Жетісулық ұстаздар «Үздік педагог» атанды

0
647

Астана қаласында «Үздік педагог-2022» республикалық  байқауы  ұйымдастырылып,  салтанатты  іс-шарада  оқу-ағарту  министрі  Асхат Аймағамбетов  оза шапқан  64  жеңімпазға 3 млн теңгенің сертификаты мен арнайы төсбелгі табыс етті.

Өткізілген байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында биыл тартысты додаға мұғалімдердің 5,5 мыңнан астамы қатысты. Өтініш берген сәттен бастап үміткерлер жарыстың динамикасын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болды. Олар қатысушылар қай кезеңде, қандай ұпайлар қойылғанын бақылай алды. Ақтық сынға өткен педагогтер ашық сабақтар өткізді  және оны  конкурс комиссиясы бағалады. Осындай шаралардың арқасында қатысушылардың саны ғана емес, олардың сапалық құрамы да артты.

Топты жарып үздік педагог атанғандар қатарында Жетісу облысының үздік мұғалімдері де бар. Солардың бірі – Айгүл Сүлейменова.

Айгүл Мақсұтханқызы Алакөл ауданына қарасты Қызылқайың ауылында дүниеге келген. Сол жерде мектеп табалдырығын аттап, он бір жылдық білім алып шығады. Ұстаздықты жанына жалау еткен ол 1994 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің  педагогика-психология факультетіне оқуға түседі. 2002-2005 жылдары сол білім ошағында филология факультетін тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын Талдықорған қаласындағы Макаренко атындағы орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. Аз ғана уақыттың ішінде жас маман мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мамандықтың қыр-сырына қанық болады. Сөйтіп, ұжым ортасында сыйлы мұғалім атанады.

2002 жылдан бастап  Ескелді ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 17 жыл жұмыс істесе, 2015-2019 жылдары директордың әдістеме жөніндегі орынбасары  қызметін атқарды.  2019  жылдан бері қарай   І.Жансүгіров колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып еңбек етуде.

Білікті  ұстаз  байқауға  қатысу  үшін  соңғы  үш жылда колледж қабырғасындағы жетістіктерін жинағанын  айтады. Доданың  биылғы ерекшелігі де сонда. Оқу-ағарту министрлігінің сайтына  тапсырмаларды бірнеше  параметрлер бойынша жүктепті. Оның ішінде үш жылда қатысқан конференция, ашық сабақтар мен бейнесабақтар, облыстық, республикалық, халықаралық  конкурстар  да  бар.

Жетістіктерді жүктеген соң, біраз уақыттан кейін облыстан өткендігі туралы сүйінші хабар жетіп ол келесі сынға дайындықты  бастап кетеді.

Республикалық кезеңнің талабы жоғары болып шығады, басты тапсырма – өзіне мүлдем таныс емес ортаға барып, ашық сабақ өткізу. Алайда білікті ұстаз қай жерде, кімге сабақ беретініне қарамай, ашық сабақты абыроймен өткізіп шығады.  Ол Астана Халықаралық университетінің педагогикалық колледжіне барып, 1-ші курс студенттеріне дәріс өткізеді. Қазақ тілі мамандарына Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы тақырыбында 45 минут әңгіме өрбітеді.  Министрліктен келген комиссия мүшелері ұстаздың шеберлігіне қарап, таңданыстарын жасырмайды.

–  Басында қорқыныш сезім болды. Менің қолданып жүрген тәсілімді олар қолдана алады ма деген секілді. Бір күн бұрын барып студенттермен танысып, білістік. Оларға жұмыс барысын түсіндіріп өттім. Балалар өте дарынды, ақылды, белсенді екен. Ертеңінде сабақты  өзім ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Менің сабақ бергенім басқа, балалармен жұмыс жасау бір басқа. Қанша керемет дайын болып тұрсам да шәкірт алып кете алмаса, сабағым дұрыс болмас еді. Бұл жерде студенттердің белсенділігі, өз пікірлерін айта білуі ұнады. Мен осы «Ақбілек» романын білімгерлермен 4-ші жыл қатарынан өтіп жүрмін, бірақ, балалар мен айтпаған, естімеген құнды дүниелерді айтты. Студенттердің белсенділігі сабақтың жақсы өтуіне өз үлесін қосты деп ойлаймын, – дейді жеңімпаз  ағынан жарылып.

Айгүл Мақсұтханқызының  ұстаздық жолда жүргеніне 21 жылдай уақыт болса да әлі   үйренерім көп  дейді.

–  Біз болашақ мамандарды дайындап  жатырмыз.  Бізден шыққан білімгерлер болашақ балаларды тәрбиелейді. Сондықтан колледжде істегеннің талабы мектептен де жоғары. Студент білмей тұрса, ол бізге сын болады. Менің өзім қазақ әдебиеті мен қазақ тілін толық меңгердім деп айта алмаймын. Өйткені жылдан-жылға ақын-жазушылар шығып жатыр. Оның барлығын танып-білу біраз уақытты қажет етеді. Кейде балаларға күліп, өзімде мойындаймын, «балалар мына 21 ғасырдың ақын-жазушыларын кейде менің де білмей қалатын жерім болады. Сондықтан өздеріңізде қосымша дайындалыңыздар, ізденіңіздер деп айтамын».

Кейіпкеріміздің шаңырақ көтергеніне 22 жыл болыпты. Бүгінде ол білікті ұстаз ғана емес, сондай-ақ, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ана, аяулы жар.

Өзі ұстаздық жолды таңдаса да, балалары басқа мамандықты таңдағанын, қарап мұғалім болудың қиындығын түсінетін айтады.

– Ұлдарым басқа мамандықтарды таңдап, оқуға түсіп кетті. Ал қызыма әрдайым педагог бол деп айтып отырамын, алайда, оның мұғалім болғысы келмейді. Менің түнімен қағаз жазып, жоспар құрып отырғанымды көріп таң қалады. Кейде жаныма келіп, «мама сен неге мына романды оқып отырсың, сен оқушы емес, мұғалімсің ғой» деп айтатын сәті болады. Сонда қызымның сөзіне күліп, тақырыпты студенттеріме түсіндіру үшін өзімнің оқып, танысуым керектігін айтамын. Ал өзімнің отбасымда үйде 5 қызбыз. Олардың барлығы педагог мамандары, – дейді ол.

Еліміздің ертеңі болар жастарды білімге баулу жолында Айгүл Мақсұтханқызының білім жүйесіне қосып келетін еңбегі зор. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, облыстық панорамалық сабақтар байқауы бойынша М.Жұмабаевтың «Қорқыт» поэмасы атты тақырыпта ашық сабақ  өткізіп,  1-ші   орынды иеленді. Одан кейін «А.Құнанбаевтың 25-ші қара сөзінің тәрбиелік мәні» деген тақырыпта баяндама жазып, ол ең  үздік аталып, жинаққа басылып шықты. Облыстық әдістемелік кабинеттің мақтау қағазымен марапатталды. Биыл Цифрлық білім беру ресурстары бағыты бойынша облыстық додаға қатысып, тағы да жүлделі орын алды. Қазақ әдебиеті пәнінен авторлық куәлікке ие болды. Сонымен қатар Жетісу университетінде қазақ әдебиетінен 1 курстарға арналған 23 бейнесабақ түсірді. Ол бейнесюжет бойынша дәрістер ашық-онлайн курсының платформасына жүктелді. Сол арқылы студенттер өздеріне керекті ақпараттарды алып жүр. Мұнан кейін Алматы және Жетісу облысы бойынша 4 мұғалім бірігіп, қазақ әдебиеті пәнінен математикалық бағыт бойынша жұмыс дәптері кітабының авторы атанды. Ол кітапта қазақ әдебиеті пәні бойынша әр тақырыпқа арналған тапсырмалар жасалған. Осылайша білім мен ғылымды алып жүрген ұстаздың білім саласын зерттеудегі ізденістеріне жол ашылды.

– Ең бірінші мамандықты сүю керек. Яғни, оны қалай жақсы көрсең, алдыңнан шығатын қиыншылықтар мүлде білінбейді. Одан кейін бұл жұмыста шыдамдылық керек. Мен болашақ мамандарды тәрбиелеуім керек  деп алдыға  мақсат қойған соң оны орындау керек. Үшіншіден, жауапкершілік. Қандай іс болмасын жауапкершілікті сезіне білу керек. Сонда ғана ісің тиянақты атқарылады. Кейде мамандығын жақсы көрмей жәй ғана келе салатын білімгерлер де кездесіп жатады, алайда, олай болмайды. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп бекер айтпаған. Біріншісі жар таңдаудан, екіншісі мамандық таңдаудан, – дейді А.Сүлейменова.

Шынында мұғалім  – өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы шарт. Дәл осы қасиеттерді бойына жиған Айгүл Мақсұтханқызы нағыз «Ұстаз» деген атқа лайық жанның бірі.

* * *

«Үздік педагог-2022» атанған, жаңашылдыққа бет бұрған, ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды  жүрек  қалауымен таңдаған мұғалімнің  бірі  – Даулен Муталив.

Ол 2001 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде химия және биология мамандығына түсіп, оны 2005 жылы бітіреді. 2005-2010 жылдар аралығында Ескелді ауданы Титов атындағы орта мектепте биология пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарады. Ал  2010 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған Мұхтар Арын атындағы мамандандырылған №24-ші лицейде жұмыс істеп келеді.

Кейіпкер байқау шарттары мен кезеңдерімен бұрыннан таныс екенін жасырмады. Себебі бұл додаға ол ең алғаш 2014 жылы қатысқан. Ол кездегі байқау шарттары қазіргіден мүлдем басқаша болған. Ең әуелі мұғалімдер портфолио жасап, оны әділ қазылардың алдында қорғапты. Ал қазір барлығы цифрландыру түрінде, мүлдем ерекше форматта ұйымдастырылды.

Кейіпкер өзінің байқауға қатысуына лицей директоры Мәриям Галиеваның тікелей себепші болғанын айтады.

«Лицей директорының қадағалауымен түрлі олимпиадаға балаларды дайындай бастадым, ғылыми жобаларға әзірледім. Солай жетістіктерімді жинап байқауға қатыстым. Өзім де дарынды балаларға арналған лицейде сабақ бергендіктен өзімді жан-жақты дамыттым. Түрлі курстарға қатысып, білмегенімді сұрап, білгенімді үйретуден жалықпадым», – дейді Д. Муталив.

Ол байқаудың республикалық кезеңінде Астана қаласындағы №71-ші лицейде 8-ші сыныпқа сабақ берді. Министрліктен 2 комиссия мүшесінің қатысуымен ашық сабақ өтті.

Ұстаз болу –  жүрек  жылуын, мейірім шуағын баланың бойына дарытумен тең.  Ата-анадан кейінгі екінші тәрбиені бала мұғалімнен алады. Сол үшінде Даулен ағай оқушыларына ыстық ықыласпен қарайды.

– Ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру. Осы жолда қалтқысыз еңбек етіп, шығармашылық ізденісте жүрген мұғалім ғана жеңістерге жол бастайды. Мен педагог мәртебесін арттыру жолында тынбай еңбектенетін, нағыз ұстазға тән қасиеттерге ие барша әріптестеріммен мақтанамын», – дейді жеңімпаз.

Даулен ұстаздың  құдай қосқан қосағы Әйгерім апай да мұғалім. Өмірде, қызметте болсын адалдығынан айнымаған, қандай жетістікке де өзінің еңбегі, білім, қажыр-қайратымен жеткен кейіпкеріміздің  өнер, ғылым-білімнің соңына түскен, ізін жалғастырар шәкірттеріне, жалпы өскелең ұрпаққа айтар ақылы да, берер тағылымы да жетерлік. Еселі еңбектің еленбей қалуы мүмкін емес. «Үздік педагог» атанған ұстаздың мұнан да биік шыңдарды бағындырарына сенеміз.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ