелік күнтізбеге қайта қосылған Республика күнінің ел тәуелсіздігі тарихындағы маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің басты мерекесі ретінде  Республика  күнін  қайта  қалпына  келтіруді  ұсынған болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. «Егемендік туралы» декларация қабылданған  1990 жылғы 25 қазанда  тәуелсіздігіміздің алғышарты жасалды, бетке алар бағытымыз айқындалды. Бұл  күн  біз  үшін  сонысымен құнды. Қазақстан – біздің өмір сүріп отырған ортақ Отанымыз. Сондықтан оның тағдыры, бүгіні мен болашағы  елдің  әрбір  азаматына  тікелей қатысты, – деді Б.Өксікбайұлы.

Жиында  өңір  басшысы  елдің  әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматты марапаттады. Мерейі тасығандардың қатарында  қарапайым  қызметкерлерден  бастап,  педагогтер мен медбикелер де бар. Түрлі сала қызметкерлері ортаға шығып, сый-құрметке бөленді. Оларға «Құрмет», «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары табысталды.

Марапат  тұғырынан  көрінгендер  қатарында «Алатау» қоғамдық-саяси  газетінің бас редакторы, белгілі айтыскер ақын  Айтақын  Бұлғақов  ағамыз  да  бар. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Жиында Жетісу облысының Құрметті азаматтары атағына алты жетісулық лайық деп танылды. Олар ғарышкер, халық  қаһарманы Айдын Айымбетов, меценат Сауат Мыңбаев, еңбек ардагерлері  Мұратхан  Егінбаев, Асылмұрат Тоғанбеков  және Анатолий Рудер бар. Мұнымен қоса Панфилов ауданының шаруасы Тасқын Жапарқұлдың  да еңбегі еленді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған ақын ағамыз Айтақын Бұлғақов:

– Қара өлең мәңгі біздің серігіміз,

Жетісу топқа қосқан өңіріміз.

Аспаннан медаль жауып жатсадағы,

Орден тағып көрмедік өмірі біз.

 

 Президент өзі елеп ескеріпті,

Қуаныштан тасып тұр көңіліміз.

Бейбіт мырза, өзіңіз дәнекерсіз,

Төрден бүгін бұйырды орынымыз.

 

 Өксікбайдың баласы өткізбесе,

Өкінішпен өтеді екен өміріміз.

Әділ басшы халыққа бетін бұрар,

Оспадар басшы Отанды опындырар.

 

Хан айбалта болғанда, халық сабы,

Сап болмаса, айбалта не тындырар?!

Айбалта мен сабы дәйім бірге болса,

Кез-келген дұшпан елді отын қылар.

 

Қазаққа Алла нұрын құйып тұрсын,

Шаттықтан төбем көкке тиіп тұрсын!

Қасым-Жомарт Кемелұлы елді бастап,

Бір туға бар қазақты жиып тұрсын!

Көп тудың арасынан әлемдегі,

Көк тудың мәртебесі биік тұрсын! – деп ішкі тебіренісі мен қуанышын өлең жолдарымен жеткізді.

Салтанатты жиын соңы  облыс өнерпаздарының  концертіне  ұласты.

А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ