«Ақсу қант» зауыты ұжым болып дауыс берді
Бүгін таңмен таласа күллі Қазақстандықтар мемлекет болашағы үшін ең маңызды шешім болып табылатын Президент сайлауына асықты.
Аса белсенділік танытып, дауыс беруге ұжыммен ұйымдаса келген мекемелер де болды. Солардың бірі «Ақсу қант» ЖШС болды. Қазіргі уақытта зауытта жұмыс қызу, қамыс қантын өңдеу үшін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қауырт жұмысқа қарамастан ел ертеңі үшін таңдау жасау барлығымыздың азаматтық борышымыз деп білетін азаматтар сайлау учаскесіне ұжыммен келген.
«Ақсу Қант» зауытының директорының орынбасары Бейбіт Тұрарбайұлы: «Бұл сайлауға барлық қызметкерлер бірауыздан қатысып, өзіміздің белсенділігімізді және келешекке деген сенімімізді көрсетуді көздедік. Сондықтан арнайы уақыт белгілеп, жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан азаматтар бір уақытта сайлауға келдік. Себебі Президентті таңдауда еліміздің әр тұрғынның пікірі мен дауысы маңызды», – деп келешекке сенімін білдірді.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»