Үгіт – насихат кезеңі қорытындыланды

0
326

ҚР  Президенттігіне  Халықтық к оалиция атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевқа республика бойынша 6 миллионнан астам адам дауыс берген. Үміткерді қолдаушылардың басым бөлігі Жетісу облысының азаматтары.

Өңір халқының  81,43 пайызы президенттің «Әділетті Қазақстан құру» идеясын қолдаған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының атқарушы хатшысы Арыстанғали Қадырұлы журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.  Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын насихаттауда халықтық коалиция жанындағы Жетісу облыстық қоғамдық штабтың сайлауға дейінгі атқарған жұмыстарына тоқталған Арыстанғали Арын үгіт ісіне кандидаттың 1254 сенімді өкілі тартылғанын атап өтті. Саяси науқанда қарқынды жұмыс жүргізген қоғамдық штаб өкілдері ағымдағы жылдың 12-қыркүйегінен бастап, 18-қарашасына дейін барлық аудан, ауылдарда 1587 іс-шара ұйымдастырған. Осы шараларды ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 100-ден аса мақала жарық көріп, әлеуметтік желілерге 94 мыңнан астам жазба-пост салынды.

–  Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында облысымызда түрлі шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ сыртқы жарнамалар бойынша облыс көлемінде 27 орын белгіленіп, барлығына билбордтар ілінді. Үгіттік баспа материалдарын тарату жұмыстары да қарқынды жүзеге асып, оған «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының 305 мүшесі ақылы негізде жұмысқа тартылды. Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде 418 сенімді тұлға және «AMANAT» партиясының 836 бақылаушысы жұмыс жүргізді. Осындай ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде Жетісу облысының халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлыда Exit poll қорытындысымен танысуға келгенде Жетісу облысы тұрғындарына ерекше алғыс айтып, мерейімізді одан әрі тасытты, – деген Арыстанғали Арын  өздерін әлі талай қызу әрі қауырт жұмыстар күтіп тұрғанын айтты.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ