Бүгін ең маңызды күн: Кезектен тыс Президент сайлауы өтеді
Бүгін, 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтіп жатыр. Елімізде 12 миллионға жуық азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Қазіргі таңда шетелде, оның ішінде, Сеул мен Токиода тұратын, Бейжің, Шанхай, Сингапур, Куала-Лумпурда жүрген қазақстандықтар сағат белдеуіне байланысты бірінші болып дауыс беріп үлгерді.
Естеріңізде болса, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Ал 21 қыркүйекте Президент сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына белгілеу туралы Мемлекет басшысының Жарлығы жария етілді.
23 қыркүйекте президенттікке үміткерлерді тіркеу басталды. Сол күннен 21 қазан аралығына дейін республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар 12 тұлғаны Орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде ұсынды. Оның алтауы президенттіктен үміткер ретінде тіркеліп, президенттікке кандидаттар 21 қазан күні сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге рұқсат алды.
Олар:
1.Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті. Оның кандидатурасын бірнеше саяси партия мен республикалық қоғамдық бірлестік халықтық коалиция ретінде ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевті 12 қазанда үміткер ретінде тіркеді.
2.Мейрам Зекешұлы Қажыкен – «Заманауи қоғамды зерттеу институты» ЖШС директоры. Оның канидатурасын «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. М.Қажыкенді Орталық сайлау комиссиясы 15 қазанда президенттікке кандидат ретінде ресми тіркеді.
3.Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев – «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті. Оның кандидатурасын «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Ж.Дайрабаевті 17 қазанда кандидат ретінде тіркеді.
4.Қарақат Жақсылыққызы Әбден – Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі. Оның кандидатурасын «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. Қарақат Әбденді Орталық сайлау комиссиясы 19 қазан күні кандидат етіп тіркеді.
5.Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының негізін қалаушы. Оның канидатурасын «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Салтанат Тұрсынбековаға кандидат куәлігін 20 қазанда тапсырды
6.Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы. Оның кандидатурасын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынды. Нұрлан Әуесбаевті Орталық сайлау комиссиясы алтыншы үміткер ретінде тіркеді.
Кандидаттардың үгіт жұмыстары 2022 жылғы 19 қарашада сағат 00.00-де аяқталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес, сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.
«ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, сайлау бюллетеніне барлық тіркелген кандидаттар мемлекеттік тілдегі әліпби ретімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып жазылған. Сондай-ақ бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген жол енгізілген. Осылайша, бюллетеньде Әбден Қарақат Жақсылыққызы, Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы, Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы, Қажыкен Мейрам Зекешұлы, Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы және «Бәріне қарсымын» бағанасы бар.
Ел бойынша сайлауға барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енгізілді. 4 қарашадан бастап ел тұрғындарына өздерін тізімнен тексеруге мүмкіндік берілді. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»